- Advertisement -

Білім саласының білікті Баймұраты

100

- Advertisement -

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Бабаларымыз бекер айтпаған. Жаныңда жүрген жақсы адамдарды құрметте дегені. Ондай азаматтарды ісінен, жұмысынан танисың. Мәселен, №44 орта мектепке бара қалсаңыз, бейнебір саябаққа келгендей боласыз. Білім ошағының ауласы мұнтаздай таза, есіктің алдына алуан түрлі гүлдер егілген. Мектептің ішінің тазалығынан мін таппайсыз. Ал білім сапасына келсек, кейінгі жылдары 76 оқушы – халықаралық, 8 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлде алса, 26 шәкірті қалалық түрлі жарыстардың жеңімпаз-жүлдегері. Ұстаздар құрамы да сапалы. Осы мектептің 3 мұғалімі – халықаралық, 3 мұғалімі – республикалық, 65 мұғалімі – облыстық түрлі байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері.
Білім ошағы сатирик Шона Смаханұлы атында. Осы мектепте Ш.Смаханұлының туғанына 90 жыл толуына арналған шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған болатын. Мұның барлығы мектеп директоры Баймұрат Жақсыбековтің іскерлігін, оқушының бойына білім мен тәрбиені қатар сіңіре алатын жан-жақтылығын көрсетсе керек. Аталған мектепте жоғары санатты ұстаз, білгір ұйымдастырушы, озат басшы Баймұрат Жақсыбекұлының 60 жасқа толған мерейтойы өтті.
«Өмір белестері» атты кеш мерейтой иесінің Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілетін ең мәртебелі марапат «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталуынан басталды. Марапатты Тараз қаласы білім бөлімі кәсіподақ комитетінің төрайымы Ирина Костина табыс етті. «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбек пен қала әкімдігінің бас инспекторы Әмірхан Тоқтасынұлы ақ ниеттерін білдіріп, мерейтой иесіне қала әкімінің Алғыс хатын ұсынып, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының Құрмет грамотасын тапсырды. Мұнан соң қалалық ардагерлер кеңесінің өкілі Алдаберген Махашев, қалалық мәслихаттың депутаты Әмина Қайназарова, «Айрықша тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрбол Пісебаев, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Клара Бұзаубақова, осы университеттің доценті Жанат Сабыралиева, Білім беру ісінің үздігі Гүлсім Нұржанова және мектеп директорлары, курстастары құттықтап, алпыстың асқарына шыққан ұстазға құрмет көрсетті.
Келесі сәтте мектеп ұстаздары мен оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама көрсетілді. Республикалық «Бала даусы» байқауының лауреаты Айлун Заушева «Қазағым» әнін, республикалық ән байқауының жүлдегері Ілияс Қорғанбай итальяндық «О Солемио» әнін нәшіне келтіріп шырқаса, «Мұғалімдер» тобы бірнеше патриоттық және Шона Смаханұлының сөзіне жазылған «Жамбыл жастар вальсі» әндерін шарықтатты. Мерейтой иесі әріптесі Айжан Әбдешовамен бірге «Уақыт», оқушысы Нұрсұлтан Қуатбаевпен бірге халық әні «Айқаракөз», Айжан Әбдешова және Бөкейхан Дүйсенбаевпен бірге «Аққу арман» әндерін орындап, басшылықтан, ұстаздықтан бөлек әншілік қырының да бар екенін көрсетті.
Жиын соңында мектеп директоры, мерейтой иесі Баймұрат Жақсыбеков сөз сөйлеп, барша қонақтарға, мектеп ұжымына алғысын білдіріп, мектеп кітапханасына өзінің жеке кітап қорынан 60 кітап тарту етті.
Кеш соңында мұғалімдер мен оқушылардан құралған хор «Ұстазым» әнін шырқады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support