- Advertisement -

«Игіліктегі» игілікті істер

53

- Advertisement -

Жалақы өсіп, төлемақы тарифтері төмендеді

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында жұмысшылардың жалақысын көтеріп, коммуналдық қызмет төлемақыларының тарифтерін төмендетудің айрықша елеулі маңызға ие екенін ерекше атап көрсеткені белгілі. Елбасы алға қойған осынау міндеттер біздің өңірімізде де дәйектілікпен жүзеге асырылу үстінде.

Бір ғана мысал, Қаратау қаласындағы тұрғын үйлерді жылумен, ыстық және мұздай сумен қамтамасыз ететін біздің «Игілік» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнымыз биыл жыл басынан бастап-ақ тарифтерді төмендету ісін қолға алуда. Кәсіпорында бүгінде төрт ірі қазандық жұмыс істеп тұр. Барлығы 180 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңге көлемінде. Осы жағы ескеріліп, биылдан бастап жалақыны 5 пайызға көтеріп, төлемақы тарифтерін де едәуір төмендету жөнінде ұйғарымға келдік. Бізде жоспар бойынша биыл электр энергиясын тұтыну үшін 100 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Міне, осы қаражатты үнемдеу есебінен, яғни 83 миллион теңге көлемінде ғана шығын жұмсау арқылы тарифтік көрсеткіштерді төмендетуге мүмкіндігіміз бар. Қазірдің өзінде жылу ақысын 7 пайызға төмендеттік. Тарифті төмендету мәселесіне өткен жылы апатты деп танылған ескі құбырлардың біраз бөлігін жаңартуға қол жеткізуіміздің де өзіндік септігі тиіп отыр. Тиісінше жөндеумен қамтылып, жаңартылған 4 бірдей тұрғын үйдің пайдалануға берілуіне байланысты орталық қазандықта қуатты сорғы стансасы іске қосылды. Бұл жылу берілу сапасы мен су айдағыштардың әлеуеті арттырылып, қысымы көбейтілуіне де септесуде. Сорғы стансасы жаңа жылу маусымының алғашқы күнінен бастап жұмыс істеуде. Жүйеге жаңадан қосылған әлеуметтік нысандар мен колледждердің саны көбеюі де шаһардың толықтай дерлік жылумен қамтылуына мүмкіндік беріп отыр.
Осы ретте табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі Жамбыл облысы бойынша департаменті тарапынан көпсалалы кәсіпорнымыздың сарқынды суларды бұру қызметтеріне уақытша өтемдік тарифтер бекітілгенін де атап өту жөн. Яғни сарқынды суларды бұру қызметтеріне орташа босату тарифі 1 текше метр үшін қосымша құн салығынсыз 10,41 теңге мөлшерінде, атап айтқанда қолданыстағы тарифтен 10,1 пайызға төмендетілді. Қосымша құн салығын қоса есептегенде, 1 Гкал жылу қуаты үшін тұрғындар бұрын 2237, 65 төлеп келген болса, енді 2 066,70 теңге төлейтін болды. Яғни бұл қызмет түрі 7,6 пайызға немесе 152,6 теңгеге арзандап отыр.
Жалпы, мекемеміз жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметтері бойынша 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны басшылыққа ала отырып, ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. «Игілік» аудандағы жылу энергиясын өндіретін бірден-бір кәсіпорын екені баршаға мәлім. Бұл да ойға алған мақсаттарымыздың жүзеге асуына елеулі түрде септесіп отыр. Аудандағы білім беру мекемелерінің жылу қазандықтарының қысқы маусымда үздіксіз жұмыс істеуі де ұдайы назарымызда. Бұл ретте кәсіпорын мамандары жыл сайын білім ошақтары қазандықтарының техникалық жағдайларын реттеу, тексеру жұмыстары сапалы жүзеге асырылуына күш салады. Әлбетте, бұл жұмыстар кәсіпорынның міндетіне жатпайды, алайда аудан тұрғындарының қамын ойлап, осылай жасауды ұйғардық.
