- Advertisement -

Лебіздер легі

86

- Advertisement -

Асанәлі ӘШІМОВ,
Халық әртісі, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты:

Кәрі Тараз, қарт Әулиеата! Туып-өскен, топырағына қанымыз сіңген өлке. Арғы жағындағы Сарысу деген саялы мекен, аяулы мекен ыстық бізге. Жыл сайын барып, аунап-қунап, сәлем беріп қайтамыз. Әр жетістігіне, биігіне қуанамыз ол жақтың. Әулиеатаның аты аталса, тақымымызды қысып отыратынымыз бар. Биыл құрылғанына 80 жыл толыпты бұл аймақтың. Елге жаны ашитын, ел десе еміренетін азаматтар игі істерді атқарып жатыр. Қуаныштымыз!
Бұл өңір қазақ мәдениетіне, руханиятына, өнеріне өлшеусіз үлес қосты. Тап қазір ескерткіші қойылып, есімі ұлықталып жатқан Қордайдың Кенені – екі тумайтын тұлға. Жамбылдың қай өңірі де мықтыларымен, нартұлғаларымен мақтана алады. Жуалы баһадүр Бауыржанды, Шерағамызды берді қазаққа. Сарысудың Ильясы, Сәулесі, Маралтайы, Меркінің күміс көмейлі Алтынбегі, ауылда тұрып Алашқа аты танылған Құлан өңірінің Қуандық Шолағы халыққа қызмет етіп жүр. Өнер деген әз ортада жүрген өзге де азаматтарымыз қаншама!
Облыстық қазақ драма театрына менің ұстазым, қазақ өнерінің корифейі Асқар Тоқпановтың есімі беріліп, алдына тасмүсіні қойылатынына тағы масаттанып отырған жайымыз бар. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің жаңғыртылып, көптеген мәдени, рухани нысандар ел игілігіне беріліп жатқанынан хабардармын. Мұның барлығы өңір халқының игілігіне жарап, Тараз шаһарының сәулетін аша түсетініне бек сенімдімін.
Туған жеріміздің түлей беруіне, жаңғыра түсуіне, жаңаша сипат алуына қай кезде де тілекшіміз. Сексен жылдық мерейтой сарабдал істерге бастасын!

Әкім ТАРАЗИ,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты.

Жамбыл – мен үшін жұмақ мекен. Бұл өлкенің мен үшін тауы да, тасы да ыстық. Кие дарып, құт қонақтаған аймақты қашанда мақтан тұтамын. Бұл жерде әдебиет пен мәдениетке еңбегі сіңген талай тектілердің кіндік қаны тамған. Ал Тараз – тарихтың өзі, көненің көзі мен сөзі. Ғасырлардың куәгері. Қарахан мен Айшаның арасындағы нәзік сезім иірімдері ықылым заманнан бергі айтылып келген, айтыла беретін таусылмас әңгіме екені даусыз.
Тарихпен тамырлас өңірге келген сайын жүрегімді әдемі бір сезімдер тербеп тұрады. Өйткені аймақтың адамдарының жүзінен жылылықтың лебі еседі. Олардың жанарынан от ұшқындап тұрады. Отпен қатар мейірім де бар. Жамбыл жері сонысымен де қымбат, қадірлі дер едім.
Биыл облыстың құрылғанына, ірге қалағанына 80 жыл өте шығыпты. Зулаған уақыт-ай десеңші. Осыншама жылдар бедерінде көне шаһар сан түрлі құбылған реформаларды көрді. Ал бүгінде Жамбыл жері құлпырып келеді, жайнай түсті. Мұның бәрі азаттықтың арқасы. Сексен жылдық мерейтой құтты болсын, ақынның атындағы өңір! Елдің жайын ойлаған азаматтар облысты көркейте берсін! Тек жақсылық болсын дегім келеді!

Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ,
физика-математика ғылымдарының
докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толу мерейтойына байланысты кіндік қаным тамған жеріме бүгін алғысымды білдіруді жөн көріп отырмын.
Туған өлкем! Қазағымның берекелі тұрағы, алтын бесігім, аспан тіреген Алатауым мен Қаратауымды сыйдырған қазағымның пейіліндей кең далам! Мен алған асуларым мен бағындырған белестерімнің бәріне сенің және дархан көңілді халқымның арқасында қол жеткіздім.
Менің білімге деген, білуге деген құштарлығымды арттырып, ғылымның биігіне итермелеген – Жамбылым және құт мекенімнің салт-дәстүрі, ғылымды, білімді қадірлей білетін отансүйгіш, ер көңілді, ақ ниетті қазағым.
Туған өлкем, сенің облыс ретінде өз алдыңа жеке өңір болғаныңа биыл 80 жыл толуымен құттықтаймын! Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өніп, көркейген Мәңгілік Ел бол, көркейе бер!

