Немере шіркін, тәтті екен!

220

Қандай тәтті сүйкімді,
Пейілің мен қылығың!
Көңіліме күй тұнды,
Томпаңдаған құлыным.

Қадамың сенің алғашқы,
Өмір мәні – гүлсің-ау.
Өзің байқап аңғаршы,
Менен аумай тұрсың-ау!

Көргендеймін бұлақты,
Жарқырайсың күндей дәл.
Жүрегіме шуақты,
Сен сыйладың, Нұрдидар!

Дүбірлі бұл әлемге,
Ойлы көзбен қарарсың.
Құмар болып өлеңге,
Сен де бәлкім, жазарсың.

Бәрімізге – қуаныш,
Өзің үйдің сәні де.
Жаныма сен – жұбаныш,
Дертіме ем, дәрі де.

Ашық болып аспаның,
Нұрын төгіп, күн күлсін.
Әрбір қадам басқаның,
Сәтті болсын бүлдіршін!

Мен осынау ғаламда,
Тынысты кең алайын.
Әке-шешең, саған да,
Тілекшің боп қалайын.

Арайлы атқан әр таңда,
Қызығыңды байқайық.
Мен бәріңнің ортаң да,
Отырайын марқайып.

Тоқтабибі Әлменова.

Меркі ауданы.

Comments are closed.