- Advertisement -

Барлық салада алға басу бар

80

- Advertisement -

Облыс əкімдігі ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле өздерінде ағымдағы жылдың 9 айы ішінде атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді.
– Мемлекет басшысының жуырдағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бізге ел экономикасын арттыруға, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты бірқатар жаңа міндеттер жүктеп отыр. Онда халық табысының өсуіне, тұрмыс сапасының жақсаруына, өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз ортаның қалыптасуына, азаматтар сұранысына сай бейімделген мемлекеттік аппараттың құрылуына, кәсіпкерлік секторының дамуына айрықша мән берілген. Сонымен қатар «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» басқа да мемлекеттік бағдарламалардың жер-жерлерде орындалуы жайы да назардан тыс қалған жоқ. Ауданымызда түрлі салалардың қозғаушы күшіне айналған осынау мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар аз емес, – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, ауданда бүгінгі таңда алға қойылған барлық индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы тұрақты бақылауға алынып отыр екен. Есепті кезеңде ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 11440,2 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 107 пайызды құраған. Оның ішінде «Central Asia Gold Production», «Ақтас» ЖШС-тарының өнеркәсіп өнімдерін өндіруге қосқан үлестері қомақты. Бұдан тыс 2015-2019 жылдарға арналған өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген жалпы жобалық құны 49 миллиард 773,2 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылу үстінде.
Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 31,3 миллиард теңгені немесе 105,2 пайызды құраған. Бұл ретте биыл 51244 гектар алқапта өсірілген ақ егіс түгел орылып, 123070 тонна астық бастырылыпты. Орташа гектар қайтарымы 24,3 центнер көлемінде. Ал су үнемдеу технологиясын биыл 1000 гектар алқапқа енгізу жоспарланған болса, бүгінде егістіктердің тамшылатып суарумен – 918, жаңбырлатып суарумен 222 гектары қамтылып үлгеріліпті. Үстіміздегі жылы ауданда сүт бағытындағы «Болашақ–2018» және «Майсуп тегі» атты 2 кооператив ашылған. Соның нәтижесінде қазіргі таңда жалпы жұмыс істеп тұрған кооперативтер саны 5-ке жетіп отыр. Оның ішінде 4-еуі сүт бағытында. Бүгінде барлық өткізілген сүт көлемі 379 тоннаны құрап отыр.
Болатбек Байқонысұлы басқа салаларда жүзеге асырылған жұмыстарға да тоқталып, әсіресе мал шаруашылығы бойынша мүйізді ірі қара, жылқы, қой-ешкі, шошқа және үй құстарының саны мен пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда біршама өскенін атап өтті.
Басқосу соңына қарай журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауаптар қайтарылды.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support