Алтынбек Қоразбаев,
композитор, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты.

Облыстың 80 жылдық тойы – біз үшін үлкен мереке. Жамбылдың қасиетті топырағы маған да қымбат. Облыстық «Алатау» ансамблінде өнер көрсеттім, облыстық филармонияда (қазіргі Кенен Әзірбаев атындағы) бірнеше жыл директор болдым. Тамаша әндерімнің біразы Жамбыл жерінде өмірге келді. Жамбыл жері өнерімді шыңдады, ару қала Алматыға кетерімде ғажайып адамдары ақ жол тіледі.
Жамбылдың ән өнері дегенде Сауытбек, Кенендерден сөз бастаймыз. Он саусағынан күй төгілген Әбдімомын Желдібаевтың өзі бір төбе. Әсем әндерімен Алашқа танылған Мейрамбек Беспаев, Досымжан Таңатаров, Мөлдір Әуелбекова – елдің мақтанышы десек болады. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері, мәдениет қайраткерлері Анна Вундер, Разия Мәдіханова, мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев ән әлемінің нағыз шеберлеріне айналып отыр. Кезінде құрамында өзім өнер көрсеткен «Тараз» триосы маған сондай ыстық.
Жамбыл жұртшылығын 80 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын. Әр отбасына амандық, жақсылық, бақыт тілеймін. Еліміз тыныш, әр шаңырақта ырыс болғай!

Илья Жақанов,
жазушы, композитор, өнер
зерттеушісі, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері, «Отан»
орденінің иегері.

Облыс – Қазақстандағы ең бір сәулетіне сәулет қосқан аймақ. Жамбыл жері – берекелі жер. Қай жағынан алып қарасақ та, адамдары жарқын жүзді. Тарихы тереңнен тамыр тартып жатыр.
Жамбылдың елі де бай, жері де бай. Сексен жылдық тарих шуақты, сәулелі сәттермен жалғасын тапсын. Жақында өңірге бардым, Таразды көрдім. Келбеті сұлуланып, ажарланып кетіпті. Тамсанып қарайсың. Жамбылдың қай жері болсын, сұлу, табиғаты жайлы, жанға дауа.
Аймақ әлеуметтік-экономикалық жағынан да, мәдениетімен де ешкімнен кем түскен емес. Мейірбан халқының кең пейілі де жүректі жылыта түседі.
Ерсіз ел дамымайды, өңір өркендемейді. Сондықтан елімізді өркениет жолына салып отырған Президентімізге көп рахмет! Сонымен қатар аймақтың ажарын ашып, келбетін келістіріп жатқан облыс әкімінің де жұмысы жемісті болсын дегім келеді. Сексен жылдық тарих аз уақыт емес. Жамбыл жерінің әлі де көркейіп, өркендей түсетіні сөзсіз деп білемін. Мен соған бек сенемін. Мерейтой құтты болсын, жерлестер!

Тұңғышбай әл-Тарази
ЖАМАНҚҰЛОВ,
актер, режиссер, өнертану
кандидаты, ҚР халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

