- Advertisement -

Ауыл шаруашылығы малшы мен механизаторға зәру. Неге?

148

- Advertisement -

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында елде ет пен сүт өндірісін дамыту, мал өнімдерін өңдеуді жетілдіріп, ет экспортын ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күн тәртібіне өткір қойылып келеді. Ал ауылда тұратын бүгінгі кейбір жастар ата кәсібіміз – мал бағудан қашады? ауыл шаруашылығы техникаларын меңгеруге келгенде де құлықсыз.Бала кезімізде ата-әжелеріміз «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық-май жеген озар» деп айтып отыратын. Сөйтсек, ата кәсіптен қол үзбеген аға буынның бар тіршілігі малмен байланысты болғандықтан да, немерелеріне де осы кәсіпті үйретіп, икемдегісі келген ғой. Айына бір мәрте «қойкезегін» атқарып келген күні әжеміз төбемізді көкке көтеріп, бар құрмет, ілтипатын басымызға үйіп-төгетін. Өріске шығарда қоржынымызды тәтті дәмге толтырып берсе, кешкісін бүкіл отбасы алдында, бауырларымыздың ортасында қойкезекке шықанымызды ерлікке балап, мақтап айтып отыратын…

Рас, ауылда бұрын қоғам малын бағып, бейнетін көргендер айрықша құрметке ие болды. Олардың омырауларына таққан орден, медальдерінің қатары жылма-жыл толығып жататын. Бір ғана Талас ауданынан 59 Социалистік Еңбек Ері, 2 кеңес одағының Батыры шықса, соның 56-сы мал шаруашылығының мамандары, малшылар болды. Бағзы кезде әрбір жылдың қорытындысына қарай малшылар слеттері өткізіліп, сол тұста былайғы жұрт үшін «қасқалдақтың қанындай қат» болған жеңіл автокөліктер де бірінші кезекте «екінші тың» ерлеріне берілетін. Қалаберді халық депутаттары аудандық, облыстық кеңестерінің, ҚСР Жоғары кеңесінің депутаттарының көпшілігі де осы малшылар арасынан таңдалып, сайланушы еді.
Әлі есімде, Билікөл өңірінде Тұрсынбек Паширов, Жуалыда Сағындық Нұрпейісов 14-15 жасынан бастап қойшының құтты таяғын қолдарына ұстап, күн-түн демей тынымсыз еңбек етіп, биік белестерді бағындырды. Сонда жас малшы Тұрсынбек 25-інде Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылғанда, оны әкесі «Геройдың» жүгі ауыр болады. Әлі жассың, атақ-абыройға қызықпа. Еңбегіңді ел өзі-ақ бағалайды» деп үгіттеп, райынан қайтарған екен. «Ол атақты алмасам да, бүгінде әкем айтқандай абыройсыз емеспін. Білген адамға атақ-абырой еңбекпен келеді екен» дейді қария бүгінде. Ол әлі күнге дейін ата кәсібінен қол үзбей, жылқы баптап, салт атпен сейілдеп, көкпарлардан қалмай, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Ал Сағындық атаның қойдан көп төл алудағы, қоғам малын қыстан күйлі шығарып, мал басын көбейтудегі ерен еңбегі аудан тарихында жазылып қалды. Ол бірнеше рет ҚСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевпен үш рет кездесіп, дидарласқанын немерелеріне, ауылдастарына мақтанышпен айтып отырады.
