- Advertisement -

Халық Қаһарманы Қайрат ты ұмытпаймыз

150

- Advertisement -

Мәкен УАҚТЕГІ,
Желтоқсан көтерілісі мен Қайрат
Рысқұлбеков өмірін зерттеуші,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Облыстың 80 жылдығы дегенде 1986 жылдың желтоқсаны да еске оралады. Иә, Желтоқсан көтерілісі десек, көз алдымызға ең алдымен қыршын ғұмырлы Қайрат Рысқұлбековтің жарқын бейнесі оралатыны жасырын емес. Яғни Қайратты – Желтоқсанның алтын діңгегі десек те болады. Тоталитарлық жүйенің қатыгез қитұрқылығынан оған «Тележурналист Савицкийді өлтірді» деген жала жабылып, өлім жазасы тағайындалғаны белгілі. Осы жолдардың авторы мен, әлденеше мәрте әуреге түсіп, Семей қаласындағы СЕ-165/1 түрмесінің ол жатқан №21 камерасына Қайраттың мәйітін көрген дәрігер-сарапшы Болат Шалағановпен 1993 жылдың 27 шілдесінде бірге кіріп, жан-жақты пікірлесе келе жас боздақтың өміріне қастандық жасалғанына көз жеткіздік. Содан бастап сең қозғалғандай болып, қоғамдық ұйымдардың ықпалымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Президентіміздің Жарлығымен Қайрат Рысқұлбековке Халық Қаһарманы атағы берілді.
Қайраттың сол бір ызғарлы күндері қаракөз қыздарымызды қорғау ниетімен алаңға шыққаны көпшілікке мәлім. Жендеттер шашынан сүйреп бара жатқан бойжеткенді бір милицияның қолынан құтқарғанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Сондай-ақ алаңда жиналғандарға «Жігіттер үш күнге шыдайық, үш күнге шыдасақ, даусымыз БҰҰ-ға жетеді» деген жалынды сөзімен «үш әріп» өкілдерінің назарына «ұйымдастырушы» ретінде ілікті. Қайраттың айрықша қасиеті өз өмірінің қыл үстінде тұрғанына қарамастан безбүйрек тергеушілерден ұстазы, Алматы сәулет-құрылыс институтының сол кездегі доценті Әркен Уақовты қорғап қалу үшін «алаңға өзіміз шықтық, ол кісіні танымаймын» дегенін біреу білсе, біреу біле бермейді.
«Аққа Құдай жақ» дегендей, Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары 1992 жылы 21 ақпанда Республика Жоғарғы Соты Пленумының шешімімен түгелге жуық ақталды. Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбира сынды боздақтардың есімдерін исі қазақ жұрты құрмет тұтады. Жер-жерлерде олардың рухтарын еске алып, игі іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Республика көлемінде ғана емес, Қайраттың балғын балалық шағы өткен киелі Шу өңірінде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жас ақындар мүшәйрасы, түрлі спорттық жарыстар тұрақты өткізіліп келеді. Тараз қаласында оның атында саябақ та бар. Облыс әкімінің бастамасымен Қ.Рысқұлбеков атындағы демалыс орны қайта жаңғыртылып, онда Халық Қаһарманының ескерткіші орнатылды.
Қайрат Рысқұлбековтің есімі жас ұрпақтың жадында мәңгілікке сақталып қалары анық!

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support