- Advertisement -

Таразда… тұңғыш рет

78

- Advertisement -

«Alash Pride» промоутерлік ұйымының
бастамасымен аралас жекпе-жектен аламан өтті

Тараз төрінде тұңғыш рет аралас жекпе-жек додасы ұйымдастырылды. «Alash Pride» промоутерлік ұйымы лигасының додасына алты елден келген сайыпқырандар қатысып, білектегі күштің жүректегі рухпен үйлесім тапқанын көрсетті.
Алдымен спортшылар салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтіп, көз түйістірді. Баспасөз мәслихатында журналистердің сауалдарына толыққанды жауап берді. Бұл кештің басты жекпе-жегінде тараздық Ермек Тлауов белорусиялық Иван Жвирбляға қарсы сегіз бұрышқа шығатын болғандықтан ба, спорт кешеніне жұрт ағылып келіп жатты. Олардың барлығы жерлесімізге тілеулес. Басты жекпе-жекті қоса есептегенде сегіз бұрышта 11 жұп сынға түсті.
Көптен күткен шоудың алғашқы жұбында тараздық «Гладиатор» клубының саңлағы Мұқағали Несіпбай мен өзбекстандық Фарух Файзиев бірінші болып сегіз бұрышқа шықты. 61,2 килограмм салмақта топқа түскен Мұқағали сегіз бұрышқа шыққанда ақын Мұқағали мықты еді, батыр Мұқағали қалай екен деп ойладық. Жоқ, жерлесіміз жарады. Ә дегеннен-ақ тік тұрып төбелесуде де, партерде де өзінің шын мықты екенін байқатты. Тіпті алғашқы бес минуттықта жеңіске жететін мүмкіндігі болған. Алайда өзбекстандық спортшыны гонг үні құтқарып қалды. Екінші раундта Мұқағали жанкүйерлерді желпінтіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Оның әдемі әдіс-тәсілдері жұртшылыққа ұнағаны рас.
Екінші болып сегіз бұрышқа орта салмақ дәрежесіндегі қазақстандық Олжас Есқараев пен Өзбекстан елінің үкілі үміті Эльдар Эронов беттеді. Талай жарыстарда жасындай жарқыраған Олжас бұл жолы да жеңісті жорығын жалғастырды. Бірінші раундтың аяқталуына санаулы секунд қалғанда отандасымыз қарсыласын қылқындыру әдісіне түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіс тойын тойлады. Үшінші шайқас «Гладиатор» клубының мүшесі Рауан Бекболат пен ресейлік Александр Володин арасында өтті. Бұған дейін екі мәрте сегіз бұрышта топқа түсіп, екеуінде де қарсыласымен тең түскен Рауанға қарағанда солтүстік көршіміздің тәжірибесі мол. Сол тәжірибе ресейлікке екінші раундта жеңіс сыйлады.
Бұдан кейін октагонға Бағлан Сәрекенов бет алды. Оның қарсыласы аяқ астынан ауысыпты. Нәтижесінде Бағлан өзбекстандық Шохжазон Абдулхамидовтың орнына Мираваз Миржалоловпен шайқасуға мәжбүр болды. Осы уақытқа дейін 65,8 килограмм салмақта төрт рет жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңімпаз атанған Бағлан дода дебютанынан да айласын асырды. Ол бірінші раундта-ақ өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, мерзімінен бұрын жеңіске қол жеткізді. Келесі шайқаста ресейлік спортшы Жабраил Индорбаев пен Серік Разғалиев шайқасты. Серік Астрахань қаласының этникалық қазағы. Бұл турнирде ол Қазақстан намысын қорғады. Екі спортшы үш раунд бойы бір-бірінің осал тұсын іздеп бақты. Кездесу соңына қарай Серіктің демігіп қалғаны байқалып тұрды. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен Жабраил Индорбаев жеңімпаз атанды.
Мұнан соң сегіз бұрышқа айырқалпақты ағайындардың үмітін арқалап келген Бостон Анарбаев пен «Алаш Прайд» клубының өкілі Руслан Сариев шықты. 57 килограмм салмақта бақ сынаған екі спортшы аянып қалған жоқ. Бостон бірінші нөмірмен жұмыс істеуге талпынды. Ал Руслан қарсыласын әдемі күтіп алып отырды. Екі спортшы да бір-біріне жойқын соққыларын дарытып, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Бірақ екеуі де соққы қабылдай алатын мықтылар қатарынан екенін аңғартты. Үшінші раундта қырғыз оғланы октагон торын қайта-қайта ұстап, бас сауғалағаны үшін ескерту алды. Жекпе-жек қорытындысында төрешілердің шешімімен Руслан жеңімпаз болып танылды. Бұдан әрі октагонға 80 килограмм салмақтағы саңлақтар көтерілді. Түркиядан келген Кутлухан Соргамес пен Ғалымжан Қанаев К1 спорты бойынша сынға түсті. Бұл шайқаста төрешілер Ғалымжанның мықтылығын бірауыздан мойындады. Жанкүйерлер асыға күткен шайқас Қырғыз Республикасының спортшысы Ариет Бекшиев пен қазақстандық Санжар Әділов арасында өтті. Үш раунд бойы бір қалыпты ырғақта өрбіген кездесуде төрешілер де жеңімпазды анықтай алмай, тең нәтиже тіркеді. Қырғыз Республикасынан келген тағы бір спортшы Эрлан Улукбеков ресейлік Илья Варламскиймен шайқасты. Бұл жекпе-жекте төрешілер ресейлік Илья Варламскийдің қолын көтерді.
Жанкүйерлерге «Шах казах» лақап атымен танылған Шыңғыс Қайранов ресейлік «SPARTA» клубының спортшысы Владимир Лебедевпен октагонда кездесті. Бұл шайқаста Шыңғыстың мерейі үстем болды. Жекпе-жек аяқталған соң Шыңғыс Қайранов тараздық Рауан Бекболатты ұтқан ресейлік Александр Володинді шайқасқа шақырды.
ММА кешінің басты жекпе-жегі тараздық Ермек Тлауов пен Беларусь спортшысы Иван Жвирбля арасында өтті. Белорусиялық Иван Жвирбля 70 келі салмақта «Eagles FC» турнирінің чемпионы екен. Жанкүйерлер сарыла күткен кездесу лезде аяқталды.
Ермек өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, қарсыласын тұншықтыру әдісімен бірінші раундта жеңіп кетті.
Тараз төрінде тұңғыш рет өткен аралас жекпе-жек бәсекесіне «Қазфосфат» ЖШС бас демеуші болғанын айта кеткен жөн.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support