Аққу сынды әдемім

6

(Халық әртісі Мақпал Жүнісоваға)

Жанға жайлы әсем даусың, тәтті үнің,
Бойыңда мол қазақы мінез, мәрттігің.
Сезімің бар баурайтын елді елжіреп,
Қасиеті ғой біртуар сендей жақсының.

Риясыз пәк, жаны жақұт, Мақпалым,
Мінезіңнен еш кілтипан таппадым.
Кішіпейіл, қарапайым және еркін,
Ерке десе, еркесің-ау аппағым.

Құс төресі аққу сынды әдемім,
Сырлы көктем секілді ғой әлемің.
Ойы – таза, жүрегі ақ әншісің,
Қуатты да сезімге бай әуенің.

Нәзік үміт сені ылғи жетелеп,
Биік шыңға шығарып жүр төтелеп.
Сен өмірдің сынағынан сан өттің,
Қиналдың көп… айтып-айтпай не керек?!

Ақ жауынның жұпарындай аңқыған,
Нұр сәулелі мейірімің гүл ашылған.
Жұлдыз көктен жымияды сен күлсең,
Айымсың сен, аспанымда қалқыған.

Ел дегенде езілетін ерекше,
Болмысыңда бар құдірет бөлекше.
Рухы сенің жасымайды халқыңның,
Сенімі мен махаббаты демесе.

Айша КӨПЖАСАРОВА,
ақын.

Comments are closed.