- Advertisement -

Наурызнама

147

- Advertisement -

Наурыз мерекесі – Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді.

* * *
Бұрынғы қариялар 22 наурызды «Қызылбастың наурызы» дейді екен (Қызылбас – Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы).

* * *
Наурыздың дәстүрлі тағамы – наурыз көже. Ол жеті түрлі дәмнен тұрады. Жеті – аптаның жеті күні, бұл санның мағынасы терең. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақты шақырып, өзі де 7 үйдің табалдырығын аттайды. Өзбекстанда «Сумалақ» – наурыз көжеге ұқсас тағам дәстүрлі болып саналады. Ол да жеті дәмнен әзірленеді.

* * *
Наурыз мерекесі XVIII ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген деген дерек бар.

* * *
Абай Құнанбайұлы өзінің «Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманына ұштастырады. Парсының «нау» сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Ол орысша – нов (ай), немісше – нойе, латынша – нео. Осылайша «нау» сөзі үнді-еуропалық халықтар дараланудан да бұрын пайдаланылған.

* * *
Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл – қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады.

* * *
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні болып аталып келеді. Бас Ассамблея өзінің берген түсініктемесінде Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

* * *
Ұлы ғұламалар Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям тәрізді әлем таныған тарихи тұлғалардың еңбектеріндегі Шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы деректерге назар аударсақ, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Яғни олар Наурыз күндерінде мынадай салт-дәстүр, ырымдар жасаған: әр жерде от жағып, оған май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті ақ кесемен дәстүрлі көже «сумалақ» ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыны аяқты сындырған. Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – күн символын салған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.

* * *
Наурыз мейрамына байланысты мынадай атаулар бар: Наурыз күні, Наурыз айы, Наурызнама, Наурыз көже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз-жұмбақ, Наурыз-бата, Наурыз-тілек, Наурыз-төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Самарқанның көк тасы…

* * *
Наурыз мерекесінің туу тарихы жайында талас көп. Наурыздың нақты тарихы тереңде жатыр, ол өзінің бастауын мұсылмандыққа дейінгі заманнан алады. Кейбір ғалымдар бұны зороастризм мен шаманизм кезеңіне дейінгі уақытпен байланыстырады. Кейбіреулер Парсы патшасының жорықтарымен байланыстырып жүр.

* * *
Атырау және Маңғыстау облыстарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элементі – «Көрісу». Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге барлығы «Жаңа жыл құтты болсын!» деп амандасады.

* * *
1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты.

* * *
Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді.

* * *
Бұрын Наурыз мейрамын тойлау таң атуды қарсы алудан басталды.

* * *
Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді. Бұл жұмақтың лебі, қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды деген тәмсіл де бар. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі.

* * *
Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болған. Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады.

* * *
Шығыс жыл санағы бойынша, мереке ирандықтардың жаңа жылы Наврузбен жанасады. Наурыз мерекесін түркі тілдес халықтар тойлайды. Тәжік халқы бұл мерекені «Бәйшешек», «Гүлгардон» не «Гүлнавруз», татарлар «Нардуган», бирмалықтар «Су мейрамы», хорезмдіктер «Наусарджи», буряттар «Сагаан сара», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп атаған.

* * *
Мереке күні қар жауып тұру жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестіріледі. Бұл таңғажайып жайт емес, өйткені наурыздағы қар әдетте жұмсақ, ерекше аппақ болады.

* * *
Наурыз айы туғанда өтетін «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.

Алтынбек Құмырзақұлы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support