- Advertisement -

Жамбылда жарқын істер бар

28

- Advertisement -

«Қазақстан-2050» Стратегиясы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері мен халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін алға қоюмен де құнды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы жылдың қазан айындағы Жолдауы да жаңа жылды қанаттанып, ерекше қуатпен бастауымызға серпіліс берді. Жыл сайынғы Жолдаулардан бастау алар игілікті істердің жемісін де көрудеміз. Елдікті, бірлікті, өркениеттілікті ту еткен еңбеккерлеріміз Жолдау жүктеген міндеттер үдесінен шығып та келеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы да – осы жетістіктерімізді одан әрі еселей түсуге, алға қойған ұлы мақсаттарға жетуге, тұғырымызды биіктетуге бастауда деп білеміз. Ендігі жерде айқын мақсат, ортақ игілік жолында баршамыз болып жұмыла еңбек етіп, әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан көрінуге күш салуымыз қажет-ақ. Тұтас елде береке болса, оның жеке шаңыраққа да шапағаты тимек.
Осы орайда өткен жыл біз үшін де ерекше табысты болды. Атап айтқанда, экономиканың барлық бағыттары бойынша тұрақты өсімді қамтамасыз ете алдық. Ауыл шаруашылығы саласында 29 миллиард 102,1 миллион теңгенің өнімдері өндірілді. Әсіресе 6 370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңы мен 14 тауарлы-сүт фермасы іске қосылуының нәтижесінде ет, сүт өндіру көлемі еселеп артуда. Былтыр 505,3 тонна ет экспортталуына қол жетті. Оның ішінде 282,5 тонна бұқа еті және 27,7 тонна қозы еті Өзбекстан мемлекетіне өткерілді. Сонымен қатар Меркі ет комбинаты мен «Оңтүстік Халал тағамдары» ЖШС арқылы 195,1 тонна қозы еті экспортқа шығарылды. Жалпы ет экспорты бойынша жоспарды 181,3 тоннаға асыра орындадық. Аудан көлемінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 149 шаруашылық қаржы институттарынан 803,5 миллион теңге несие қаражатын алып, 894 ірі қара, 7 883 бас ұсақ, 600 бас жылқы малын сатып алды. Нәтижесінде мал басының өсімі артты.
Соңғы екі жыл көлемінде 2 844,17 гектар алқап мемлекеттік жер қорына алынып, 5 589,20 гектар жер конкурс арқылы қайта айналымға қосылғанын да атап өтуге тиіспіз. Бұл егіншілік саласында жұмыс істеуге ынталы азаматтардың мүмкіндігі мен әлеуетін арттыруға да септесуде. Ауданда қазірдің өзінде биылғы жылдың өніміне арналып, 2495 гектар егістікке күздік бидай себіліп, 25 310 гектар сүдігер көтеріліп қойылды. Оның 1 000 гектарлық бөлігіне қант қызылшасын себу жоспарлануда. Бұл келешекте мол өнім алудың кепілі екендігі белгілі.
Аудан бойынша 2018 жылы 1 094,7 гектар егістік алқабы су үнемдеу технологиясы көмегімен ылғалдандырылды. Оның ішінде 230 гектарына жаңбырлатып, 864,7 гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Аталмыш жүйелер гектар өнімділігі едәуір артуына да септесуде. Жаңа технологияның тиімділігі аудандағы алма бақтарының көлемі артуынан да көрініс тауып отыр. Жеміс ағаштары барлығы 662,12 гектар алқапта өсірілуде. Оның 246,6 гектарын 2014 жылдан бері отырғызылған қарқынды алма бақтары құрайды. Өткен жылы олардан 3 310 тонна өнім жиналып алынды. Ал көкөніс сақтау қоймаларына деген қажеттілік ауданымызда толықтай шешімін тапқан.
Қазіргідей жаһандық бәсекелестіктің дамуы жағдайында өңірлерді индустрияландырусыз көзге елестету еш мүмкін емес. Әрбір өңірдің өнеркәсіптік өндірістерінің аграрлық саламен қатар өркендетілуі заңды құбылысқа айналды. Елімізді Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы да бізді осыған міндеттейді. Бұл ретте өндірістік әлеуетіміз де артып келеді. Былтыр 11 миллиард 155,5 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 101,0 пайызды құрауы, міне, соның нақты айғағындай. Оның ішінде «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС 7 миллиард 691,6 миллион теңгенің 134,2 мың тонна мұнай өнімдері өңделуіне, «КнауфГипсТараз» ЖШС 1 миллиард 300,3 миллион теңгенің 624,2 мың тонна гипс тасы,«БиномСтройДеталь» ЖШС 328,9 миллион теңгенің 32,1 мың тонна темірбетон, «СуперФарм» ЖШС 1 миллиард 187,6 миллион теңгенің 11 770 мың дана матадан жасалмайтын медициналық бұйымдары өндірілуіне қол жеткізді. Ал «КазУпакТрейд» ЖШС 103,8 миллион теңгенің 10,3 мың тонна гипс өнімдерін шығарды.
Елімізді Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында бүгінде Айша бибі ауылындағы «СуперФарм» ЖШС «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың көлемін кеңейту» жобасын іске асыруда. Жобаның жалпы құны шамамен 3,5 миллиард теңгені құрайды, серіктестікке бұл істі жүзеге асыруы үшін қосымша 1,5 гектар жер телімі бөлініп берілді. Жоба толықтай жүзеге асырылған жағдайда 250 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі таңда жобаны іске қосып сынап көру жұмыстары жүргізілуде.
Кезекті Жолдауда өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруды, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуын қамтамасыз етуді айрықша атап көрсетілгені баршаға мәлім. Ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі жолға қойылған. Атап айтқанда, бүгінде 42 елді мекеннің 19-ында орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар. Бұл жалпы ауызсумен қамтылғандардың 45,2 пайызын құрайды. Былтыр Қарой және Тоғызтарау ауылдық округтерін ауызсумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Ал Шайқорық, Танта, Қоңыртөбе, Қапал ауылдары мен Шайқорық стансасын ауызсумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті. Аталған жобаны қаржыландыру Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті арқылы жүргізілетін болады. Бұл жұмыстарды биылғы жылдың соңына қарай аяқтап шығу жоспарлануда. Ал Бәйтерек, Қаратау және Аса, Бесжылдық ауылдарының жаңа тұрғын алқаптарын ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге және кешенді сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 19 980 мың теңге бөлініп отыр. Ақбұлым, Қызылқайнар, Жасөркен, Бесағаш, Түрксіб, Қаракемер, Бектөбе, Қызылшарық, Айша бибі, Бірлесу-Еңбек елді мекендерін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға әзірленген жобалық-сметалық құжаттар да кешенді сараптамадан өткізілмек.
Биыл сондай-ақ 13 елді мекеннің 5-еуіне газ құбыры магистралін салуға республикалық және облыстық бюджеттерден 333,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Жалпы аудан бойынша 42 елді мекеннің 24-і немесе 57,1 пайызы газбен қамтылған. Өткен жылы 7 елді мекенде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде және бюджеттік қаржыландыру есебінен медициналық пункттер мен амбулаториялар, 4 ауылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 425 орындық балабақшалардың ашылуы да тұрғындардың өмір сүру ортасын мейлінше қолайлы ете түскені анық.
Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Аудан еңбеккерлері олардың жүзеге асырылуы жолында барлық күш-жігерлерін жұмсап, жұмыла еңбек ете беретініне нық сенімдемін.

Бақыт ҚАЗАНБАСОВ,
аудан әкімі.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support