- Advertisement -

«Қайыршыға» ұқсаған балалар көбейіп барады

62

- Advertisement -

– Кішкентай баланың еміне қолыңыздан келгенше көмек бере аласыз ба, ДЦП мен ауыратын еді.
Абай даңғылының бойымен жаяу келе жатқам. Ойға шомып кетсем керек, тура құлақ түбінен саңқ ете қалған дауыстан селк ете түстім. Қарасам он-он екі жас шамасындағы жеткіншек. Қорап ұстап, жол бойындағы үлкен дүкен маңында айналсоқтап жүр. Жанына жақындап қораптың сыртына жапсырылған қағаздан баланың аты-жөнін білмек боп үңілгенім сол еді, ол да қолына ұстаған папкасын аша сап тақылдай жөнелді. Қас қарайып қалған шақ еді. Мұндай уақытта жасөспірімнің қараусыз жүргені қалай деп ойланып қалдым. Көзге оғаш көрініп, көңілді құлазытатын бұл көріністі бұған дейін де бірнеше мәрте кездестіргенім бар. Алғашында адымыңды аттасаң, алдыңнан шығатын. Уақыт өте келе бұлардың қатары сиреп, тек адам қарасы көп жерлерде тұратын болған. Бірте-бірте естігенде езілтіп жіберетін әлгі сөздеріне селт етпейтін күйге де жеттік. Өркениетті ел болдық дегенде бұл үрдіс өзі қайдан шықты? Сөйтсек бұлар «Халықаралық Дүние руханият» қоғамдық қорына қолғабыс етіп жүрген еріктілер екен. Содан «бұлар өзі қайырымдылықты кімге жасайды?» деп, соны зерделеп көрдік.
Бұл қор өткен жылы Шымкент қаласында қайырымдылық жасау мақсатында құрылып, өзге облыстардан филиалдарын ашыпты. Біздің өңірімізде жұмысын бастағанына жарты жылға жуықтапты. Қордың Тараздағы филиалына барып, өкілдерімен кездестік. Тілдесіп, пікірлерін білдік.
– Кезекте шамамен 40-қа жуық адам тұр, соның 9-ына көмек көрсетілді. Мұқтаж жандар алдымен келіп өтініш жазады. Анасының жеке куәлігі, баланың туу туралы куәлігі, мүгедектігі және ауруханада емделгені жөніндегі анықтамаларын біз жіті тексеріп, көшірмелерін алып, тіркеп қоямыз. Отбасылық жағдайы да тексеріледі. Ал еріктілердің көбі студенттер, олар күніге келіп, екі-үш сағат қана жұмыс істеп кетеді. Оларға арнайы уақыт белгіленбеген. Негізі 18-ге толғандар түнде де жұмыс істей берулеріне болады, бірақ біз оған жол бермейміз. Ал 14 жасқа толғандарға кешкі сағат 21.00-ге дейін ғана жұмыс істеуіне рұқсат етілген», – дейді филиал директоры Еркебұлан Ғаниұлы.
Қор облыстық әділет департаментінде заңды тіркеуден өтіпті. Арнайы ережесі де бекітілген. Еріктілермен келісімшарт бойынша жұмыс істейді екен. Оларға қойылатын барлық талап та арнайы ережеде көрсетілген. Еріктілер 14 жастан қабылданады. Қорда жұмыс істеу үшін ата-ана баласының сабақтан тыс уақытында жұмыс істеуіне жазбаша келісім беруі керек. Қор басшыларының талабы сондай.
Аталған қор филиалы директорының айтуынша, ешқандай ақша алмай жұмыс істейтіндер де және күнделікті жинаған ақшасының үстеме пайызын алатындар да бар екен. Біріне сауап керек, біріне сауаппен қатар ақша қажет. Пайызын алғысы келетіндердің отбасылық жағдайы төмен болғаннан кейін жұмыс істеп ақша табуға мәжбүр көрінеді. Бүгінде қор филиалында жұмыс істейтін еріктілердің нақты саны белгісіз. Себебін басшысы олар бірде келіп, бірде кетіп жүргендіктен «түгендеп» те үлгермейтінін айтып түсіндірді. Жоғарыда айтылған заңмен бекітілген ережелерде бұл көрсетілмесе керек. Тағы бір айта кетерлігі, қор филиалы көп балалы отбасыларға және көмекке мұқтаж жандарға да тиісті көмек көрсетеді екен. Айтуларынша, Таразда мұқтаж жандар көп екен-мыс. Қор ашылғалы бері жиналған 2 миллионнан аса қаржы көлемінде көмек берілген.
