Шайқорықтағы қуаныш

Қазақстанның Еңбек ері Мұқаш Ескендіров ауылға шағын спорт алаңын жасатып берді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру аясында еліміздің барлық өңірінде игі істер атқарылып жатқаны белгілі. Оның шапағаты жамбылдықтарға да тиіп отыр. Шайқорық ауылында ашылған шағын жасыл алаң – сөзіміздің дәлелі.
Бұл – Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіровтің шайқорықтықтарға арнаған тартуы. Аталған балалар ойын алаңына осы ауылдың тұрғыны болған, еңбек ардагері, кеңес заманында «Шайқорық» кеңшарының құрылуына атсалысып, ұзақ жылдар сол кеңшарда басшылық қызметтер атқарған Манас Оразбаевтың есімі берілгенін де ауыл азаматтары тегіс мақұлдап, қолдайды.
Спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова көпшілікті құттықтап, аталған ойын алаңын салуға демеуші болған Мұқаш Ескендіровке аудан тұрғындарының атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Ауданда бүгінде 153 спорт нысаны болса, оларда 10 мыңға жуық адам жаттығады.
Бұдан кейін Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров те ауыл тұрғындарын құттықтап, осы спорт алаңынан чемпиондар шығуына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ депутат пен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков балаларға алып келген базарлықтарын Шайқорық ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаевқа табыс етті.
Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ел журналистикасының ардагері Баттал Жаңабайұлы көпшіліктің қуанышымен бөлісіп, Манас Оразбаев жөнінде естелік айтты.
– Манас Әбдіғапарұлы осы «Шайқорық» кеңшарының іргесін алғашқы күннен қалаған, ұзақ жыл кеңшар директорының орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған кісі. Осы ауылға еңбегі өте көп сіңген. Сондай-ақ жұбайы Шакизада екеуі он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасының бірі еді. Перзенттерінің бәрі білімді, ел игілігі үшін қызмет етіп жүр. Махаңнан қазір 48 немере, 70 шөбере тарап отыр. Әсіресе баласы Жанболат Оразбаевқа алғыс айтамын. Осындай ұлағатты кісінің атындағы жасыл алаң құтты болсын! Шайқорықтан чемпиондар шыға берсін! – деді журналистердің ақсақалы Б.Жаңабайұлы.
Спорт алаңының лентасын Мұқаш Ескендіров, Баттал Жаңабайұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, еңбек ардагері Серік Лесбаев қиды. Бұл спорт алаңында балалар бір мезгілде кіші футбол, волейбол ойнап, күрес түрлерімен шұғылдануға мүмкіндіктер қарастырылған. Осында жүзге жуық бала жаттығады деген болжам бар.
Біз барғанда кіші футбол ойнап, кілемде күресіп жатқан балалардың үстінен түстік. Бәрінің жүзінде шаттық бар.
Мәселен, 11 жасар Ермек Тілеген мен Ерсұлтан Қалабай күрестен аудан чемпиондары. Кішкентай Нүркен Асқарбек пен Нұрислам Жайнар да болашақта күрес түрлерінен чемпион болуды армандайды. Ал футбол алаңында 7 жасар Жандос пен Димаш Сейіттер жүр. Жүздері жайнаған балаларды сөзге тарттық.
– Бәріміз осында Шайқорық орта мектебінде оқимыз. Футболмен үш жылдан бері інім Бақтияр екеуміз айналысамыз. Аудандық жарыста жүлдегер болып жүрміз. Бірақ біз Тараздағы ТИГУ-дің спорт кешеніне барып жаттығып жүрген едік. Енді өз ауылымыздан спорт алаңы ашылды. Таразға әуре болмай, осында жаттығамыз. Өте қуаныштымыз! Демеуші, жанашыр ағаларға рахмет, – деді футбол үйірмесіне қатысушы, оқушы Ерасыл Батырбек.
Жиынға Манас Оразбаевтың ұл-қыздары, ұрпақтары көп жиналған екен. Екінші қызы Баян әке-шешесін еске алып, көзіне жас алды.
– Ата-анамыздан өсіп-өнген перзенттердің ішінде үлкеніміз Әсима, Серік, Бақыт деген бауырларым өмірден озды. Осында Гүлсина, Бағила, Ұлбосын, Фатима, Жанболат, Нұрболат келіп отыр. Әкеміз бен анамызды ардақтаған елге басымызды иіп, риза болып тұрмыз, – деп толғанды ол.
Жиын соңында Манас Оразбаевтың құрметіне құран оқылып, ас берілді.
Ал жаңа, заманауи спорт алаңында Шайқорықтың жастары алғашқы жаттығуларын бастап та кетті. Бұған ауыл тұрғындары дән риза.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/