Әркім өзін қиянат тардан қорғай білуі керек

Әркім өзін қиянат тардан қорғай білуі керек
ашық дереккөз
Әркім өзін қиянат тардан қорғай білуі керек

«Бес саусақ бірдей емес», қоғам болған соң көпшілік арасында түрлі оқиғалар орын алып жатады. Бірі дау-дамайға ілінсе, келесісінің құқығы тапталып жатуы мүмкін. Себебі өмір атты өзеннің бойы теп-тегіс емес, оның да арнасы бұралаң жолдар мен кедергілерден тұратыны белгілі. Ал ондай тосқауылдарға соқтықпау үшін әркім өз міндетін білгені абзал. Облыс әкімдігі ғимаратында осы тақырыпты қозғаған семинар-тренинг өтті. Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері талқыланған іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтандағы бағдарламалар офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо ашып, өзгеше форматтағы семинар жұмысына сәттілік тіледі. Басқосудың бірінші бөлімін жүргізген ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев қатысушыларға сұрақ қою арқылы аудиторияның құқықтық сауаттылығын тексеруге тырысты. Ең өткір мәселе – адам құқықтары жайлы түсінікті тереңдету мақсатында сөзін слайдтар арқылы дәйектеді. Басы дау-дамайға қалып, оны шеше алмаған әрбір адам жүгіне алатын органдар, оның ішінде қазақстандықтар үшін ең соңғы инстанция болып құрамына 193 ел енген Біріккен Ұлттар Ұйымы саналатынын тайға таңба басқандай айтты. Сондай-ақ «Адам құқықтары жоғары құндылық екеніне тоқталған Тастемір Дәуітұлы: «Әрбір адам аталған ұйымның Азаптауға қарсы, Әйелдерге қатысты кемсітушiлiктi жою, Нәсілдік кемсітушілікті жою және Адам құқықтары жөніндегі 4 комитетіне жүгіне алады», – деді. Ал ұйымға жүгінуші тұлға БҰҰ-ның 6 тілінің бірінде хабарлама жасайды. Қазақстандықтар үшін ең тиімдісі орыс және ағылшын тілдерінде толтыруы екен. Өйткені модератордың түсіндіруінше, мемлекеттік тілімізде жазылған құжат ұйымның негізгі тілдеріне аударылады, нотариалды түрде расталады. Сондықтан ол біраз уақытты ұстауы мүмкін. Семинардың екінші бөлімі «Қазақстан Республикасындағы Еңбек заңнамасы: жаңа нормаларға салыстырмалы талдау» бойынша өрбіді. Тақырып аясында аталған комиссияның сарапшысы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің азаматтық, еңбек және экология пәндері кафедрасының профессоры Светлана Жаркенова сөз сөйлеп, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді. Светлана Бақытқызының айтуынша, 2007 жылғыға қарағанда, 2016 жылғы Еңбек кодексі 22 бөлімге қысқарып, ескідегідей 358 бап емес, 204 бапты құраған. Мұндай тиімділік жұмысқа тұрушының жинайтын құжаттарын да азайтқан. Мәселен, соңғы заңнама бойынша, жұмыс беруші қабылданып жатқан тұлғадан әскери тіркеу (әскери билет және уақытша куәлік, әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлік) құжаттары мен тұрғылықты жері бойынша немесе уақытша тұратын мекен-жайы туралы анықтама көшірмесін сұратуға құқығы жоқ. Семинар-тренингте Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі, «Мedialife» қоғамдық қорының президенті Ольга Волкова адамның ақпарат алу құқықтарын қамтамасыз етудің халықаралық стандарттары мен еліміздегі ақпаратқа қолжетімділік туралы түсіндірді. Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңының негізгі ережелері бойынша, еркін ақпаратты әркім заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен алуына және таратуына конституциялық құқығы бар екендігін тілге тиек етті. Семинар-тренингтің соңғы бөлімі интерактивті диалог түрінде өткізіліп, қорытындыланды. Жиын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бес әлеуметтік бастамасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде де қолға алынған екен. Ұйымдастырушылар енді облысымыздың аудандарына да шығатындарын және ол өзге өңірлерде жалғасын табатындығын жеткізді.

Тараз қаласы.

 

Ұқсас жаңалықтар