- Advertisement -

Шоқтығы биік Шорабек ақын

477

- Advertisement -

Қасиетті Әулиеата топырағы, аумағына бақ қонған Жамбыл жері айтыс әлемінде де талай тұлғаларды тудырғаны белгілі. Жыр алыбы Жамбылды, серілердің соңғы сарқыты атанған Кененді өмірге әкелген қастерлі өлке өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері қарай да бірнеше азулы айтыскерлерге құтты мекен болды. Солардың бірі – қалжыңмен жыры өрілген, толғанса тарих төгілген, шың басынан көрінген айтыскер ақын Шорабек Айдаров.

Шорабектің төрт жасқа дейін «р»-ға тілі келмепті. Кеңшарда шопан болған әкесі Бәтейдің досы Төскебай деген дүкенші, саудагер кісі екен. Малшылардың ауылына түрлі зат, азық-түліктер апарады. Бала Шорабек жап-жаңа ойыншықтарға қатты қызығады. Төскебай баланың тілін қызықтап:
– Радио десең беремін, – депті. Сонда Шорабек анасына қарап: «Апа, сөйлегіш десем беймей ме?» – депті. Төскебай: «Жарайды, сиыр десең беремін» – депті. Сонда Шөкең: «Апа-ау, тана десем беймей ме?», – депті. Сонда Төскебай: «Бәтей, сенің мына Шорабегің алашқа белгілі адам болады. Тегін емес», – деп ақ ниетімен болжам жасаған екен.
Шорабек Бәтейұлы қолына домбыраны кеш ұстайды. 1984 жылы 29 жасында қоңыр домбырасын қолайсыздау қағып-қағып жіберіп, облыстық айтыс додасына алғаш түскен екен. Өнер жанашыры Жүрсін Ерманның да телеайтысты жүргізуі, міне, осы жылдардан басталған. Алайда ол кезде Ш.Айдаровқа республикалық деңгейде айтысуға мүмкіндік туа қойған жоқ.
1987 жылдардан бастап айтысқа шәкірт даярлай бастаған. 1988 жылы Талас ауданы Үшарал ауылында Ұлбике Жангелдіқызының құрметіне өткен аудандық айтысты аудандық Мәдениет үйінің режиссері Жұмабек Жолдыбеков екеуі ұйымдастырып, сол жыр додасында шәкірті Үміт Битенова бас жүлдені иеленеді. Ал өзі араға екі жыл салып, 1990 жылдың жадыраған жазында аудан орталығы Ақкөл ауылында Ұлбике ақынның рухына арнап өткізілген облыстық айтыста бас жүлдені олжалап, ақбоз ат мінді. Осылайша Шорабек Айдаров республикамыздағы айтыскерлер арасында ақбоз атты тұңғыш мінген айтыскер ретінде қалды. Осы жылдың желтоқсан айында еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласында ІІІ республикалық айтыс өтеді. Бұл қазіргі таңда он ақынды жинап, он күн сайын өткізіп жүрген жыр додасы емес. Еліміздің әр аймағынан 70 айтыскер жиналып, Республика сарайын төрт күн бойы думанға бөлеген айтыс аламаны болды. Осы дүбірлі додада Шорабек Бәтейұлы екі қарсыласын орта жолда қалдырып, шешуші кезеңге дейін еркін жетеді. Осы айтыста ғой, қайыстай қап-қара қарсыласына қарап:
– Құрдасым, сен де ақ маңдай, мен де ақ маңдай,
Қосылса екі ақ маңдай шам жаққандай.
Екеуміз ай мен күндей боп отырмыз,
Вагонға көмір артқан солдаттардай, – немесе:
Түріміз бейне біздің жонған таяқ,
Қап-қара қылып қойған қолдан бояп.
Жамбылдағы ГРЭС-тің бар мазуты,