Қазіргі уақытта облыста егін және мал шаруашылығымен айналысатын 18 мыңға жуық шаруа қожалығы тіркелген. Осынау агроқұрылым басшылары түрлі жиындарда «Мал бағуға ешкім келмейді, механизатор да жоқ» деп айтады да жатады. Бірақ жоғарыда біз атап өткендей құрмет пен ілтипат көрсетілмегеннен кейін малшы мен механизаторлыққа бүгінгі жастарымыз қайдан қызыға қойсын. Дейтұрғанмен шаруашылықтардың бірде-біреуінен әлі күнге дейін облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына немесе оның аудандардағы бөлімдеріне «бізге малшы, механизатор керек» деген сұраныс түспегені таңдандырады. Яғни бұл – әрбір шаруа өз қотырын өзі қасып, бұл мәселені өзінің әлеует, мүмкіндігіне қарай шешуде деген сөз. Ал бірақ малшы іздеген шаруа қожалық басшыларының жарнамасы қаптап тұр.
Жарнама берушілердің бірі, Байзақ ауданындағы «Еркінбек» шаруа қожалығының өкілімен телефон арқылы байланысып, өзі берген хабарландыру бойынша жұмыс іздеген болып, оның малшыға қояр талаптарын сұрап, білдік. Аталған шаруашылық басшысы өзінің иелігіндегі әзірге бос тұрған фермасына жақын күндері мүйізді ірі қара әкеліп, бордақыламақ ниетте екен. Міне, сол малды күтіп-бағатын және күзететін малшы іздестіруде. Мұнда малшы тұратын үй-жай да бар. Алайда әңгіме жалақы мәселесіне келіп тірелгенде, ол аса жомарттық таныта қоймады. Отбасымен көшіп келген күннің өзінде тек малшының өзіне ғана қолма-қол 50 мың теңге еңбекақы төлейтіндігін айтты. Соңынан «Кел, келісеміз ғой» деп қалды.
Қожалық жетекшісін де түсінуге болады. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» демекші, танып-білмей жатып, әлдебіреуге бар малын сеніп тапсыра салу – қазір өте-мөте қауіпті. Ұрлық-қарлық та осындайдан туындап жататынын Талас, Байзақ аудандарында өткен облыстық қоғамдық кеңестің жиындарында естіп жүрміз. Сонымен қатар тұрақты мекен-жайы жоқ қаңғыбастарды да мал соңына салып қою «жаңа қазақтардың» арасында қалыпты жағдайға айналғандай. Малды болу жақсы, бірақ оны «арзан жұмыс күші» ғой деп, малдың жайын білмейтіндерге тегін бақтырып, пайда көргісі келетіндерді түсіну қиын. Жеке малшысы болмаған соң, ұсақ қожалықтар бар малын ауыл маңындағы жайылымнан ұзатпай бағып, елді мекендердің айнала-төңірегін айтақырға айналдырып жіберген жоқ па? Әлеуеті, мүмкіндігі барлар қысы-жазы алыс жайылымды жайлап, өз малына өзі бас ие болып жүріп жатыр.
Жалпы, малшы мен механизатордың еңбегі жеңіл емес. Жыл он екі ай бойы бір сәтке тыным көрмейтін малшы үнемі елдің шетінде, желдің өтінде, аңызаққа күйіп, суыққа тоңып жүреді. Өзгелерге ұқсап жарқырап киініп,басқасын былай қояйық, өзінің Құдай қосқан қосағымен де қол ұстасып, қыдыра алмайтын, тіпті бала-шағасын балабақшада, мектепте оқыта алмайтын жандар да – бақташы, малшылар. Олардың өмір бойғы жанкешті еңбектерінің, өтемі де мардымсыз. Соның салдарынан ең төменгі зейнетақыны иемденуге мәжбүр.
Механизатор да солай. Қыста мұздай суық темір қолын қарып, ол суық бүкіл тұлабойын жайлап, кейін қартая келе, өле-өлгенше соның зардабын тартады. Тракторшы шіркіннің жаздың аптап ыстығында күнге қақталып, өнебойы май сасып жүргені. Осыншама бейнет кешкен айтулы механизаторлардың зейнетақыларының көлемі де мұғалімдікінен екі еседей аз болса, олар жылдар бойғы бейнеттерінің зейнетін көріп отыр деп айта алмассыз.

