- Advertisement -

Табиғатты тамылжыта жырлаған ақын

196

- Advertisement -

Қуандық Шолақтың әдеби кеші тараз қаласында өтті

Табиғат АБАИЛДАЕВ

«Жақтырмай сылқ-сылқ күлген бұлақ үнін,
Ұшына от тиген бе құлағының?
Ұялып, қызарақтап тұрып-тұрып,
Жиекке жасқаншақтап құлады күн.

Бұлқынған елестетіп жүректі көп,
Самалмен жапырақтар дір етті үдеп.
Ымырт шал тастай салды көлеңкені,
Қалтарыс, сай, жыраға күреп-күреп».

Бұл құландық Қуандық ақынның «Кешкі көрініс» атты өлеңінен үзінді.
Ауылын сағынатын, «алтын бесігім» деп қамығатын ақындар көп-ақ. Бірақ соның дені Алматыда, Астанада жүріп сағыныштарын баса алмай жырына арқау етіп жатады. Қуандық Шолақтың артықшылығы – табиғатты табиғатта отырып жазады. Өйткені ол – даланың ақыны, қаланың байлаулы тіршілігі мен тыныс тарылтатын ауасына зәру емес. Оның суреткерлік диапазоны – ауыл, пейзаж, мезгіл айшықтары мен көріністері.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық Шолақтың «Күзде гүлдеген тобылғы» атты шығармашылық кеші көңілге көп ой салды. Жамбыл атындағы «Руханият» орталығына әдебиеттің өкілдері жиналып, ақынның мерейін өсірді. Қайбір жерлердегі көрініс қайталанған жоқ. Анығы, мұғалімдерді қинап, жинап отырғызып қойған жағдай орын алмады. Келгендердің бәрі де өлең немесе әдебиет тақырыбында қалам сілтеп жүрген жандар. Қуаныштысы – сол.
Әдеби шара барысында алдымен «Jambyl» телеарнасы түсірген «Өмір – өткел» хабарынан үзінді көрсетілді. Бейнесюжетте Қуандық ақын өз репертуарында. Сол табиғаттың аясында, талдардың саясында жүр. Мұнан соң облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина сөз сөйлеп, ақынды шығармашылық кешімен құттықтады. Қазақы жоралғымен сый-сияпат жасады. Кейіннен Қуандық ақын сөз алып, алғысын жеткізді. «Елде жатқан адамды елеп, шақырып құрмет көрсетіп отырғандарыңызға рахмет. Кәдімгідей марқайып қалдым», – деген ақын өзі туралы әдебиет алыптары жазған пікірлерден үзінділер оқып берді. Жас кезінде қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Төлеген Айбергеновпен кездескені туралы естеліктерден сыр шертті.
Соңыра филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ сөз алды. Ол Қуандық Шолақтың суреткерлік шеберлігі туралы мазмұнды баяндама жасап, табиғат тамыршысы атанған ақынға зор денсаулық тіледі. Ақын Қайырбек Асанов Қуандық Шолақтың шығармашылығы, азаматтық бейнесі туралы толғанды. Қуандық ақынның інісі Сәбит Әлдебай термелер орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Суреткер ақынның немерелері атасының өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ шара барысында «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық, ақын Хамит Есаман, Үміт Битенова, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, журналист Ерман Әбдиев, Бақытжан Советұлы Қуандық Шолақ туралы пікірлерін ортаға салып, ізгі тілектерін арнады.
Бұл күні «Жырым менің болмай жүр барға таныс, күнде барып келетін Алматы алыс» деп жырлаған Қуандық Шолақ шешіліп сыр шертті. Ал Қуандық Шолақтың алыста жүріп ауылды аңсамай, өз әлемінде отырып жансыз көріністерге жан бітіруі – білгенге үлкен олжа.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support