- Advertisement -

Кәсіпкер пәтер сыйлады

33

- Advertisement -

Қайырымдылық –
қайырлы іс. Көңілге қанат бітіріп, болашаққа деген сенімін арттырады. Жұртты бір-біріне жақындастыра түсетін де – үлкеннің кішіге деген қамқорлығы, өзара көрсететін қолдау-көмегі. Осыны ескерген Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық
акцияларын жиі
ұйымдастырып тұруды қолға алуда.

Ассамблея мұрындық болған акцияға үн қосқан Тараз қаласындағы Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі, жергілікті меценат ағамыз (атын атамауды өтінді) шаһар тұрғыны, көп балалы жалғызбасты ана Гүлмира Мырзахметоваға пәтердің кілтін табыс етті. Осылайша Жамбыл жеріндегі игі шара ізгілікті істен басталды. Ұзақ жыл баспананың қиындығын көріп, уайымға салынған ананың қуанышында шек жоқ.
Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы шаңырақ иесіне құтты болсын айта барып, қоныстың жайлы болуына тілектестік білдірді. Бұл – өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан қолға алынған игі шараның бірі. Алдағы уақытта осы бағыттағы жоспарлы жұмыстар жалғаса беретінін айтқан мекеме басшысы Рано Убайдуллаева акцияға атсалысып, қайырымдылық жасаған Тараз қаласындағы жомарт азаматқа алғыс білдірді. Қазақ дәстүріне сай жаңа қонысқа шашу шашып, бес балалы ананың қуанышына ортақтасты.
Қыс ішінде далада қалдырмай, баспана алып берген жанға Гүлмира Асылқызының да айтары тек алғыс. «Балаларыммен қанша жыл пәтерден пәтерге көшіп, көп қиындық көрдім. Енді міне, Аллаға шүкір, өз үйіміз бар. Бұл күнге де жеттік. Барша тілектес болған жандарға және ең бастысы – баспана сыйлаған ағамызға Алла разы болсын! Денсаулығы мықты, өмір-жасы ұзақ боп, бала-шағасының қызығын көрсін!» – дейді ол.
Рано Махсұдқызы кәсіпкердің өз ұжымындағы жұмысшысын баспанамен қамтып, қайырымдылық жасағаны – осы жылдың ең елеулі оқиғасы болды дейді. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете сезініп, қолдауды қажет ететіндерге қамқорлық жасап жүретін бұл азамат қайырымдылықты жоғары бағалайды. Тіпті бізден аты-жөнін атамауды, ұлағатты ісін еш жерде жарияламауды өтінді. Дегенмен іскерлік қырымен танылып жүрген кәсіпкердің үйге қол жеткізе алмай қиналып жүрген бір отбасына қолайлы баспана алып беру бастамасы өте құптарлық, өзгелерге үлгі боларлық іс. Сондықтан ананың қуанышымен бөлісуді әрі бұл жаңалықты көпке жеткізбей тұра алмадық», – дейді.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Николаевна да мұндай игі істі көпке үлгі етіп көрсету қажет екенін айтады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, бұл азамат елімізде бизнес қанат жая бастаған кезден-ақ кәсіпкерлікке бет бұрып, тыңғылықты ісімен жақсы жетістіктерге жеткен. Облыс пен қала тұрғындарының шапағатына бөленген жан. Міне, енді баспанаға мұқтаждарға пәтер сыйлап, үлгі көрсетіп отыр. Оның отандық бизнестің ілгерілету жолындағы ілкімді тірліктерін де көріп жүрміз. Ал бүгін міне, өз қаражатына тұрғын үй алып беріп, тағы да бір жанашырлық ісімен бізді тәнті етіп отыр. Біз осындай кең пейілді азаматты мақтан тұтамыз», – дей келе қамқорлық – адамзатқа ортақ қасиет екенін атап өтіп, пәтерлі болған Гүлмира Асылқызына қонысының жайлы болуын тіледі.
Расында да көп балалы ананың өтінішіне құлақ түріп, баспана сыйлаған, бірақ бұл ісін көпке жарияламауды, өз есімін атамауды сұрайтын адамдар санаулы шығар?!
Көп жылдар бойы жалдамалы пәтердің тар бөлмесінде тұрып келген бес балалы Гүлмираға баспана жайы талай жылдан бергі басты мәселеге айналған еді. Енді міне, оның тілегі орындалды.

Ардақ Үсейінова
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support