Мәселені салмақтай-саралай келіп, бұл сұрақты Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевқа да қойған болатынбыз.
– Шынында да, бүгінгі таңда малшы мен механизаторды табу оңай шаруа емес. Жыл санап ауылдағы ағайынның өзі ата кәсіптен алыстап бара жатқандай көрінеді маған. Қазір біз малшының өзін жоғары жалақы төлеп, ұстап отырмыз. Қойшы жалғыз өзі қой бақпайды ғой. Оның ас-суын әзірлейтін жары, әкесіне мал қайырысатын баласы болуға тиіс. Осыны ескере келіп, бір отбасындағы екі бірдей адамға айлық жалақы төлеп келемін. Еңбегіне қарай сыйақы да беріп тұрамыз. Әрбір қызметкердің жарнасы зейнетақы жинақ қорына уақтылы аударылып отырады.
Негізінен бүгінде бұл кәсіптің тұтқасын ұстап отырғандар – орта жастан асқан азаматтар. Өкінішке қарай, жастарымыз ата кәсіптің маңайына да жуығысы келмейді. Олардың ұғымынша мал бағу – малай болумен тең. Бұлай жалғаса беретін болса, жақын болашақта мал бағатын адам таппай қалатын түріміз бар. Жоғары оқу орнын бітіргенімен, ауылдан мамандығына сай жұмыс таппай жүрген жастар қаншама? Бәрі қалаға қарай қашады. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүріп, ақша тапқысы келеді.
Бұрын малшыға білікті маман ретінде қарайтын. Басшылардың оларға деген құрметі ерекше болатын. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын меңгерген механиктерге де құрмет жоғары-тын. Қазір оның бірі жоқ. Атақ пен абырой, медаль мен марапаттың барлығын алып жатқан шенділер мен шекпенділер. Арасында не бір малшы, не бір механик жоқ. Бұлай жалғаса беретін болса, күні ертең қолда барымыздан айырылып қалуымыз бек мүмкін. Сол үшін малшылар мен механизаторларға маман ретінде қарап, олардың ел ішіндегі мәртебесін көтермесек болмайды. Таң атқаннан күн батқанға дейін малдың соңында жүру, алқаптарда жер жыртып, егін себу біле-білгенге оңай шаруа емес. Осы бір қос мамандық иелерінің мәртебесін анықтап, зейнетке шығу жасын төмендетіп белгілеудің мезгілі пісіп-жетілген секілді, – деді Сайрамбай Әліқұлұлы.

Өзге қожалықтардың Сайрамбай ағадан үйренері де көп-ақ. Оның шаруашылығында малшыларға, механизаторларға барлық тұрмыстық жағдайлар жасалған. Ең бастысы, олардың құқықтарын қорғайтын заңды құжаттары – келісімшарттары рәсімделген. Малшы үйлері жылы да жарық. Монша, теледидар, ұялы байланыс бар, тіпті интернетке дейін қосылулы. Жұмысшыларына жылына бір рет демалыс беріліп, мерекелерде ынталандыру, құрметтеу шаралары да жасалып тұрады. Өңірдегі өзге шаруа қожалықтары да малшы, механизаторларына осындай тұрмыстық жағдай жасайтын болса, жастар мал бағудан қашпас еді. Өйткені қазіргідей заманда кімнің өркениеттен алыс, томаға-тұйық өмір сүргісі келеді. Дейтұрғанмен алуан меншік түріндегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары ең алдымен малшыға малай емес маман ретінде қараса, келісімшартқа да отырып, заң аясында жұмыс істеген болса, бүгінгі күні мұндай мәселе туындамас еді. Еңбектің өркениет талабына сай ұйымдастырылуы ұрлық-қарлықтың тыйылуына да септеспек.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметке жүгінетін болсақ, өңірімізде механиктер соншалықты аз да емес. Бір жыл ішінде облыс орталығы мен аудандардағы колледждерден, басқа да оқу орындарынан барлығы 746 бала тракторшы-машинист куәлігін алып шығады екен. Ал облыста тіркелген ауыл шаруашылығы техникаларының жалпы саны 5063 бірлікті құрайды. Оның ішінде комбайн мен шөп оратын КПС-тің саны 1000-ға жуық. Жоғарыда біз айтып өткен 746 түлектің 50 пайызы жұмысқа тұрған күннің өзінде осыншама техниканы меңгеретін мамандарды 7-8 жылда-ақ дайындап шығуға болатындығы анық. Бірақ олар бүгінде қайда жүр?
Білуімізше, техникалық біліктілікке ие мұндай мамандар көбінесе шаруашылықтар тарапынан берілетін жалақыны азырқанып, Астана мен Алматы қалаларына жұмыс іздеп кетіп қалады екен. Ауылдан ұзап шыға алмағаны техникасы жүріп, шаруасы шалқып тұрған ауылдасына жалданып жұмыс істеуге арланады. Істей қалса, отырыстарда құрдастары «түгеншенің малайысың» деп әжуалайтын көрінеді. Сөйтіп, олар қалтасында куәлігі бола тұра жұмыссыздар санын көбейтіп отыр. Кәсібін жаңа бастаушылар үшін еңбек майданында шынығып, өмір мектебінен өту заңдылық екені ұмытыла бастағандай. Мұндай кәсіп жастардың қолына жұғып қалмайды ғой. Талап, ниеті болса олардың қай-қайсысының да ертеңгі күні білімін жоғары оқу орындарында одан әрі жетілдіруіне, тіпті қызметте өсулеріне де мүмкіндіктері бар. Жас кезде еліміздің, оның ішінде өңір экономикасының өсуіне үлес қосу – әркімнің азаматтық міндеті болуға тиіс.

