- Advertisement -

Қағаздың орнына – электрондық денсаулық сақтау паспорты

79

- Advertisement -

Барлық салаға дендеп енген цифрлық технологиялар ұлттық экономикамыздың бет-бейнесін жылдам өзгертіп жатыр. Соның бірі – денсаулық сақтау саласы. Негізі заманауи ақпараттық технологиялар медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін сөзсіз арттырады. Бұл – қағазбастылықтан арылтуға мүмкіндік беретін бірден-бір төте жол.

Жалпы емдеу мекемелеріне қатысты шағымдардың көбісі – осы қағазбастылықтан туындайтыны жасырын емес. Кезек күту, тегін медициналық тексеруден өту үшін жолдама алу секілді талаптар – науқастарды әуре-сарсаңға түсіретіні анық. Дегенмен бұл – тегін кепілдендірілген медициналық көмек алу үшін аса қажет рәсімдер. Келер жылы бірыңғай медициналық сақтандыру жүйесіне көшкенде мұндай түйткілдердің біразы шешімін табары сөзсіз.
Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу осыдан 13 жыл бұрын басталған болатын. Нәтижесінде бүгінгі таңда стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және емханаға бекітілетін тұрғындардың тіркелімін және басқаларды әзірлеу жұмыстары жолға қойылды. Ендігі көзделіп отырғаны – Цифрландыру бағдарламасы шеңберінде денсаулық сақтау жүйесінде үйге жедел жәрдем мен дәрігерді шақырудан бастап бүкіл профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді электрондық жүйеге қосу. Сонда бәрі өзара байланысып, саланы цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы арта түседі.
Саланы цифрландырудың бірден-бір тетігі – электронды денсаулық паспорты жобасы. Осы арқылы дәрігерлер пациенттің денсаулығына қатысты барлық ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуге жол ашады. Емделушілерге де қажетті ақпарды алуға мүмкіндік ұлғая түседі. Сонымен қатар азаматтар медициналық ұйымның көрсеткен қызметін де бағалай алады.
Денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникалармен жабдықтау, олардың интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында оң динамика байқалады. Бүгінгі күні еліміздегі медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу үлесі 75 пайыздан асса, биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Дерекке сүйенсек, республика бойынша дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерді компьютерлік техникалармен қамтамасыз ету деңгейі өткен жылы 82,7 пайызды құраған.
Ал өңірдегі жағдайға тоқталсақ, 5260 медициналық қызметкердің жұмыс орны толығымен компьютермен қамтылған. Тараз қаласы мен аудан орталықтарында интернет желісімен қамтылуы тиіс 398 мекеменің 364-і қосылған. Алдағы уақытта қалған 32-сін желіге қосу көзделуде. Қазіргі кезде облыстағы медициналық ұйымдар 2 медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс жүргізуде. Атап айтсақ, «Elsi Med» медициналық ақпараттық жүйеcінде 15 ұйым, ал 28-і «Damu Med» медициналық ақпараттық жүйеcіне қосылған. Жалпы 7438 сала маманы ақпараттық жүйелерде жұмыс істей біледі.
Бүгінде ақпараттық жүйелерге 868 026 электрондық денсаулық паспорты енгізілген. Бұл «Халықты тіркеу регистрі» бойынша ақпараттық жүйесінде тіркелген 1 125 234 азаматтың 77 пайызын құрады. «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» 2010 жылғы 23 қарашадағы №907 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Денсаулық сақтау министрінің №48 бұйрығына сәйкес 233 бастапқы медициналық құжаттама нысандарының 118-і толығымен сандық форматта медициналық ақпараттық жүйелеріне тіркелген.
Облыста барлық «Алғашқы медико-санитарлық көмек» ұйымдарында цифрлық сауаттылық посттары ашылды. Қазір осындай 25 пост жұмыс істеуде. Осы арқылы 546 075 азаматқа ақпараттық жүйе арқылы тіркелу, керекті мәлімет алу, дәрігерге онлайн жазылу тәртібі үйретілді. Мәселен, өңірдегі 87 419 адамның қазіргі кезде «Damu Med» медициналық ақпараттық жүйеcіндегі мобильдік қосымшаға тіркелуі – соның бір көрінісі.
Қолға алған шаралардың арқасында электрондық жүйенің тиімділігін тұрғындар айқын түсіне бастады. Бүгінде бұрынғыдай медицина қызметкерлері азаматтарды тіркелген емханасына келіп, тексеруден өтуге шақырмайды. Олар енді үй аралап жүрмей-ақ, емделушіге скрининг, флюро тексеруден, және дәрігерге дейінгі кабинеттерден міндетті түрде өту туралы PUSH хабарламалар таратады. Бүгінге дейін мамандар жіберген хабарламалардың жалпы саны – 355961. Ал 1 363270 тұрғын электронды түрде дәрігердің қабылдауына жазылған. Оның ішінде алдын ала жазылғандары – 827 329. Сондай-ақ 14 241 цифрлық еңбекке жарамсыздық парағы ашылған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support