- Advertisement -

«Мен көктемнің жыршысымын»

53

- Advertisement -

Сурет өнерінің ішінде портрет салудың асқан шебері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Тоққожа Қожағұлов туралы деректі фильм түсіргенім бар. Әлемнің жақын және алыс елдеріндегі суретшілерді тегіс мойындатқан замандасымның «Қарасай батыр», «Райымбек», «Жамбыл» портреттерін көргенде қайран қалдым.
– Тоққожа, сен қандай бақытты адамсың, сурет өнерінің нағыз хас шеберісің ғой! Мына ғажап дүниелерге ешқандай өнер атаулы жете алмайды, – дедім суретші бауырымның шеберлігіне сүйсініп.
– Әрине, сурет өнерінің шоқтығы биік, дегенмен, поэзияға, жыр маржанына ешбір өнер таласа алмайды, – деп еді сонда Тоққожа ағынан жарылып.
Жақында менің қолыма поэзия әлеміне енді құлаш сермей бастаған Салтанат Бодықованың «Мен көктемнің жыршысымын» атты шағын жинағының қолжазбасы түсті. Ойлы, сырлы, көктемнің таңғы шығындай мөп-мөлдір жырлар мені бірден баурап алды. Салтанат өзінің «Жазғы жаңбыр» атты өлеңінде:
«Жазғы жаңбыр, өзіне ғашық қылды,
Қуанып, қос қолымды тосып тұрдым.
Тамшылар қытықтады өн бойымды,
Алыстағы арманыма асықтырды, – деп жырлайды. Әсерге толы, бейнелі, ойлы өлең. Жазғы жаңбырдан кейін әсем Алматы қалай тазарып қалса, жыр маржанын оқыған адамның жан-дүниесі осылай тазарып, жүрегі жадырап сала береді.
Жас ақынның «Мен көктемнің жыршысымын», «Алатау», «Қысты да сағынады бұл адамдар», «Жолаушымын қарсы жүзген ағысқа», «Арыммен әдемімін», «Ғашық етті» және басқа да өлеңдерінде әдемілік, сұлулықпен қатар қазақ бойжеткеніне тән нәзіктік пен қайсарлық, өмірге деген ғашықтық пен құштарлық бар. Алыстан жолаушылап шөлдеп келе жатқан адам кәусар бұлақтың басына тап болғанда, шөлі қанбай, бастау суын іше бергісі келеді. Мен Салтанат Бодықованың жүректен шығып, жүрекке жеткен жырларын оқығанда осындай күй кештім.
Аталған жинаққа ақынның бір топ өлеңдерімен бірге бірнеше мөлтек әңгімелері кіріпті. Салтанаттың өлеңмен қатар проза жанрын да жақсы меңгергенін аңғаруға болады. Ол бүгінгі қазақ прозасына тән қысқа әрі тұжырымды жазыпты. Алақандай ғана әңгімелерінен кәдімгі өмір, сан қилы адамдардың мінезі, жақсылық пен жамандық көрініс тапқан. Ойланасың, әсерге бөленесің. Орыстың классик жазушысы А.Чехов: «Қысқа жазу – таланттың қарындасы» деп бекер айтпаса керек.
Жинақтың «Өмір туралы ой оралымдары» бөлімінде Салтанат бүгінгі заман, қоғам, адамдар жайлы ой қозғап, ертеңгі күнге деген көзқарасын да көрсетіпті. С.Бодықованың қолдарыңызға тигелі отырған «Мен көктемнің жыршысымын» атты тырнақалды жинағында ұмтылыс, ізденіс, тау бұлағындай мөлдірлік пен таңғы шықтай тазалық бар. Мен соған қуандым.

Доғтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support