- Advertisement -

Журналистердің мерейі тасыған күн

77

- Advertisement -

Өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұқараға жетеді. Төртінші билік қоғамдық санаға серпіліс беріп, жұртты жұмылдыра алатын күшке де ие. Осы тұрғыдан алғанда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жамбылдық журналистердің қосар үлесі мол. Жыл айрығында журналистермен кездескен өңір басшысы Асқар Мырзахметов осылай деді.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жыл ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани өмірі туралы талдау-сараптамалық және ақпараттық мақала жазған журналистер арасында өткізілетін облыстық байқаудың қорытындысы биыл да Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жарияланды. Топтан озық шығып, жүлде алған тілшілерді марапаттау салтанаты әдеттегіден өзгеше форматта өтті. Жұртшылықпен ешқандай кедергісіз байланыс орнатуды көздейтін облыс әкімі Асқар Мырзахметов қаламгерлермен кездесуді де емен-жарқын, еркін өткізуді көздеген секілді.
«Арай плаза» кешенінде өткен шараға ардагер қаламгерлер, басылымдар мен телеарналардың басшылары және бірқатар тілшілер шақырту алыпты. Үлкен залға журналистер үшін фуршет ұйымдастырылып, құрмет көрсетілді. Ақ дастарханның адамды бауырмалдыққа шақырып, жақындастыра түсетін қасиеті де осы емес пе, бірін-бірі шын жүректен мерекелерімен құттықтаған олар бір серпіліп қалды.
– Мемлекеттік бағдарламалар мен еліміздің стратегиялық жоспарларында айқындалған міндеттер мен Елбасы тапсырмаларының қалай жүзеге асырылып жатқанын көпшілік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп-біліп отыратыны мәлім. Өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жұртшылыққа жеткізуде сіздер талмай еңбек етіп, жамбылдықтарды ортақ мақсат, ортақ мүдде жолында ұйыстырып келесіздер. Осы үшін сіздерге ризашылығымды жеткізе отырып, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Келер жыл баршамызға табысты, берекелі, ырысты болсын! – деген Асқар Исабекұлы бірқатар журналистерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Солардың қатарында республикалық «Қазақстан-Заман» газетінің басшысы Сәуле Мешітбаева, облыстық «Аq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, «Знамя труда» газетінің Директор-Бас редакторы Бекет Момынқұл, сондай-ақ республикалық «Экспресс К» газетінің меншікті тілшісі Галина Выборнова, облыстық «77 ТВ» телеарнасының шеф-редакторы Күләш Өмірзақова, оңтүстік аймақтық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Галина Скрипник бар.
Сондай-ақ, конкурста жүлдегер атанып, ақшалай сыйақыға ие болғандар арасында да облыстық «Аq jol» газетінің журналистері барын атап өткен жөн. Мәселен, «Үздік талдамалық мақала» номинациясы бойынша «Ақпараттар және хаттар» бөлімі редакторының міндетін атқарушы Амангелді Әбіл жүлдегерлер қатарынан көрінсе, тілші Камила Борашова ынталандыру сыйлығына ие болды. Ал фототілші Ақәділ Рысмахан «Үздік фото» аталымы бойынша үздік шықты. Конкурста өзге де республикалық басылым және телеарналардың меншікті тілшілерінің, облыстық газеттер мен жергілікті телеарна журналистерінің конкурсқа ұсынған еңбектері лайықты бағаланған. Олар да сыйақысыз қалған жоқ.
Осылайша ерекше марапатқа ие болып, жүлдеге қол жеткізіп, мереке қарсаңында мерейі тасыған журналистер бір жадырап қалды. Осы кешке арнайы шақырту алғандары әріптестерінің қуанышымен бөлісті.

 

Ардақ Үсейінова
Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support