- Advertisement -

Биыл 8 жоба жүзеге асырылады

40

- Advertisement -

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуға басымдық беріліп отыр. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстар соның нақты дәлеліндей.
Бүгінгі күні аудан бойынша 4392 шағын және орта бизнес нысаны тіркелген болса, оның ішіндегі нақты жұмыс істеп тұрғандары 4016 немесе 91,4 пайызды құрап отыр. Ал 8,6 пайызы түрлі себептерге байланысты жұмыстарын уақытша тоқтатқан. Аталған кәсіпкерлік нысандарының 3-еуі – орта, 152-сі – шағын кәсіпорындар, 2023-і – жеке кәсіпкерлік құрылымдары. Ал шаруа қожалықтары 2214-ке жетіп, саладағы сандық үлесі 50 пайызды құрап отыр.
Аудан бюджетіне биылғы жылдың бірінші тоқсанында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары тарапынан жалпы сомасы 40 миллион 9 мың теңгені құрайтын салықтық түсім түсті. Оның көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3 миллион теңгеге артқаны байқалуда. Ал заңды тұлғалар аудан қазынасына 138 миллион 566 мың теңге сомасында салықтық аударым жасады. Соның нәтижесінде салық түсімі былтырғы жылдағыдан 76,0 миллион теңгеге артты.
Аудан кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен көмек те мол. Қазірдің өзінде «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізу мен несие алу бағытында 80,6 миллион теңгенің 4 жобасы іске асты. Сондай-ақ жалпы құны 50 миллион теңгені құрайтын 3 жобаның құжаттары әзірленіп, өткізілді. Бұл жұмыстар одан әрі де жалғасын таппақ.
Бүгінде елімізді Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы бойынша «Шақпақжолсервис» ЖШС қолға алуымен 161 миллион теңгенің битум зауытын салу жобасы жүзеге асырылу үстінде. Биыл сондай-ақ «Жуалы сүт өнімдері» ЖШС-ның жалпы құны 100 миллион теңгені құрайтын сүтті тереңдете өңдеу жобасы хат негізінде тиісті орындарға жолданды.
Қазіргі уақытта өңірлік «Береке-3» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Осыған байланысты ауданда «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағытында құрылған арнайы жұмысшы тобы өз жұмыстарын бастап та кетті. Топ мүшелері бекітілген іс-шараға сәйкес 14 ауылдық округті аралап, тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырды. Соның нәтижесінде биыл – 76, 2020 жылы – 44, 2021 жылы – 26 жоба аясында тиісінше жұмыстар жүргізу көзделіп отыр. Аталған жобалар тізімін тиісті мәліметтерімен қоса жинақтап, оларды қаржыландыру ісін екінші деңгейлі банктермен бірлесе жүзеге асыратын боламыз.
Ауданда кәсіпкерлік нысандарына несие беру ісімен 4 микрокредиттік ұйым айналысуда. Осы ұйымдар арқылы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 1043 азаматқа 557 миллион 863 мың теңге көлемінде несие берілді.
Сондай-ақ тұрғындарды жаппай кәсіпкерлікке тарту мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы тарапынан «Бизнес Бастау» жобасы бойынша оқыту, үйрету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні алғашқы лекте 52 азамат арнайы оқытумен қамтылып отыр. Келесі лектерге тіркелгендердің саны 236 бірлікті құрайды. Бұл бағытта оқуды аяқтап сертификат алған азаматтар 4-6 пайызбен 4 миллион теңгеге дейін несие алып, жаңадан кәсібін ашатын болады.
Осы орайда былтыр жалпы жобалық құны 26 350,0 миллион теңгені құрайтын 3 нысан ашылып, 67 азамат тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтуге тиіспіз. Ал ағымдағы жылы жалпы құны 9 миллиард 160 миллион теңгені құрайтын 8 кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 132 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Олардың қатарында сүтті тереңдете өңдеу, 120 орындық монша, су электр стансасын, «Қаралма» демалыс-сауықтыру кешенін, битум және кірпіш зауыттарын салу, құрылыс материалдарын шығару жобалары бар.

Талғат ӘМІРАЛИЕВ,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support