- Advertisement -

Ауқымды жұмыстар атқарылуда

29

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында журналистерге Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев өздерінде өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алға қойылған міндеттер туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, ауданда былтырғы жылы өндірілген жалпы өнім көлемі 88 миллиард 167,7 миллион теңгені құрап, жоспар 101,2 пайызға орындалған. Ал өнеркәсіп саласындағы өнім мен көрсетілген қызмет сомасы 6581,2 миллион теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығы саласында 45886,7 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 107,1 пайызға орындалып отыр екен. Мал шаруашылығы бойынша 38322,9 тонна сүт, 9606,3 тонна ет өндіріліпті. Шаруалар тарапынан «Тараз ПОШ» ЖШС-на 21 тонна жүн өткізілген. Сондай-ақ Иран және Араб Әмірлігіне 43,7 тонна қозы еті, Қырғыз еліне 50,4 тонна сиыр еті, Иран, Қытай, Чехия, Нидерланды, Жапония мемлекеттеріне 310 тонна мақсары майы экспортқа шығарылыпты.
Аудан шаруашылықтарының техникалық базасы да жаңартылуда. Былтыр 52 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Су үнемдеу технологиясы 2855,5 гектар алқапқа енгізіліп отыр екен.
Есепті кезеңде ауданда жалпы алаңы 25253 шаршы метрді құрайтын 242 көп пәтерлі және жекеменшік тұрғын үй пайдалануға тапсырылыпты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 17848,8 миллион теңгені құрап, жоспар 107,2 пайызға орындалған. Шу қаласында №4 көп қабатты 75 пәтерлі үй пайдалануға беріліпті. Ол үйдегі пәтерлер жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға, мемлекеттік және әскери қызметшілерге тізім бойынша үлестіріліп берілген.
Баяндамашы «Ақбұлақ» мемлекеттік ауызсу бағдарламасы аясында 35 елді мекеннің 20-сы таза ауызсумен қамтылғанын атап өтті. Ал 5 елді мекен темір жол стансалары арқылы ауызсумен қамтылып отыр екен. Былтыр Қонаев ауылының ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, Абай ауылында ауызсу желісінің құрылыс жұмысы басталып, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Газдандыру мәселесі де ауданда оң шешімін тауып келеді. 36 елді мекеннің 10-ы газдандырылған. Екі елді мекенге газ жүргізілуде. 18 ауылды газдандыру үшін магистралды газ құбырын жүргізуге энергетика басқармасы арқылы жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Жоба құны 6 миллиард 492 миллион 970 мың теңгені құрайды. Биылға республикалық бюджеттен 200000,0 мың теңге қаржы бөлініп, Шу қаласына баратын жоғары қысымды газ құбырына жақын орналасқан екі елді мекеннің магистралды газ құбырын салу жоспарлануда, – деген Қайрат Әскербекұлы білім, денсаулық, спорт пен әлеуметтік, құқық салаларында атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталып өтті.
Басқосу соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да тиісінше жауаптар қайтарылды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support