- Advertisement -

Біз тұрып жатқан аты жоқ көшеге әкеміздің есімі берілсе…

166

- Advertisement -

Менің әкем – Бақытяр Әбілдаұлы өзінің саналы ғұмырын туып-өскен өңіріміздің өсіп-өркендеуіне арнады. Тал бесіктен жер бесікке аттанғанша қолынан қаламын тастамай, облысымыз бен қаламыздың шежіресін тасқа түсірген белгілі қаламгер-тарихшы.

Ол 1937 жылы 10 қарашада Талас ауданының «Қызыл Октябрь» ұжымшарында дүние есігін ашты. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде тілші болып бастап, кейіннен «Ақ жол» болып өзгерген облыстың бас басылымында 2005 жылға дейін бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институты ғылыми орталығының директоры болып еңбек етті.
Әкеміздің «Тұлпардың тұяғы», «Шолпан сыры», «Бөлтірік би», «Шоқай Датқа», «Сыпатай батыр», «Шапырашты Наурызбай батыр» сынды роман-повестері талғампаз оқырманның көзайымына айналды. «Төле би мен Қойгелді батыр», «Рысбек батыр», «Байзақ датқа», «Талас-Айша бибі-Қарахан» сынды тарихи-әдеби жинақтары да төл әдебиетіміздің алтын қорына қосылған дүниелер. «Айша бибі», «Төле би» және «Сыпатай батыр» тарихи қойылымдары Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының театрларында қойылып, өз көрермендерін тәнті етті. Сонымен қатар «Айша бибі» пьесасы 2013 жылы республикалық телеарнаға шығарылып, Қазақстанның Польшадағы Мәдени күндері аясында көрсетілді.
Б.Әбілдаұлы – туған өңірдің тарихын зерттеуде, оны қалпына келтіруде тынымсыз еңбек етті. Көп жылғы зерттеудің нәтижесінде Тараз қаласының тарихына 2000 жыл екенін ғылыми негізде дәлелдеп шығып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Жамбыл қаласына тарихи атауы берілді. Сонымен бірге ол Айша бибі кесенесін де алғаш зерттеген тарихшы-қаламгер болатын.
Екі медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған. Жазушылар одағының, Мәдениет министрлігінің сыйлықтарының иегері. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Тараз қаласының және Алматы облысы Қарасай ауданының Құрметті азаматы. Өкінішке қарай, әкем 2010 жылы 6 тамызда дүние салды.
Бүгінде мен отбасыммен Тараз қаласы, «Шалғай Қарасу-3» тұрғын жай алқабында тұрамыз. Біздің 8 сотық жердегі шағын үйімізге тиесілі құжаттың бірінде №84 учаске деп жазылған, өйткені көшенің аты жоқ. Бүгінде біз тұрып жатқан аты жоқ көшеде жаңадан салынған 60-қа жуық үй бар.
Мен отбасымның және бауырларымның атынан Тараз қалалық әкімдігі мен мәслихатына осы аты жоқ көшеге әкем Бақытяр Әбілдаұлының есімін беруге ықпал етулерін өтінемін.

Абайжан ӘБІЛДАЕВ,
«Шалғай Қарасу-3» алқабының тұрғыны.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support