- Advertisement -

Жаңа салық амнистиясы аясында

47

- Advertisement -

Мемлекет басшысының өткен жылдың қазан айындағы халыққа Жолдауында бизнес өз жұмысын жаңадан бастауы үшін биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімақы мен айыппұлды есептен шығару арқылы салық амнистиясы шараларын жүзеге асыру жөнінде тапсырма бергені баршаға мәлім. Бұл шараның, әсіресе қарызға батқан кәсіпкерлер үшін маңызы айрықша елеулі.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтеріне сәйкес, еліміз бойынша есептен шығаруға жататын барлық айыппұлдар мен өсімақылар сомасы 130,2 миллиард, оның ішінде облысымыз бойынша 1727,8 миллион теңгені құрайды екен.
Жалпы, кәсіпкерлер мойнында салықтық берешектердің осыншама көлемде жинақталуына көбінесе, бизнес ісін жүргізудегі сауаттылықтың кемшіндігі немесе кәсіпкерлер арасында өзара қарыздың қалыптасуынан мүмкіндіктің шектелуі, келесі бір жағдайларда немқұрайдылық пен сылбырлық секілді құбылыстардың себепкер болатыны белгілі. Осыған орай ҚР Салық кодексіне қосымша 57-1 бап енгізілді. Бұл түзету жобасы салық төлеушілердің дербес есеп шоттарындағы 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша есептелген бересі соманы 2018 жылғы 1 қазаннан 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде төлеген жағдайда өсімақы мен айыппұлдарды есептен шығаруды қарастырады. Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес есептелген айыппұл сомасы, ал негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімақы сомасы есептен шығарылады.
Мұның Салық кодексіне немесе оңалту және банкроттық туралы заңнамаға сәйкес салықтардың төлеу мерзімін ұзартқан немесе оңалту рәсімінде тұрған салық төлеушілерге де қатысы бар. Алайда жоғарыда аталған баптың ережелері мониторингке жататын ірі, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану, акцизделетін өнім өндіру секілді қызмет түрлерінің біреуі немесе бірнешеуі бойынша салық төлеушілерге, дара кәсіпкер ретінде тіркеуде тұратындар мен жеке тәжірибе ісімен айналысатындарды қоспағанда, жеке тұлғаларға қолданылмайды.
Айта кету керек, тәуелсіздік жылдарында кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметін сауықтыру мақсатында айыппұлдар мен өсімақыларды есептен шығару үшін салық амнистиясы үш рет – 1997-1999, 2011 және 2015 жылдары жүзеге асырылған болатын. Осылайша әр жолы кәсіпорынға жиналған борышынан құтылып, заңды коммерциялық қызметін жалғастыруға мүмкіндік берілді. Биыл да салық рақымшылығын жасау шараларының жүзеге асырылуы кәсіпкерлер қауымын айрықша қуанышқа кенелтуде. Бұл шараға облыс бойынша 3636 салық төлеуші ілігіп отыр.
Тағы бір еске сала кетерлік жайт, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 26 желтоқсандағы №203-VI Қазақстан Республикасының Заңымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуі қарастырылған. Бұл да қарапайым халық үшін мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктер. Атап айтқанда, мұндай жағдайда бірыңғай жиынтық төлемнің сомалары міндетті зейнетақылық және әлеуметтік төлемдердің көлемі өсуіне өз әсерін тигізбек. Сонымен қатар бұл жағдайда жеке тұлға салық органына тіркелмейді және салық есептілігін тапсырмайды.
Салық кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, бір мезгілде бірыңғай жиынтық төлемді төлеген, жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын, тек қана жеке тұлғаларға қызмет көрсететін немесе акциздік өнімдерді қоспағанда, өзінің жеке қосалқы шаруашылығында өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн тек жеке тұлғаларға ғана өткізетін, дара кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер деп танылады. Ал заңды тұлғаға немесе дара кәсіпкерге қызмет көрсететін жеке тұлғаның бірыңғай жиынтық төлем жүйесін қолдануына құқығы жоқ.
Сонымен қатар осы заңнамада бірқатар шектеулер де қарастырылған. Атап айтқанда, коммерциялық жылжымайтын мүлiк нысандары аумағында, кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын, оның iшiнде меншік құқығындағы, жалдау, пайдалану, сенiмгерлiк басқару (сауда объектілерін қоса алғанда) секілді қызмет түрлерін жүзеге асыратын, мүлікті жалға беретін, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ (оралмандарды қоспағанда), жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуі бар азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ретінде танылмайды.
Бірыңғай жиынтық төлем төлеушінің табыс мөлшері күнтiзбелiк жыл үшiн республикалық бюджет туралы заңнамада белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарындағы айлық есептік көрсеткіштің 1 175 еселенген мөлшерінен аспауға тиiс. 2019 жылға бұл мөлшер 2966875 теңге көлемінде белгіленіп отыр.
Бюджет пен қорлар арасында төлемдердің бөлінуі ыңғайлы болуы үшін, бiрыңғай жиынтық төлем банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының есеп шотына бір төлем тапсырмасы бойынша жалпы сомамен төленуге жатады. Бірыңғай жиынтық төлемді жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдер түрінде төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

Өмірзақ ҚОСПАНОВ,
Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support