Міне, осы деректерді біліп, аталған қордың филиалынан шығып келе жатқанымызда «SMАLL» дүкенінің алдынан тағы бір қорап ұстаған баланы көрдік. Мұның жасы Абай даңғылының бойынан кездестірген баладан кішілеу көрінді. Алғашқы тілдескен жеткіншектен де бірден жасы қаншаға толғанын сұрағанбыз. «Мен он төртке толып қойғам, 7-сынып оқимын, негізі 9-сынып оқуым керек қой, мектепке кеш бардым» деген болатын. Ал мына екіншісі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай-ақ: «Жасым 14-ке толды, 9-сыныпта оқимын» деді. Түріне, бойына қарап сенбегенімізді байқаған ол да «проста бойым өспей қалған» деп соқты.
Ерікті болу үшін қор талабында жасы 14-ке толу керек екенін өздері де айтып тұр. Осыдан кейін көңілде күдіктің пайда болғаны рас. Мүмкін өздері айтқан сыныпта оқитын шығар, кім білсін? Бір байқағанымыз балалар қолдарына өздеріне қатысты ережені алып жүргенімен, онымен таныспаған сияқты. Тек білетіндері – еріктілер қатарына қосылғысы келсе, 14-тен асу қажет деген талап қана. Ал күнделікті табыстары он мыңның төңірегінде екен. Содан өздеріне берілетіні пайызбен емес, күнделікті мың теңге ғана.
Әлгі баладан суыртпақтап, сыр тартып тұрғанымызда, қасымызға облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева келе қалмасы бар ма?! Іздегенге сұраған деген… Сала маманынан мектептердегі еріктілер жұмысы туралы сұрадық. Ол қазір мектептерде қайырымдылық акциясы өтіп жатқанын айтты.
Дегенмен бұл баланың жасап жүрген қайырымдылығы мектептікінен «өзгеше» екенін маман да байқаса керек, оқушыдан «жетекшің қайда, неге жалғыз тұрсың?» деп сұрады. Оқушы да «мыналарға қайдан тап болдым» дегендей күйге түсіп, «жетекшім жаңа ғана кетіп қалды» деп құтылмақ болды. Гүлзира Лесбайқызы сол жерде бірден шешім қабылдап, қалалық білім бөліміне хабарласып, мән-жайды түсіндірді. Бақылауға алуларын тапсырды.
Бір білгеніміз, жеткіншектер қанша ақша жинап келсе де, берілетіні мың теңге ғана. Сол ақша үшін олар сағаттап далада күннің суығына қарамастан, елден тиын жинауда. Осылайша мұқтаждарға көмектескенімен, өздерінің де сол мың теңгеге «мұқтаж» екендерін білдік. Түске дейін сабақта болса, түстен кейін «қайырымдылық» деген жұмысына кетеді. Сонда оқу қайда қалады? Кеш батқанда жаурап, шаршап келген бала ары қарай сабақ оқи ма, оқыса да…
Тағы бір айта кетерлігі күндіздің өзінде аталған қордың Тараздағы филиалы орналасқан ғимаратты тапқанша, біраз сандалдық. Телефонмен айтқан жері осы тұс болар деп ары бардық, бері келдік. Таптық. Сөйтсек, орналасқан жері қаланың шет жағы. Жеткіншектер үшін кешкісін бұл маңда жүру қауіпті-ақ. Сонда қораптағы жиған ақшасын өткізетін кезде балалардың қауіпсіздігін кім қадағалайды? Осы сұрақ ата-ананы да, «жұмыс берушіні» де ойландыру керек. Қор өкілі «таксимен келе салады» дейді. Келсе келе салар-ау, дегенмен абай болған жөн шығар.
