- Advertisement -

Қара қой

143

- Advertisement -

Құрбан айтқа бір күн қалды. Тұрардың құрбандыққа шалар малы жоқ. Ауылдағы Болысбайдың мыңғырған қойы, үйір-үйір жылқысы бола тұра кейде етсіз тамақ жейді. Шық берместің нақ өзі. Малын союға қимай жүргенде бір қора қойына қасқыр шауып, елу шақтысы үйелеп арам өлген. Соны бір жыл өтсе де ұмытпайды. Жақында Жұбаныш дейтін аңшының қақпанына арлан түсіп, тірідей үйіне әкелгені бар. Жұбаныш оны қалай қолға түсіргенін көзімізге елестете отырып, әуезелеп айтады. Бәріміз ұйып тыңдап тұрмыз.
– Қақпанды қалың қамыстың арасына орнатып, жас етті тастап кеттім. Ертесіне барсам, осы бөжек жатыр. Дереу үйге барып, әйеліме жаман күпәйкемнің оң жақ жеңіне тағы да бір қарыстай жалғаттым. Керек-жарағымды алып, күпәйкемді киіп қайта барсам, бөжек сол орнынан тапжылмапты. Аяғын біраз шайнап тастаған.
– Күпәйкеңе неге жалғаттың? – деді біреу.
– Оны қоя тұр, сосын айтам… Жанына жақындауға батылым жібермей ұзақ тұрдым. Көзіне тура қарау мүмкін емес. Сұсты, адамнан да ақылдырақ көрінеді.
– Қойыңызшы, не айтып кеттіңіз?!
– Түу, тұра тұршы енді, айтып алайын! Сосын оң қолыма таяқ ұстап, ақырын жақындай бердім. Денем мұздап сала берді. «Рэкс, Рэкс!» деп қоям сасқаннан. Бөжек тырп етпей жатыр, бірақ атылуға дайын тұрғанын іш сезеді. Қолымдағы таяқты көтергенім сол ед, арс етіп атыла кетті. Тура жеңімнің жалғанған жеріне жағы қарысып қалды, – деді де Жұбаныш бәріміздің көзімізге бір қарап шықты. «Содан кейін не болды?» деген сұрақты күтіп іркіліп тұр. Ешкім үндеген жоқ. Үнсіздікті қайта бұзып:
– Естеріңде болсын, бөжек ешқашан бір тістеген жерінен айрылмайды. Жағы қарысады да қалады. Күпәйкеме жең жалғағаным да сондықтан.
– Сосын не болды?
– Сосын сол қолыма шоқпарды алып, қақ тұмсығынан ұрып, жағын ағашқа таңып, сыммен мықтап байлап тастадым. Міне, арбаға артып, үйге әкелген бетім осы! – деп әңгімесін аяқтап, арланға қарап «Рэкс, Рэкс!» деді де қойды.
Біз жақта қасқырды ешқашан атымен атамайды. Жұбаныштың біресе бөжек, біресе Рэкс деуі де содан.
Жұбаныш арлан алыпты дегенді естіп, Болысбай да алып-ұшып барыпты. Тар құрсауда жағы буылып жатқан арланға ұзақ қарап отырып, «Құс әкеңнің, құс әкеңнің!» деп қолындағы таяғымен сабап, көзіне жас алып қалған деседі. Оны да кейінірек Жұбаныш майын тамызып айтып берді.
Сол Болысбайыңыз қорасы малға толы болса да құрбандық шалуды білмейді. Арагідік елдің сөзі сүйегіне батқанда ғана мұсылманшылығы оянатын. Өзі ауылдың ең жасы үлкен ақсақалы. Отырыс-жиындарда, ас пен тойдың бәрінде бас ұстайтынның бірі осы кісі. Сөзге шорқақ, жөнді бата да бере алмайды. Жұбаныш қылжақтап «Болысбай әлі күнге әріп танымайды, өткенде газетті керісінше ұстап ап «Жер төңкеріліп кеткендей мына мәшиненің бәрі аударылып жатқаны нес?!» депті шімірікпей. Енді біз сол кісіге Құран оқытып, бата сұрап жүрміз. Ол Құлқуалланың өзін дұрыс оқи алмайды. Байқасаңдар, үнемі даусын шығармай оқиды. Нанбасаңдар анықтап қарап отырыңдар! Әй, сол санау біле ме екен өзі?…» деп біраз ішек-сілемізді қатырды.
«Еееее, есіме түсті. Ол пақырың оқу білмесе де, санау біледі. Кеше ғана қара қойым жоқ деп жер-жаһанға жария қылып жүрген. Іздемеген жері жоқ, соған қарағанда қойы қоңды болуы керек. Бөжек тисе біреуін ғана азық қылмайды. Жайпайды ол бәрін. «Ызначит» қорасына ұры түскен. Әй, бірақ Болысбай аман болса, қойының сүйегін таппайынша жаны жәй таппайды… Сол шынымен де санау біле ме екен, әлде қойларын түріне, түсіне қарай ажырата ма екен? Бәтшағардың жады мықты ғой, бергенін өлсе де ұмытпайды!» деп тағы бір сыбап алды. Жұбаныш Болысбай туралы көп қылжақтағанмен, жайсаң, жайдарлы кісі. Әкесі Болысбаймен түйдей құрдас адам болған. Ертеректе қайтыс болып кеткен. Сол кісінің көзі тірісінде құрдасы туралы айтқан әжуаларын енді өзі дамытып әрі нақышына келтіріп айтады.
