- Advertisement -

Жүзден астам әйел бір күнде жұмысқа қабылданды

57

- Advertisement -

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы облыстық іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Бақуатты отбасы» жобасы аясында шай үстіндегі бейресми кездесу өтті. Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалованың бастамасымен қолға алынған іс-шараға Тараз қаласы мен аудандардан жүзден астам нәзік жандылар қатысты. Жиында әйелдерді жұмыспен қамту, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері көзделген-ді. Жалпы Тараз қаласында ерлерге қарағанда әйелдердің саны басымдау екені байқалуда. Демек, өңірдегі жұмысқа жарамдылардың басым үлесін әйелдер құрап отыр деуге негіз жоқ емес.
Бүгінде бұқара мен биліктің арасы жақындай түскен. Оны Үкімет тарапынан еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік ісін дамытуға ерекше көңіл бөлінуінің де жемісі деу ләзім. Соның арқасында соңғы кездері кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдердің де саны артып отыр. «Дүниенің тұтқасы – еркекте, кілті – әйелде, сыры – данада, қызығы – балада» демекші, бүгінде әйел – жар, әйел – кәсіпкер, әйел – ана екенін әсте ұмытпауға тиіспіз. Аталған жиынға қатысқан әйелдер қауымының да ұстанымы осы болды. «Қай жаста болса да кәсіпкерлікке ден қоюға болады. Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс көп. Кәсіптің түрі де сан алуан. Тек талап пен ынта болса болғаны», – дейді Айгүл Сағымбекқызы.
Сондай-ақ өңір әйелдерінің облыс демографиясының өсуіне де қосып отырған үлестері қуантарлықтай. Мәселен, өңіріміздегі перзентханаларда сағатына 77 сәби дүниеге келеді екен. Баланың болашағына, жақсы тәрбие, білім алуына да ананың сіңірер бейнеті зор. Осы күні кәсіпкер әйелдердің қатысуымен қабылданған «Бақытты отбасы» жобасы да аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасы мүшелерін кәсіби курстарда оқытып, жұмыспен қамтуды көздейді. Осылайша іскер әйелдер кеңесі әлеуметтік әлсіз топтар өкілдерінің әл-ауқатын көтеруге, гендерлік тепе-теңдікті шешуге батыл кірісіп кетті.
Жаңа форматта өткізілген басқосу барысында жоғары біліктілікке ие әйелдерді жұмысқа тарту жайы кеңінен қаузалды. Кездесуге қатысқан бизнес өкілдері де оларға түрлі жұмыстар ұсынып бақты. Мәселен, өңіріміздегі шыны шығаратын бірден-бір өндіріс орнының басшысы Натэлла Дзоценидзе, облыстық туризм қауымдастығының төрайымы Альбина Веймер әйелдерді өз кәсіпорындарына жұмысқа шақырды. Ал «Әйнек – Тараз» жауапкешілігі шектеулі серіктестігі, мейрамханалар мен қонақ үй рестораторлары, тігіншілер қауымдастықтары, «Дана-Дель» тігін шеберханасы, «Мамедалиева» жеке кәсіпкерлігі де бұл шарадан тыс қалмады. «Good look» ЖШС, «Новаком технолоджи» ақпараттық технологиялық орталығы, «Тони Моли» косметикалық сауда үйі, «Алтеза» брендтік жастар киімі, «Zerek» балалар орталығы, «Enigma models» сән мектебі, «Fissmarttaraz» сауда үйі, «NIKA» коммуникациялық дамыту орталығы, «Вкусная корзинка» және «Азамат-Тараз-Секюрити» ЖШС-лары бірден он әйелге дейін жұмысқа қабылдайтындықтарын айтып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Сөйтіп, бұл күні жүздеген әйел жоғарыда аталған кәсіпкерлік нысандарға жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ үкіметтік емес ұйым өкілдері, өңірлік кәсіпкерлер өз тараптарынан жұмыспен қамтуға тырысып қана қоймай оқу грантын да ұсынған еді. Кездесу барысында жұмыс істеуге, кәсіп ашуға ынталы әйелдер көпбалалы аналарға деген қамқорлығын көріп қуанып қалдық. Мұндай жүздесулер мен еркін форматтағы басқосуларды іскер әйелдер кеңесі алдағы уақытта да ұйымдастыруды жоспарлауда.

Тараз қаласы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support