Айта кетейік, қазандықты орнату ісін тендерде көбінесе ауданнан тыс өңірлерден келген мердігерлік ұйымдар жеңіп алады да, өздеріне жүктелген тапсырмаларды толық көлемінде аяқтамай кетіп жатады. Ал оның зардабы ауданның жылу пайдаланушы мекемелері мен жеке тұрғындарына тиеді. Аудан басшылығы тарапынан, сондай-ақ бізге жылыту маусымы кезінде аудан орталығынан шалғайдағы ауылдардың мектептеріндегі жылу берілімінің қалыпты болуын реттеу де міндеттелген.
Тағы бір атап өтерлік жайт, бұрындары Қаратау қаласының тұрғындарына ауызсу кестеге сәйкес белгіленген уақыт мерзімі ішінде там-тұмдап қана беріліп келген болса, 2018 жылдан бастап тұрғындарға ауызсу тұрақты түрде берілу үстінде. Бұл да болса кәсіпорын жұмысының жүйелі жолға қойыла бастағанының нақты айғағындай. Мекемеміз аудан көлемінде қандай да бір апатты жағдайлар орын ала қалса, ұдайы оның басы-қасынан табылып, адам мен техника күшін жұмылдырып, көмек беруге қашанда әзір.
Осы тұрғыда кәсіпорын тарапынан Кеңес ауылдық округіне қарасты Көшек батыр ауылы маңындағы Талас өзені үстіне салынған апатты жағдайдағы көпірді қайта жаңғырту ісі жүзеге асырылғанын да атап өтуге болады. Әрине, ауылдан шыққан кәсіпкерлер қаржылай көмектерін ұсынғанмен, әбден ескірген көпірді толықтай қайта қалпына келтіре алуы мүмкін емес еді. Бұл іске мамандандырылған құрылымның көмегі қажет болатын. Көпірдің жалпы халық үшін маңыздылығы мынада, ауыл маңындағы Көшек батыр кесенесіне жан-жақтан – аудан, облыстан, еліміздің басқа да өңірлерінен келетін қонақтар мен жеке тұрғындардың осы көпір арқылы автокөліктерімен еркін өтуіне еш мүмкіндік болмай, Ойық ауылы арқылы орағыта 60 шақырымдай айналма жолмен жүрулеріне тура келген еді. Бұл олардың едәуір уақыттарын жоғалтуына да мәжбүр етті. Жергілікті тұрғындардың талап-тілектеріне орай осынау игілікті істі мекеме жұмысшыларының қолға алуына тура келген. Жалпы жөндеу жұмыстары кәсіпорынның жұмысшылары мен техникалары күшімен жүргізіліп, айрықша маңызға ие нысан ел игілігіне де берілді.
Қысқасы, «Игіліктің» ел игілігін көруде. Қаратау қаласындағы жағдайы төмен отбасылар, мүгедектер және жалғызілікті қарттар да назардан әсте тыс қалдырылған емес. Жыл сайын жағдайы төмен отбасылардың мектеп жасындағы балаларын қажетті оқу құралдарымен, мектеп формаларымен, спорттық және жылы аяқ киім, күртешелермен толықтай қамтамасыз етумен келеміз. Бес бірдей жалғызілікті қария да тұрақты қамқорлығымызға алынып отыр. Оларға күнделікті қажетті азық-түліктерін алып беріп, көмектесеміз. Қайырымдылық қасиетті іс қой қашанда!
Мемлекет басшысының былтырғы жылдың қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс. Мен лауазымды тұлғаның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын» деп атап көрсеткені белгілі. Елге қызмет ешқашан да еш кетпек емес. Қарапайым тұрғындардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екені де белгілі. Бұл істен біз де шет қалмай, қолымыздан келгенінше «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болса да өзіндік үлесімізді қосудамыз, қоса да беретін боламыз.

Рашид СЕЙДАЛИЕВ,
шаруашылық жүргізу құқығындағы «Игілік» көпсалалы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support