- Advertisement -

Құм қойнауында да қарбалас тірлік бар

72

- Advertisement -

Ит жылын табысты аяқтаған аудан малшылары доңыз жылында да табыстың тайқазанын тасытуға құлшына кіріскен. Кіріскені сол, бүгінде олар малдың қоңын төмендетпей, шығынсыз бағып-күтуде. Құмды өлкенің қай асуынан ассаңыз да, қыстау үстінен дөп түсеріңіз хақ.

«Мейіржан», «Әбдірайымов», «Нұралиев» шаруа қожалықтары мен «Пионер» өндірістік кооперативінің мал отарлары шоғырландырылған аумақтан 10-15 шақырым әрі асқанымызда, тағы бір баз алдымыздан шыққан. Сөйтсек, мұнда «Шоқаев» шаруа қожалығының мүйізді қара малы қыстатылуда екен. Бізді шаруашылық басшысы Әскербек Шоқаевтың өзі алдымыздан шығып қарсы алды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін ол шаруа жайымен таныстырды. Қора-жайы таза әрі жылы, жемшөбі жеткілікті. Мал да қоңын жоя қоймаған.
– Биыл қыс елге қарайласып-ақ тұр. Тек шығыстан тынбай есетін ызғырық жел болмаса, алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Мал-жан аман. Түз еңбеккерлері өз істерін айрықша жауапкершілікпен атқаруда. Малдың қоңды болуы солардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Екі базда қой-ешкілеріміз қыстатылуда. Ал бір базда мүйізді ірі қара малын ұстаймыз. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, сіздер келген күні бірден бес сиырымыз бұзаулады. Жалпы иелігімізде 200-ге жуық сиыр бар, оның бүгінгі күнге дейін 80-і төлдетілді. Ресейден былтыр әкелінген ақбас тұқымды 70 құнажынымыз тағы бар. Олар жерсініп, шөп талғамайтын деңгейге жетті. Шетінен қоңды, бәрі де дін-аман. Құдай қаласа, биыл бұзаулайды, – дейді Әсекең.
Айта кету керек, осыдан 37 жылдай бұрын ресейліктер елімізден 112 бас қазақы ақбас сиырымызды аттай қалап алып кетіп, өз төлі есебінен көбейтіп өсіру ісін қолға алғаны белгілі. Одан бергі уақыт ішінде асыл тұқымды сиырлардың саны біздің өңірімізде айтарлықтай кеми түскені байқалған. Ал ауданымызда атымен жоқ болатын. Кәсіпкер азамат Ә.Шоқаев сол олқылықтың орнын толтырғандай. Өрісімізден өзіміздің қазақы асыл тұқымды сиырларымызды көретін күн де туды.
Бір байқағанымыз, құла түз, құба медиеніңізде де қайнаған қызу еңбек бар. «Екінші тың» еңбеккерлерінің малсақтығын қоя қалыңыз, бірі отар, табынды өріске шығарып әкетсе, бірі ашық албар ішін тазалауда. Енді бірі бұзауларды емдеу үшін арнайы шақырылған мал дәрігеріне көмектесіп, қолғабыс жасаумен жүр. Мұнда текке қарап отырған бір адам болсайшы! Олардың бірін әңгімеге тартпақ болғанымызда:
– Мал өрістен келетін сәт жақындады. Астауларға жем салып, шөп шашып үлгеруім керек, – деп шаруасынан қолы босай қоймайтынын жеткізді.
Бақташы мен малшының қай-қайсысы да сөзге жоқ, іске мығым екені байқалып-ақ тұр. Құм қойнауындағы, міне, осындай қауырт та қарбалас тірлікке куә болып, көңіліміз марқайып қайтты бұл жолы.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support