Ұшып кеп бетімізге қонғандай-ақ, – деп алматылықтарды күлкіге көметіні. Ал шын мықтылар анықталар тұста шымкенттік айтыскер, кейіннен халық ақыны атанған Әселхан Қалыбековаға жұп болады. Айтыстағы аңызға айналған жеңгесіне де бой бермей, сауатты сөз қағыстырып жатқан кезде Әселхан: «Шорабек шопандардың қылқи нары» дейді. Шорабек ақын «Қылқи нар» дегенді «Құлқайнар» деп естіп, «Шаңыраққа қарап аз жатып па едің, жеңеше?» деп әзілге бұрады. Артынша жеңгесінің сөзін жөнді естімей қалғанын түсініп, жеңілгенін мойындап, орнынан тұрып кетеді. Аталған айтыстың қорытындысы бойынша Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Жадыра Құтжановаға бас жүлде беріліп, жамбылдық Шорабек Айдаровқа үшінші жүлде бұйырады. Осы кезде зал толы халық Айдаровтың адалдығына риза болып, ұзақ қол шапалақтаған екен. Осы жыр аламанынан тағы бір жерлесіміз Алтынкүл Қасымбекованың екінші жүлдемен оралғанын да жамбылдық айтыссүйер қауым әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Қазылар алқасының төрағасы Әбіш Кекілбайдың: «Жүлдеге жүйрік емес, жүйрікке жүлде таппай қиналдық», – дегені, міне, осы айтыс. 1991 жылдың жазында Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына арналған республикалық айтыста бас жүлде Шорабек Айдаровқа бұйырды.
1991 жылы қыркүйекте Талас ауданының Ойық ауылында әйгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының 220 жылдығы кең көлемде тойланып, ат шаптырып, үлкен ас берілді. Осы іс-шара барысында республикалық айтысты Шорабек Айдаров ұйымдастырып (әрі өзі айтысып), «Бөлтірік сөздері» атты кітаптың жарық көруіне атсалысқан болатын. Алматы облысының ақыны, марқұм Есенқұл Жақыпбеков осы айтысқа келе жатып:
– Біздің барар жеріміз Ойық екен,
Өсетіні жыңғыл мен мойыл екен.
Алыстан бір қарайған түйе көрдім,
Жақындасам Шорабектің мойыны екен, –
деп бір шумақ әзіл өлең шығарыпты. Оны айтыс жүргізушісі ақын, марқұм Нарша Қашағанұлы айтып беріп, елді қыран-топан күлкіге көмгені бар. Осы айтыста бас жүлдеге тігілген ақбоз атты Есенқұл Жақыпбеков иеленіп (Шорабектің досы), мерейінің өскені жадымызда. Ал Шорабек Айдаровтың аталған сөз сайысында шымкенттік Жәкен Омаровпен, жамбылдық шәкірті Мәдина Сәбденбековамен, алматылық Есенқұл Жақыпбековпен керемет қызықты айтыс жасағаны есімізде.
Осы жылдың қазан айында Алматы қаласында өткен республикалық айтыста Ш.Айдаров халық ақыны Әсия Беркенованы, шешуші айтыста халық ақыны Қонысбай Әбіловті ұтады. Бұл – айтыс тарихына жазылған шындық. Бұл жөнінде айтыскердің өзі:
– Алашқа атым мәлім Шорабекпін,
Жырымда дауылпаздай болар екпін.
Айтысып талай-талай үздіктермен,
Әсия, Нәсілханды орап өттім.
Әнеу жылы жеңдім де Қонысбайды,
Бардым-дағы үстіне қона кеттім.
Дегенмен мықтымын деп айта алмаймын,
Әселхан жеңгемізден сораң еттім, – дейді.
Шорабек Бәтейұлы Талас топырағында Қойгелді батырға, Барбол Тоқтықожаұлына, Көшек батырға арналған айтыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырды. Аталған ауданнан айтысқа 15-20 шәкірт дайындады. Олардың ішінде Ербол Қамбатыров, Біржан Сөктай, Шырынбек Қойлыбаев, Асқарбек Айдаров, Басқанбек Раев, Мәдина Сәбденбекова, Үміт Битенова, Райхан Мәселбекова, Олжас Отардың республика көлемінде талай айтыстардың жүлдегері атанғанын ескерсек, ұстаз ақынның айтыстың дамуына қомақты үлес қосқанын аңғару қиын емес. Өзі де облыстық айтыста 4-5 мәрте бас жүлдені иеленді. Республикалық айтыста да шоқтығы биік болды. Бір кездері өзі жеңілген Әселхан Қалыбекованы да кейіннен екі мәрте жеңгені бар. Оның алғашқысы 1994 жылы Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтің 100 жылдығына арналған республикалық айтыста жүзеге асады. Осы айтысқа Әселхан ақын да үлкен дайындықпен келеді. Тіпті қарсыласы Шорабекті менсіне қоймай:
