Қызым (Айжан-Сараға)

8

Жібек-жіптің шумағы сенсің, қызым,
Күміс шашбау бунағы сенсің, қызым.
Қасиетті қазынам бір өзіңсің,
Туған айдай сызылған мінсіз қызым.

Жұпар атқан жалбызым сенсің, қызым,
Білсең жарық жұлдызым сенсің, қызым.
Алғаусыз сыр ақтарар сен болмасаң,
Бітер ме ем іштей жанып үнсіз қызым.

Биязы жүн түбіті сенсің, қызым,
Білсең асқар үмітім сенсің, қызым.
Иман, әдеп… өзіңмен бір туғандай,
Кішірейіп тұратын сенсің, қызым.

Арқаның кер қиығы сенсің, қызым,
Арманның бір биігі сенсің, қызым.
Қанаттыға қақтырмай өсіріп ем,
Мен үшін періштеге теңсің, қызым!

Үш бәйтерек қасында сен үлбіреп,
Қызғалдақтай қылтиып өстің ерек.
Бар махаббат, ықылас өзіңе ауып,
Болды сөзің, мінезің… жөнің бөлек.

Әр лебізі балдайын сенсің, қызым,
Хал сұрайтын әрдайым сенсің, қызым.
Ата-анаға жасаған қамқорлығың,
Қартайғанда алдыңа келсін, қызым!

Алақаны аялы сенсің қызым,
Гүлден нәзік, аяулым сенсің, қызым.
Жанашырым болмаса дәл өзіңдей,
Түкке тұрмас тірлігім, сенсіз қызым.

Кереметім, киелім сенсің, қызым,
Айтқан сөзі жүйелі сенсің, қызым.
Мейірбан тұнық ойдың иесі деп,
Елің танып, өзіңе сенсін, қызым!

Comments are closed.