«…Аса деп аталатын өзен бар. Менің балалық шағымның, бал күндерімнің куәсіндей болған осы онша үлкен емес, адуын да емес, сабырмен ағатын су арнасы – мен өскен төңіректің күре тамырындай да еді…
Барлық нәрсенің байыбына бара бермейтін балалықтың ауылында жүрген кезімізде, ол өзеннің басы қайдан басталатынын, қайда барып құятынын да қаперге ілмеген екенбіз. Әйтеуір, Аса деген аты неден қойылған екен деп, бозбалалар болып тон пішіп жататынбыз. Біреуіміз «менің естігенім, бір кезеңдерде қатты тасқын болыпты-мыс, талай адамды сол тасқын асап алып кетіпті-міс, содан атын Аса деп қойған екен», екіншіміз «жоқ, кезінде бұл өзеннің ағысы өте қатты болған екен-міс, кемерінен асып, тасып ағады екен-міс, мінезі асау аттай бой бермейтін болған соң, асау өзен, яғни Аса деп аталған екен» деп өзара әңгіме етіп жүретін едік…». Естелік жазбаларымның бірінде осылай ой өрбіткен мен бала жастан әлдеқашан дана жасқа келсем де, туған топырақ жайлы сөз болғанда жүрегімнің бір түкпірінде балалық сезімдердің селт ете қалатыны бар.
2000 жылдан астам тарихы, Тараз сынды тамыры тереңде жатқан шаһары бар менің туған өлкем – Жамбыл облысының құрылғанына да міне, 80 жыл толыпты. Қазақтың кең-байтақ даласындағы басын ақ қырау шалған айбынды Талас, Қырғыз Алатауы мен қойнауы мыңғырған малға, жайқалған егінге толы Қаратау бөктерінде орын тепкен өлкемізде бағыма орай, маған көбіне тереңдік кездесті. Мен олардан биіктіктің мұңын, тұңғиықтың сырын ұқтым… Ерімбет Қонақбаев ағай тереңдікке үйретіп, саяздың саз балшығына өкпе артудың жөні жоқтығын жетеме жеткізген алғашқы ұстазым еді…
Сан саланың талай тарландары топырағында құлын-тайдай тебісіп өскен киелі Әулиеатаның даңқы әлі де сан ғасырға шарықтайды деп сенемін. Торқалы тойларың құтты болсын, жамбылдық жерлестерім!

Әбдімомын Желдібаев,
күйші-композитор, ҚР-ның
еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Облысымыздың 80 жылдық мерейтойына тыңғылықты дайындықпен, зор табыстармен жеттік. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов келгелі тыным көрмей, талай шаруаны жүзеге асырғанын көзіміз көріп, сүйсініп, батамызды беріп отырмыз. Өңір басшысы өнердің көсегесін көгерту жолында да көп іс тындырды. Облыстық филармонияға Кенен Әзірбаевтың, облыстық қазақ драма театрына Асқар Тоқпановтың есімдерінің берілуі –Жамбыл халқы үшін ерекше қуаныш. Аталған тұлғалардың тұғырлы ескерткіштері қойылып жатқаны да жұрттың ризашылығын тудырып отыр.
Мәдениет пен өнерге жасалып жатқан жақсылықтар өте көп. Мұндай қолдауларды аудандар да сезініп отыр. Сондықтан атқарылған жұмыстарға көңіл толады. Әулиеата – талайға тұғыр болған қасиетті өлке. Осы өлкеде талай текті тұлғалар, ғұламалар ғұмыр кешкен. Жас ұрпақ осы өлкенің өнегелі тарихымен мақтана алады.
Барша тұрғындарды облыстың 80 жылдық тойымен шын көңіліммен құттықтаймын! Облыстың өркендеп дами беруіне, әр шаңырақтың шаттыққа кенеле беруіне тілектеспін!

Жақсылық Үшкемпіров,
грек-рим күресінен қазақтан
шыққан тұңғыш Олимпиада
чемпионы.

Мен қай кезде де туған жерімді, елімді ұмытпаймын. Әрдайым Жамбыл жерінің жетістігіне қуанып жүремін. Ер әр уақытта елімен бірге жасайды. Жұртының алғысына бөленген азаматтың алды ашық.
Кейде көңіл толқиды. Мен Олимпиададан жеңіспен оралған соң Димаш аға Қонаев көмекшісі арқылы мені іздестіріп, Алматы маңындағы Қайрат деген елді мекендегі демалыс орнына апарды. Ол кісі Грекиядан оралған екен. «Сондағы Олимпиада тақтасынан сенің атыңды көрдім. Толқыдым, қанаттандым. Қарағым, Жақсылық, өзің онда болып па едің?» деді. «Иә, болғанмын Димаш Ахметович» дедім. Ол кісі мені қолтығына алып, құшып: «Жастар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ болса да, ел мен жердің атын шығарған Жақсылық сияқты жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны даусыз. Бұл «менің бір жапырағымды» ұмытпаңдар, қолдаңдар, мақтан етіңдер. Жақсылық сияқты жастар – біздің жарқын болашағымыз, мақтанышымыз. Жақсылықтар – жастардың рухын көтеретін нағыз азаматтар» деп толқи сөйлегені есімде. Осындай сәттер жүректен қалай өшсін?!
Біз елдің адамымыз. Жамбылым қазір жайнап кетіпті. Естимін. Қуанамын. Мерейтой құтты болсын. Елдің жайын ойлаған басшылардың ісіне Құдай береке берсін! Сексен жылдық жылнамамен өрнектелген тарих мәңгі әрі баянды болсын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support