- Advertisement -

Елге ел қосылса – құт

45

- Advertisement -

Бірде көне құжаттарым арасындағы өткен ғасырдың сексенінші жылдарында, яғни бұдан қырық жылдай бұрын жарық көрген «Жамбыл облысының паспорты» анықтамалығы көзіме оттай басылғаны. Оның сарғайған беттерін парақтағанымда, талай қызықты деректерге кез болдым. Мәселен, онда басқасын былай қояйық, өңір тұрғындарының ұлттық құрамы да таратыла айтылады. Атап айтқанда, 1979 жылғы халық санағының қорытындысына сәйкес облыста барлығы 931204 адам тіркелген. Оның ішінде жергілікті ұлт өкілдерінің саны 44,1 пайызды құрайды. Біраз елдің тарихи отандарына үдере көшуі ішкі және сыртқы иммиграцияға елеулі түрде ықпал ететіні беріде ғой, сол тұста өзге ұлт өкілдерінің туырлықтай тұтасумен отырғанына да айқын көз жеткізуге болады. Нақтылай кетсек, халық санағының мәліметтеріне сәйкес, орыстар – 30,4, немістер – 7,5, украиндар – 3,9, өзбектер – 1,9, дүнгендер – 1,8, татарлар – 1,7, әзірбайжандар – 1,3, кәрістер – 1,2, түріктер – 1,2, гректер – 1,1, күрділер – 0,7, белорустар – 0,5, қырғыздар – 0,4, шешендер – 0,4, ұйғырлар – 0,3, басқа да диаспора өкілдері 1,6 пайыз көлемінде тіркелген.

Шамада сол тұстағы халық санағы 12 бағытта жүзеге асырылған сыңайлы. Әлгі брошюрада өңірдің өнеркәсібі, құрылысы, ауыл шаруашылығы,тұрмыстық қызмет көрсету және сауда саласы дейсіз бе – бәрі де тұр. Колхоз, совхоздар мамандарының саны да келтірілген. Атап айтқанда, колхоз, совхоз, бөлімше, ферма басшылары, мал шаруашылығы бригадирлері барлық шаруаның басы-қасында жүргенін байқаймыз.
Бұдан қырық жыл бұрынғы халық санағының қорытындысы мені осындай әсерлерімен баураған. Ал биыл өтетін халық санағынан не күтіледі? Оның өткізілуінде қандай да бір ерекшеліктер бар ма? Қамтитын көрсеткіштерінің көлемі қандай? Міне, осы тұрғыдағы сауалдармен облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Инга Анатольевна Шевцоваға қайырылғанымызда, ол бізге былай деді:
– Тәуелсіздік жылдарында халық санағы елімізде осымен үшінші рет ұйымдастырылғалы отыр. Үкіметтің қаулысымен әне-міне бекітілуі күтіліп отырған мерзімінің қай күнге белгіленгенін айта алмаймыз. Бізге белгілісі – санақтың екі кезеңнен тұратындығы. Бірінші кезең биылғы жылдың маусым-шілде, екінші кезеңі қазан-қараша айлары аралығында өткізілмек. Санақпен үй шаруашылығының құрамына енетін, елімізде тұрақты тұратын, сонымен бірге уақытша есепке алынбаған, уақытша тұратын немесе жаңадан келіп жатқан респонденттер, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ, тұрақты негізде шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары қамтылатын болады.
Оның айтуынша, биылғы халық санағында жаңа технологиялар қолданылады, ал ерекшелігі – өткізілу кезеңінің бір айға дейін ұзартылатынында. Аталмыш жұмыстарға бұрынғы өткізілімдеріндегіден 3 есе аз санақ персоналы (санақ жүргізуге қатысушылар) тартылады деп те күтілуде. Атап айтқанда, заманауи ақпараттық технологияларды қолдану интернет пен портативті есептегіш құралдарды (планшеттерді) пайдалану әдістері көлемін де едәуір кемітеді.
Бұл жолғы халық санағы үшін арнайы сайт қолданылатыны белгілі. Интернет- сауалнаманы әрбір азамат өзі арнайы сайтқа кіріп, өзін және отбасы мүшелерін тіркей алады. Интернет-сауалнама санақтың негізгі кезеңі басталған уақыттан бастап 10 күнге дейін жалғасатын болады. Ал сайтты қолдана алмайтын немесе интернет желісі жоқ елді мекендерде тұратындар әрбір үй-жайды аралау кезіндегі сауалнамаға жауап беру арқылы санақтан өткізілетін болады. Респондентті тіркеуді ЖСН, куәлік нөмірлері және ұялы байланыс нөмірлерін енгізу арқылы да жүргізу жоспарлануда. Респондент телефон нөмірін алған соң, SMS-хабарлама арқылы растау кодын ала алады.
– Санақ парақшалары халықаралық БҰҰ ЕЭК және ТМД статистикалық комитеттері ұсынған негізгі және қосымша ұсыныстар ескеріле отырып дайындалған. Санақ парақтарында респонденттің тұрғын үй жағдайы, жеке мәліметтері (ТАӘ, жынысы, туған жылы, азаматтығы, тұрғылықты мекен-жайы, тағы басқалары), этномәдени сипаттамасы (ұлты, діни нанымы), білімі мен сауаттылығы, некелік жағдайы, еңбекпен қамтылуы, басқа да мәліметтер қамтылған, – дейді. И.Шевцова.
Мұның алдындағы халық санақтарының қорытынды нәтижелері бойынша қазақстандықтардың саны 1999 жылы 14 981 281, ал 2009 жылы 16 009 597 адамды құрағаны белгілі. Арада өткен он жыл ішінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында да айтарлықтай өсім бары айтпаса да түсінікті. Мысалы, 2018 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметке сәйкес облыс тұрғындарының саны 1124 559-ды құраған. Ал Тараз қаласы тұрғындарының саны бұдан он жыл бұрын 320 634 бірлікті құраса, бүгінгі күні 367 198-ге жетіп отыр. Облыс орталығында тұратындар қатарының тоқсаныншы жылдары едәуір селдіреп барып, қайта толығып өсуінің негізгі себебін Жамбыл ауданындағы бірқатар елді мекеннің қала бағыныстылығына өтуі үдерісімен түсіндіруге де болады.
Ал бұдан 40 жылғы жағдай бүгінгі жеткен деңгейімізбен мүлде салыстыруға да келмейді. Өнеркәсіп өндірісіміз де, ауыл шаруашылығымыз да, қала, ауылдарымыз да дамудың даңғыл жолына түсіп үлгерді. Бүгінде барлық сала цифрландырылуда, жаңғыртылуда, жаңа технологиялармен жарақтандырылуда. Қай салада болсын еңбек ететін мамандардың білімділігі мен біліктілігі қай кездегімен салыстырсаңыз да, анағұрлым артық әрі жоғары сапаға да ие. Әсіресе басшылық қызметтегі әйелдердің үлес салмағы арту үстінде. Ең бастысы, 2017 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті ұлт өкілдері облыс тұрғындарының 72, 6 пайызын құраған. Өңірдегі демографиялық өсім де ауыз толтырып айтарлықтай.
Қысқасы, биылғы санақ цифрлық технология негізінде өткізілетіндіктен, ашық та дәйекті болады әрі біздің еліміздің, оның ішінде өңіріміздің қаншалықты зор жетістіктерге қол жеткізгенін және бір айқындап береді деген сенімдеміз.

Баймаханбет Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support