- Advertisement -

Талант ты Шәкірт – ұстаз мерейі

113

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Жуырда елордамыз Астана қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Білім көшбасшысы – 2018» Ұлттық Премиясы ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық ұстаздар қатысты. «Халықаралық Экология, Инженерия және Педагогика Ғылымдарының Академиясы» қоғамдық қорының мұрындық болуымен өткен салтанатты шара биыл үшінші рет түндігін түріп отыр.
Білім саласындағы реформаларға белсене атсалысуға шақыру және мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында өткен шара барысында «Шабыт», «А.Құнанбаев», «Ы.Алтынсарин», «А.Байтұрсынов», «Қ.Сәтбаев» атындағы төсбелігімен, сондай-ақ «Білім беру саласының үздігі» аталымы бойынша бірқатар ұстаздар марапатталды.
Еліміздің білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның өзі «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін табыстаған ұстаздар қатарында Айшат Қалдасбекова да бар. Жуалы ауданы, Көктөбе ауылындағы №30 орта мектебінің биология және химия пәнінің мұғалімі 31 жыл ұстаздық өмірінде тынымсыз ізденіп, ауыл балаларының жан-жақты болуына күш жұмсап келеді. Сол шәкірттері бүгінде аудандық, облыстық пән олимпиадаларында жиі топ жарып, ұстаздың мерейін тасытып жүр. Сірә, ұстаз бақыты деген осы болар?!
Алайда аядай ауылда ұстаздық қызмет ететін Айшат Қалдасбекқызы марапат пен қошеметке зәру емес. Тек талай жылғы еңбегі лайықты бағаланып, өзі тәрбиелеген шәкірттерінің сенімді ақтағанын қалайды. Жаңашыл ұстаз «Білім көшбасшысы – 2018» Ұлттық Премиясының өтетіндігін, оған қатысу тәртібін ғаламтор арқылы білгендігін айтып, мұндай шаралардың көптеп өтуі мұғалімдерді қанаттандыратынын жеткізді.
– Меніңше, кез келген мұғалім үшін үнемі ізденісте болса ғана, заман талабына қарай бейімделіп, шәкірттеріне үйретері көп болмақ. Өз басым қолым қалт еткенде ғаламторды пайдаланып, өзіме қажетті дүниені алып отырамын. Білім көшбасшысы – 2018» Ұлттық Премиясының өтетіндігін де дәл осы ғаламтор арқылы білдім. Жасыратыны жоқ, өзге өңірмен салыстырғанда біздің облыстағы ұстаздар мұндай шараларға өте сирек қатысады. Сондықтан мектеп басшылығы ұстаздарға осындай шараларға қатысуға мүмкіндік жасаса, одан ұтпаса, ұтылмасы анық қой. Өз басым осы шарадан үйренгенім көп. Өзге аймақтағы әріптестеріммен тілдесіп, олардың сабақ өткізу тәсілдерін білдім. Енді шәкірттерім де осындай шараларда бой көрсетсе екен деймін. Ауыл мектептерінде де талантты балалар бар. Қолдау болса, олардың да биік белестерден көрінуге мүмкіндіктері бар, – дейді Айшат Қалдасбекова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support