Бұл ойды ата-аналар да құптайды. «Бала оқушы, студент кезінде басқа дүниелерге көңіл бөлмей, тек қана сабағына көңіл бөлуі керек. Өйткені олар бұл кезеңде әр нәрсенің байыбына барып, түсіне бермейді. Баланы қоғамдағы орын алып жатқан түрлі жағдайлардан осылай ғана қорғай аламыз. Ал қазірден қолына қорап ұстатып, көше кездіріп қойсақ, не болғаны. Қараусыз, қорғансыз жүргеннен кейін біреулер зәбір көрсетуі мүмкін ғой, – дейді қала тұрғыны Әлібек Ергеш.
Ал көп балалы ана Перизат Маратқызы ондай қайырымдылық жұмыстарға балаларымды жіберіп көрмедім дейді. «Бос уақытында игі шараларға атсалысып тұрғанын теріс көрмес едім. Бірақ сенімді, баланың еңбегін пайдаланып, алдап кетпейтін болса ғана. Алайда бүгінде көшеде кездестіріп жүрген жасөспірімдердің ісі көзге біртүрлі оғаш көрінеді. Сырттай қарағанда олардың қайырымдылықпен айналысып жатқанын жұрт қайдан білсін, қайыр тілеп жүр деп ойлайды ғой», – деп өз ойын ашық айтты.
Бұл пікірмен де келісуге болатын шығар, себебі өткен жылы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция бөлімі өңірімізде зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде оқудан жалтарған және қаңғыбастық, қайыр-садақа сұраумен айналысқан 566 жасөспірімді анықтапты.
Жалпы қайырымдылық жасау ізгілікті іс екені бәрімізге белгілі. Өңірімізде онымен айналысатын еріктілер қатары да аз емес. Олардың нақты санын және қандай қайырымдылық істерімен айналысып жатқанын білмек боп облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдеріне де хабарласқан едік. Бірақ жауап бергілері келмеді ме, әне-міне деп, соңында жауапсыз қалдырды.
Осы мақаланы дайындау барысында аталған басқарма «Жан жылуы» деген атпен облыстық қайырымдылық акциясын өткізетіндері туралы редакциямызға арнайы шақыру хат жолдапты. Хатқа тіркелген қосымшада бізге керек мәліметтер бар болып шықты. Бүгінде өңірімізде «Жібек жолы жастары» волонтерлар қозғалысы құрылған екен. Жалпы мыңнан аса еріктілер дерекқоры жасалған. Олар жүйелі түрде «Тағзым», «Асар» жобалары аясында қарттар үйінде, жалғызілікті жандардың үй шаруасына көмектесу, тарихи-мәдени орындарды тазалау, санитарлық тазалық жұмыстарымен тұрақты айналысады екен.
Биылдан бастап еріктілер аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетпекші. Осы бағыттағы жұмыстарын бастап та кетіпті. Бірнеше апта бойы Тараз қаласында мекен-жай бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 450-ге жуық қамқорлық пен қолдауға мұқтаж отбасыларын анықтаған. Әзірге олардың тек 220-сына тиісті көмек көрсеткен. Енді алдағы уақытта қайырымдылық дүкендерін іске қоспақшы екен.
Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Асыл қасиеттердің бірі. Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулып жатады. Бірақ қайырымдылық жасап жүр деп, әлгіндей жолмен қолына қорап ұстатып, қайыр сұратып қойғанымыз жөн бе екен? Бұлай арқаны кеңге салмасақ керек. Өйткені жастар – ертеңгі болашағымыз. Ел сенімін арқалайтын да, ертең елге қызмет ететін де солар. Сондықтан олардың келешегін бүгіннен бастап ойлағанымыз дұрыс. Қазір тапқан мың теңгесіне бола мәз болып, санасына сызат түсіріп алмасақ дейміз. Ертең басына қандай да бір іс түссе, ақша табудың, күнкөрістің ең жеңіл жолы осы екен деп көше кезіп кетпесіне кім кепіл?!.

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support