- Advertisement -

Қазақ боксшыларының қарымы

33

- Advertisement -

Мейірім Нұрсұлтанов пен Мадияр Әшкеев жеңісті жорығын жалғастырды

Шаршы алаңда кезекті жекпе-жегін өткізген Мейірім Нұрсұлтанов пен Мадияр Әшкеев білгенінен жаңылмай, жеңісті жорықты жалғастырды. АҚШ жерінде ұйымдастырылған бокс кеші қазақстандық жанкүйерлердің көңілінен шыққаны анық. Қос саңлағымыз да сенім үдесінен шыға білді.
Алдымен шаршы алаңға орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Мейірім Нұрсұлтанов көтерілді. Қазақстандық кәсіпқой бокс шеберінің бұл жолғы шайқасы сегіз раундқа жоспарланған-ды. Алайда Мейірімнің қарсыласы, мексикалық Рамон Агинаги ұзаққа бара алмады.
Жекпе-жек бастала салысымен аңдысып жатпай, бірден шабуылға көшкен Мейірімнің қарсыласына қатал қарағаны анық. Аты Мейірім болғанмен жұдырығы жойқын әрі қатал Нұрсұлтановтың соққылары ә дегеннен-ақ мексикалықты састырып тастады. Комбиниациялық шабуылдар өз жемісін беретіні сөзсіз. Шайқас барысында солай болды. Отандасымыз Агинагидің екі аяғын бір етікке тығып, екінші раундта мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Таза нокаут! Осылайша шаршы алаңда оныншы кездесуін өткізген қазақ сайыпқыраны оныншы жеңісіне қол жеткізді. Мейірім сегізінші рет жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтап отыр.
Мейірімнен кейін шаршы алаңға Мадияр Әшкеев көтерілді. Бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген жерлесіміз, меркілік былғары қолғап шебері пуэрто-риколық Луис Эрнандеспен қолғап түйістірді. Он раундтық шайқаста Мадиярдың басымдығы айқын аңғарылып тұрды. Алғашқы раундта қарсыласының қарым-қабілетін байқап көрген жамбылдық жампоз уақыт өте келе сериялық соққыларын жұмсап, тамаша шабуылдар ұйымдастыра бастады. Раунд өткен сайын қарқынын арттырған Мадияр Әшкеевтің жеңіске жететініне ешкім күмәнданбаған-ды. Солай болды. 10 раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшының жеңіске жеткенін мәлімдеді. Осылайша Мадияр кәсіпқой рингтегі он бірінші кездесуінде де жеңіс туын желбіретті.
Қазақ боксшылары кезекті жеңістен кейін рейтингтегі жағдайды біршама жақсартып алды. www.boxrec.com сайтындағы дерекке зер салсақ, орта салмақтағы Мейірім Нұрсұлтановтың 32-орынға, бірінші орта салмақтағы Мадияр Әшкеевтің 127-орынға орныққанын байқаймыз. Әлбетте, Мадиярға әлі біраз еңбектенген жөн. Ал Мейірім Нұрсұлтанов алдағы екі жекпе-жектен кейін үздік ондыққа енуі ықтимал.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support