- Advertisement -

ТҮНГІ ЖАҢАТАС КҮНДІЗГІДЕЙ ЖАРҚЫРАЙДЫ

73

- Advertisement -

Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласы жыл өткен сайын құлпырып, сән-салтанаты жаңарып, әсем ғимараттар мен көшелерді жаңару үстінде. Кеңес одағы ыдырағанда кейбір сәуегейлер: «Жаңатастың күні бітті», «Қала қалпына келмейді» деп, сол кезеңдегі қираған үйлер мен қаңыраған көшелерді, қара түнек басқан қаланы сан саққа жүгірткен болатын. Орталық көшелерде жүрудің өзі қорқынышты болды. Бірде-бір жарық жоқ, мүлгіген, қара түнектің құшағындағы шағын қаланы бүгінгідей жарқырай түседі дегенге ол кезде ешкім сенбес еді. Қараңғылықты пайдаланған ұры-қарылар да көбейіп кетті. Жарық белгілі мерзім де ғана берілетін. Көп қабатты тұрғын үйлерде тұратындар білтелі шам жағып, әркім өз беттерінше күндерін көріп жатты. Ол кезде жоғары кернеулі электр сымдарын ұрлап, алюминий өткізу де белең алған еді. Кейбір азаматтарымыз жазатайым тоққа түсіп, қайғылы қазаға да ұшырады.
Қиындықтың бәрін жеңе білген тұрғындар өздерінің ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында шағын қаланың шырайын келтіріп, түн мезгілінің өзінде күндізгідей жарқыратып тастады. Жаңатас қаласы ынтымақ пен бірліктің қаласына айналды. Болашағы өте зор. Табиғи пайдалы қазбалары халық игілігіне айналуда.
Сырттан келген қонақтар қаланың тез арада дамып, қалпына келе бастағанына тамсана қарайды. Әсіресе түнгі көрінісі адамды шексіз қиялға бөлеп, арманға жетелейді. Кіреберісіндегі латын әрпімен жазылған «Жаңатас қаласы» самаладай жарқырап, көз тартады. Сол көшенің бойындағы құлпырған гүлдер қаланың шырайын кіргізе түскен. «Жаңарған Жаңатас». «Рухани жаңғыру» жазуларының да түнгі көрінісі өте ерекше. Аудандық орталық аурухананың маңы да түрлі жарық шамдармен безендірілген.
Аудандық әкімдік алаңы адам танымастай, түрлі түсті, әсем көріністермен шырайлана түскен. Әсіресе халық көп демалатын Мәдениет үйінің алды жаңа жыл мерекесі қарсаңында ерекше безендірілді.
Аудан орталығының түзу де әдемі көшелері бұл күні халыққа лық толған. Ерсілі-қарсылы жүрген жастар мен тұрғындардың көңілдері шат. Орталық көшеде орналасқан «Мәңгілік от» кешені мен ауғандық жауынгерлерге орнатылған ескерткіштің айналасы абаттандырылып, жарықпен көмкерілген.
Жаңатас қаласы әкімдігінің маңайында да, түрлі түсті жарық көздің жауын алады. «2019 жыл» атты арка өзінің ерекшелігімен көз тартады. Қаладағы жеке кәсіпкерлер салған «Аян-Холл», «Ертегілер әлемі», және «Жібек жолы» мейрамханаларының да түрлі әсем бейнелі шамдармен безендірілуі ерекше.
Жаңатас қаласының түрлі түсті жарықпен безендірілген көрінісі қала халқының көңіл-күйін көтеріп, алдағы күндерге деген сенімін одан сайын арттыра түскендей.

Құдайберген МӘМБЕТОВ,
журналист.

Жаңатас қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support