- Advertisement -

Баспасөз – баршаға ортақ рухани игілік

182

- Advertisement -

Баспасөз – баршаға ортақ рухани игілік. Мерзімді басылымдарды оқуда әркімнің өз талғамы бар. Бірқатар оқырмандар олардың беттеріндегі саяси және экономикаға қатысты мақалаларға ерекше көңіл бөледі. Мұғалімдер мен дәрігерлер өз салаларына байланысты тақырыптағы жарияланымдарды іздейді. Өнер мен мәдениеттің өз оқырмандары бар. Спортқа құштарлар да көп.
Бұл – біздің оқырмандармен кездесулерде түйген ойымыз. Оқырман ойы – олжа. Олар басылымдарда өздері қалайтын тақырыптарды көбірек жазуға қолқа салады. Облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлының оқырмандармен кездесуі Жуалы ауданында жалғасты. Оны аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ашып, жүргізді. Б.Көпбосынов «Aq jol»-дың еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары арасында өзіндік бет-бейнесі, ойып алар орны бар басылым екеніне тоқталды. Кейінгі кезде газетте жаңа айдарлардың көптеп ашылып, жаңалықтар мен оқиғаларды жариялауда жеделдігі артқанын ерекше атап өтті. Шығармашылық ұжымның іргелі ізденістеріне ризашылығын білдірді.
– Жыл сайын қоңыр күзде, қазан айында мерзімдік басылым өкілдерінің оқырмандар ортасында болып, газетке жазылуға шақыруы – ежелден келе жатқан үрдіс, – деп бастады әңгімесін облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы. – «Aq jol» – жаңалықтың жаршысы ғана емес. Оның беттерінде Елбасының Жолдауы, облыс әкімі берген тапсырмалардың, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы мақалалар жүйелі жарияланады. Тек қана ақпараттар жариялап, оқырмандарды жалықтырмау және олардың білім-білігін арттыру, таным көкжиегін кеңейту мақсатында бірнеше жылдан бері арнайы беттер беріп келеміз. Мәселен, «Пырақ» бетінде облыстағы әдебиетке құштар, жас дарындардың тырнақалды туындылары жарияланады. «Маздақ» бетінде жастардың жалынды істері мен өнегелі өмірі қамтылады.
«Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпар жүреді». «Шөкеңнің шошаласы» бұрышы да жұртты серпілту мақсатында қолға алынған болатын. «Тылсым» бетіндегі танымдық мақалаларға оқырмандар өз пікірлері мен ризашылықтарын білдіріп тұрады.
«Aq jol» – халықтың газеті. Сондықтан да жұрттың мұң-мұқтажы туралы мәселелер тұрақты көрініс табады. Сіздер біраз жыл бұрын Көксай каналына байланысты туындаған қиындықтарды біздің басылымның бірнеше рет жазғанын білесіздер. Газет көтерген мәселе елеусіз қалған жоқ. Көксайда жаңа канал салынып, ел игілігіне берілді. Қазақ сөзге жығылған. Мерзімді басылымды тұрақты оқыған жасөспірімнің ой-өрісі кең, білім-білігі зор болады. Олардың бойларында отаншылдық сезім оянады. Мен барған үйімнен әуелі кітап пен домбыра іздеймін. Мерзімді басылым алмайтын және кітабы жоқ үй – рухани жадау үй.
Біз биыл оқырмандардың тілегін ескеріп, басылымның жазылу бағасын өсірген жоқпыз. Қазіргі баға кімге де болса қолжетімді. Демек, әлемге әйгілі батыр Бауыржан Момышұлы және жазушы Шерхан Мұртаза туып-өскен, көптеген генералдар шыққан Жуалыда келесі жылы да оқырмандарымыз көп болады деген сенімдемін.
Кездесу соңында «Aq jol»-дың аудандағы бірнеше белсенді оқырмандарымен сөйлесіп, пікірлестік. Олар шығармашылық ұжымның жұмысына сәттілік және табыс тілеумен қатар өз ұсыныстарын да айтты.
Естемес Аманбеков, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы кеңесінің төрағасы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
– Мен ұзақ жылдардан бері көптеген мерзімдік басылымдарды тұрақты жаздырып алып оқимын. Олардың арасында әуелі «Aq jol» газетін қолыма аламын. Оның беттеріндегі адамгершілік және тарихи танымдық тақырыптардағы мақалаларды сүйсініп оқимын. Әлемді ізгілік қана нұрландырады. Жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу үшін осындай материалдарды келешекте жүйелі және тұрақты беріп тұру керек.

Сейітхан Жұмашев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.
– Басылымда бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көрсетіп жүрген алуан тақырыптардағы дүниелерге көңіліміз толады. Әйтсе де келешекте журналистер ескеретін жайлар да жоқ емес. Бүгінде адамзат алдында тұрған ортақ проблемалар көп. Солардың бірі және бірегейі – қоршаған ортаны қорғау. Экологиялық ахуал біздің елімізде де мәз емес. Оны жақсартудың жолдары қандай? Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда? Болашақта басылым беттерінде осы тақырыпқа көбірек қалам тартылса деген тілегім бар.

Анар Ахметова, «Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалы төрағасының орынбасары.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің алдына бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында оған жетудің жолдарын саралап, көрсетіп берді. Демек, біз ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін қазіргі заманға бейімдеп, жаңғыртуымыз керек. Оларды жас ұрпақтың санасына сіңдіріп, Отанын сүйетін, бәсекеге қабілетті азаматтар тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін басылым беттерінде жаңа айдарлар ашылып, салт-дәстүрлеріміз туралы терең де тағылымдық материалдар жиі жарияланса…

Мәжит Айжанов, аудандық білім бөлімінің басшысы.
– Ауданда «Aq jol»-ға мұғалімдер көп жазылады. Олар облысымызда білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңалықтарға осындағы жарияланымдар арқылы қанығады. Оларды өз жұмыстарында басшылыққа алады. Аймақта заманауи үлгіде сабақ беретін педагогтер аз емес. Газетте солардың іс-тәжірибелері кеңінен насихатталса, нұр үстіне нұр!

 

Ақылжан МАМЫТ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support