- Advertisement -

Түзеу мекемесінде көрме ұйымдастырылды

47

- Advertisement -

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуырда облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/7 мекемесі базасында «Ұлы Дала үміті» атты өндірістік тауарлар көрмесі ұйымдастырылды. Оған депа-ртаментке қарасты түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер мен оларды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер шақырылыпты. Көрмеге жазасын өтеп жүрген азаматтардың қолынан шыққан түрлі әшекей бұйымдар, киімдер мен аяқ киімдер, ағаш пен темірден жасалған тұрмыстық заттар, пісірілген нан өнімдері қойылды.
Бүгінде өңірдегі түзеу мекемелерінде 2088 адам жазасын өтеуде. Олардың еңбекке қабілеттісі – 1245. Соның 807-сі түзеу мекемесіндегі өндіріс ошақтарында, 475-і жеке кәсіпкерліктер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жұмыс істеуде.
Өңірдегі түзеу мекемелері біраз жылдардан бері 26 кәсіпкер, 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бір шаруашылықпен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді екен. Солардың бірі шымкенттік Ерғали Манақбай жетекшілік ететін «Медетбекова» жеке кәсіпкерлігі. Ол бүгінде 29 сотталушыны жұмыспен қамтып отырса керек. Кәсіпкер ашқан жұмыс цехында ағаш астаулар мен тұрмыстық заттар жасалуда. Кәсіпорынды қажетті шикізатпен қамтып отырған да кәсіпкердің өзі.
– Өмірде байқамай шалыс басып, темір торға түскен азаматтардың барлығы қабілетсіз деп айта алмаймын. Олармен жұмыс істеп келе жатқан екі жылдың төңірегінде шеберліктеріне тәнті болдым. Қазір қолдан жасалған ағаш бұйымдарға деген халықтың сұранысы жоғары. Бір жағы соны ескерсем, екінші жағынан түзеу мекемелерінде отырған азаматтарды жұмыспен қамтысам деген оймен осы істі бастап кеттім, – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ кәсіпкер жігіт былтырдан бастап бөдене өсіруді де қолға алыпты. Көрмеде астаулармен қатар қойылған бір қорап бөдененің жұмыртқаларын көріп, оны қалай асырап отырғанын кәсіпкердің түзеу мекемесінде жұмысын үйлестіріп отырған жазасын өтеуші Нұрбақыт Пеназаров жауап берді. Оның айтуынша, кәсіпкер бастапқыда 200 бөдене әкеліп беріпті. Ол жыл соңына дейін 1500-ге көбейген. Қыста қырып алмас үшін 300-ін алып қалып, қалғанын сойып түзеу мекемелеріне таратыпты. Қазір 200 бөдене жұмыртқа басып жатқан көрінеді. Ол өздеріне осындай көмек көрсетіп, жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерге, түзеу мекемесінің басшылығына риза.
Соңынан кәсіпкерлер көрмеге қойылған заттарды Ұлыстың ұлық мерекесі Наурыз мейрамында қарттар мен балалар үйіне сыйлау туралы ұйғарым жасады.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support