Мәртебелі мінберлерден осы мәселеге жиі қайырылып, «бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізетін жастар жоқ ауылда» деп шыр-пыры шығып жүретін азаматтың бірі – картоп өсіруші, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Керімқұл Бегалиев екенін де айта кеткеніміз жөн. Ол ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысуға ниетті жастарға көмек, қолдау көрсетуге де дайын.
«Бүгінгі таңда ауылдан маман шықпаған соң механизаторларды Өзбекстаннан жалдауыма тура келді, – дейді ол.
– Ауылда механизаторлар жоқ емес, бар. Бірақ неге екенін білмеймін, олар жұмыс істегісі келмейді. Қазір үш тракторым тоқтап тұр. Жалақыларын 100 мың теңгеге көтердім. Жылда көктемде қожалық есебінен олардың жеке бақшалықтарындағы картоптарын егіп, күзде жинап та беремін. Соның өзінде жұмыс істеуге ешкімнің құлқы жоқ. Мен, міне, осыған түсінбеймін. Әйтпесе бар жағдайды жасап-ақ жатырмыз. Кейбіреуі біраз жұмыс істейді де, көп өтпей қалаға кетіп тынады. Елбасы былтырғы Жолдауында ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыру керектігін атап көрсеткені белгілі. Ал жастар болса, ауылда емес, қиналса да қалада өмір сүруді қалайды.
Шынын айтқанда, бүгінде ауыл «қартайып» бара жатыр. Қара шаңырақта қарттардың көңіліне қарап отырғандар болмаса, өзгесі жаппай өндіріс орындары көптеп шоғырланған қалалы аумақтарға көшіп кеткен. Кейбіреулері ауылда тұрақтап, жер алып, баспана салайын десе, жер учаскесін он жылдап ала алмай тауы шағылады да, бәріне қолын сілтеп қалаға таюға мәжбүр. Жағдай осылай жалғаса беретін болса, біз бұдан әрі жастарды ауылда ұстап қала алмаймыз. Қалай болғанда да ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің, оның ішінде механизаторлар мен малшылардың мәртебесі жөнінде заң керек-ақ. Мүмкін олардың зейнеткерлікке шығу жасын кемітіп, «Дипломмен ауылға» сияқты малшы, механизаторларға арналған арнайы бағдарлама керек шығар. Өйтпеген күнде ертең ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін маман таппай қалуымыз әбден мүмкін».

Иә, бүгінде өркениетті елге айналып келеміз. Сан сала бойынша қолданатын технологияларымыз да көбейген үстіне көбейе түсуде. Бірақ бәрібір ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың маңызды саласы болып қала береді. Олай болса, бұл сала қажетті мамандармен, жастармен жеткілікті қамтылуға тиіс. Қалай десек те малшылықты ресми түрде мамандық деп мойындап, заң жүзінде қамқорлыққа алмай, сайын даланың төсін егінге, өрісін малға толтырамыз деу – бос қиял болып қалмай ма? Сіз қалай ойлайсыз, ағайын!

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support