- Advertisement -

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды

90

- Advertisement -

Бүгінде ортамызда саламатты өмір салтын насихаттап жүрген ардагерлер көптеп саналады. Бұл істен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы да тыс қалып отырған жоқ. Өңірдегі қолға алынған барлық игі шаралардың басында жүріп, өзіндік үлестерін қосумен келеді. Міне, Ұлыстың ұлы мерекесі – әз Наурыз мейрамы қарсаңында, «Тағзым» күні аясында Ардагерлер орталығында келелі жиын өтіп, елеулі оқиғаның куәсі болған едік.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Алдымен Ардагерлер орталығының мәжіліс залында облыстық ардагерлер мен қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, қала мен аудандардағы ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты. Онда Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында ардагерлер кеңесі тарапынан қабылданған «Зейнеткер ардагерлердің белсенді ұзақ өмір сүруі» жол картасы жобасы бойынша өңірде жасалып жатқан жұмыстар талқыланды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев кеңес отырысын ашып, жоба аясында атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы баяндады. Баяндамашының айтуынша, жоба қабылданған сәттен бастап өңірде зейнеткерлердің спорттық және мәдени іс-шараларға тартылуына елеулі жағдай жасалыпты. Бұл мақсатта «Ардагерлер орталығы» ғимаратынан және «Тараз-Арена» спорт кешенінен ардагерлерге арналған арнайы зал жабдықталып, биллиард және теннист үстелдері қойылыпты. Сонымен қатар онда шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ тақталары да орналастырылыпты. Ал Ардагерлер орталығының маңайында орналасқан волейбол, баскетбол алаңдары мен шахмат алаңшасы, жаяу жүргінші жолағы мен саябақ ардагерлердің спортпен шынығуына, серуендеуіне мүмкіндік беріп отырса керек. Кеңес төрағасы сөзінің қорытындысында 123 мың зейнеткері бар өңіріміз үшін мұның аздық ететіндігін тілге тиек ете отырып, мұндай орталықтар Тараз қаласы мен аудандарда да көптеп ашылып, зейнеткерлер барлық тұрғыда қамқорлыққа алынса деген ұсыныс тастады.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз алып, ардагерлердің жақсы бастаманы қолға алып отырғанын айта келіп, олармен қашанда бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді. Одан кейін билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов сөз сөйлеп, төрт ай бұрын құрылған кеңес жұмысының бүгінгі бет алысына тоқталып, аудандардағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Ал облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев ардагерлерге көрсетіліп жатқан қамқорлық туралы әңгімелеп өтті.
Кезек «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ашылу рәсіміне де келіп жетті. Ардагерлер орталығымен жапсарлас салынған жаңа орталықтың лентасын өңірімізге белгілі Тараз қаласының ардагерлері Жандар Кәрібаев пен Нәрейм Сейдуалиев қиды. Мұнда ардагерлер спортпен шұғылданып қана қоймай, қан қысымын өлшетіп, психологтің кеңесіне де жүгіне алады. Сонымен қатар Скандинавиялық жаяу жүру клубына жазылып, жаттығу жасауына да мүмкіндіктері бар.
Ал шараның екінші бөлімі Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына арналды. Ол «Ғибрат» орталығында ұйымдастырылды. Бұл шараға өңіріміздегі атбегілік, құсбегілікпен айналысып жүрген азаматтар шақырылды. Солардың ішінде қордайлық атбегі Бақыт Байтөле, мойынқұмдық құсбегі Жапар Сатылғанов, жамбылдық саятшы Бауыржан Ешметов бар. Аталған азаматтар жиналғандарға ата кәсіптің қыры мен сырын таныстыра отырып, жиналғандарды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтады. Кештің ажарын Тараз қаласы ардагерлері кеңесінің қасынан құрылған ардагерлер ансамбілі аша түсті. Кеш қонақтары мен ел ағалары жылы лебіздерін білдіре отырып, «Тағзым» күні талапқа сай аталып өтті.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support