– Ағайын, Шорабекті қолдаңдаршы,
Жүрген бір бейшара еді бағы ашылмай.
Дорбада желінбестен он күн жүріп,
Сақтардың қатып қалған қалашындай, – дейді.
Сонда Шорабек:
– Дегенде жеңгем деймін, жеңгем деймін,
Өзіңді ешбір жаннан кем көрмеймін.
Сақтардың қалашындай болсам-дағы,
Қадірлі не бар екен наннан деймін.
Байқұс деп мына мені аямашы,
Мен сізге оңайлықпен жан бермеймін, – дей келіп:
– Жеңгемнің Әсел деген аты қалай,
Бір өзі он кісіге татығаны-ай.
Астына абайсызда түсіп қалсам,
Шығуым аман екен екі талай, – деп бастырмалатады.
«Алдыңда иілді сан жігіт басы,
Оны өзің саралап, сұрыпташы.
Еркектің бәрін жеңдің жеңешетай,
Олардың да обалын ұмытпашы.
Томпайған бүйіріңнен айналайын,
Секілді динозавр жұмыртқасы, –
деп бет қаратпай жеңеді. Осы айтыста Ш.Айдаров бас жүлдені иеленіп, темір тұлпар мінеді. Бұл жалпы айтысқа тігілген алғашқы автокөлік болатын. Айтпақшы, осы 1994 жылғы Алматыда өткен Наурыз айтыста да Шорабек Айдаров бас жүлдені олжалап қайтқан еді. 1993-1994 жылғы қыс өте қатты болып, қар алты ай ерімей жатып алды емес пе? Шоқ тілді Шорабек сол айтыста: «Малдары көп қырылған жақтан келдім» деп ауданның ахуалын әзілге орап, іркілмей айта білгені бар.
Осы жеңістерінен кейін республикалық айтыстарда біраз жыл бойы Шорабек ақынның жолы болыңқырамай жүрді. Айтыс өтпей қалған уақыттар да болды. 1997 жылы кезең-кезеңнен тұратын (әр кезеңге 8 айтыскер шақырылған) аламан айтыс болды. Осы айтыстың алғашқы сегіздігінде Шорабек Айдаров жасындай жарқылдады. Әуелі шымкенттік Лена Әбдіхалықованы өткір әзілімен айқын ұтады. Тіпті халық та Шорабегін сағынған екен. Өзінің әйгілі мақамымен: «Е-е-ей, ағайын!» дегенде, Шөкеңнің шумағы басталмай жатып, көрермендер тоқтамай ұзақ уақыт қол соғып, құрмет көрсеткен екен. Артынша Шорабек «Жеттік-ау, бір айтысқа өліп-талып», – дегенде де елдің көрсеткен қошеметі өте жоғары болыпты. Сол жылы астанамыз Ақмолаға ауысып, облыстарды, аудандарды біріктіру науқаны жүргізілген. Лена ақын болса бойдақ еді. Шорабек ақын осы жағдайды:
– Жеңгеңе келдім бүгін бағынбай бір,
Ленаға арнайыншы лағылдай жыр.
Қосылып қос облыс жатқан кезде,
Астана екеу болып жатқан кезде,
Серігің сенің неге табылмай жүр, – деп қарсыласының осал тұсын қоғамдық жағдаймен астастырып, шебер жырлай біледі. Ақтық сында әйгілі Әселхан Қалыбекованы ұтып, өз тобында көш бастайды. Осы айтыстың қорытынды кезеңінде қарағандылық Қуаныш Мақсұтовты ұтып, бас жүлдеге барар жолда жас пері Оразалы Досбосыновқа (марқұм) есе жіберіп, жүлделі үшінші орынмен оралады.
Шорабектің бұдан өзге де жүлделері, бұдан өзге де тапқырлықтары өте көп. Айтысқа 35 жылға жуық адал еңбегін сіңірді. Айтыстағы ұзақ жылғы еңбегі өз деңгейінде еленбеді десек артық айтпаспыз. 2015 жылы таластықтар Қаратау қаласында Шорабек Айдаровтың 60 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті. Астына ақбоз ат мінгізіп, оған «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ақынның құрметіне арнап өткен республикалық айтыста Айнұр Тұрсынбаева бас жүлде алды.
Таластан шығып алашты мойындатқан Шорабек Айдаров шығармашылығының біз білетін бір парасы осындай.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support