…Тұрардың қой түгіл қорасы да жоқ. Әйтсе де үйінде ет үзілмейді. Ауылдағы атақты ұры. Ешкім көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң Тұрардың ұры екендігін бетіне басып біреуі де айта алмайды. Азын-аулақ малы барларға тиіспейді, ауқатты, әсіресе, Болысбай секілді не сатуға, не союға қимайтын Шықберместерді шыр айналдырады. Ұры болса да, ауылдағы сыйлы кісілердің қатарынан болатыны да содан. Түр-әлпетіне қарап, ешкім оны ұры деп ойламайды. Пәленбай жыл мектепте сабақ берген зиялы адам секілді. Сөздері де бейпіл, бейберекет емес.
Кеше ғана құрбандыққа шалар қой жоқ деп қаймығып отырған Тұрар айт намазынан шығып, сонда жиналған жамағатты түскі асқа үйіне шақырып кетті. Бір амалын тапқан көрінеді. Түйе сояр ма екен, бие сояр ма екен. Жоқ, бие де, түйе де емес, астық сақтайтын ескі сарайдың ішінен сүйреп қара қойды алып шықты. Мынаны Болысбай көрсе, менікі деп тұра ұмтылушы еді. Тезірек сойып тастамаса болмас. Оны әккі Тұрар да жақсы біледі, сарайдың артындағы қуысқа бауыздап, демнің арада терісін іреп тастады. Ізін ала терісін де сатып жіберді. Сонымен құрбандық шалынды. Тек Тұрардың шаңырағы ғана емес, шамасы жеткеннің бәрі шалды. Болысбай тағы да қалыс қалды. «Құрбандыққа шалам деп әкелген қара қойым қолды болды» деп ақталыпты ел алдында. «Шаламын десе қойы жетеді, олай шала бүлінбей-ақ қойсыншы» депті Жұбаныштың әйелі мұны естігенде.
Түске Тұрардың үйіне ауылдың шал-шауқаны, кемпір-сампыры түгел жиналды. Ең жасы үлкені Болысбай. Үлкен ас келгенше шәйдан ұрттап, әр нәрсенің басын шалып әңгіме қылды. Шариғат та айтылды. Болысбай төрде отыр. Тұрар қонақтар келген соң байыз таппай, арлы-берлі мазасызданып жүр. «Қазір үлкен ас та келіп қалады, сәл шыдаңыздар!» дейді біреу оны асықтырғандай. Сол-ақ екен, табақтар тартыла бастады. Қойдың басы әдеттегідей Болысбайдың дәл алдына барды. Алабөтен ой жоқ, бәрі де жарасымды отыр. Сол сәтте Болысбайдың көзі алдындағы қойдың басына түсті. Бас үйітілген, бірақ құлағындағы ені қалып қойыпты. Оң құлағының артынан тілік, сол құлағының алдынан ойық. Дәл өзі! Кеше ұрланған қара қой осы. Дегбірі қашып, айналасына алақ-жұлақ қарайды.
– Бөке, бәрі дұрыс па? – деді Алтынбай ақсақал Болысбайдың мазасыздығына қарап.
– Әй, Тұрар-ау, мынау менің қойым ғой! – деді Болысбай.
Болысбайдың қойы ұрланғанын ауылдағының бәрі біледі, бірақ әзілдеп отыр екен деп мән берген ешкім болмады. Тұрар да сыр алдырмайын деп, әзіл-шыны аралас «Кешегі ұрланған қойыңыз осы деймісіз? Өз бидайыңызды өзіңізге қуырып беретін Тұрар ініңіз ақымақ деп пе едіңіз?» деп қалжыңдап еді, Болысбайдың өңі өзгеріп:
– Әй, Тұрар, былшылдама, мынаның құлағындағы енді қарасаңшы, тілік пен ойық. Мұндай ен ауыл түгіл ауданда ешкімде жоқ. Мен сенімен сосын асықпай сөйлесемін! – деді бұл жолы расымен ашуға мініп.
Тұрардың дегбірі қашып, аузына сөз түспей, басын сипаған күйінше қалды. Болысбай болса Алтынбайдың «бір ашуыңызды беріңіз енді» дегеніне де құлақ аспай, алдындағы табаққа қолын сала бастады. Еттің иісі бұрқырап, танауды жарып барады. Көптен бері ет жемеген, қасқырға жем боп, ұрыға жем боп жүрісі мынау.
Барлығы Болысбайға бір, Тұрарға бір қарап, табаққа қол салар-салмасын білмей дағдарып қалды. Сол кезде жұлмалап ет жеп отқан Болысбай жөнге келіп «Жануар семіз екен, өзіме бұйырмағанын қарашы» дегенде сілтідей тынған тыныштық ду күлкіге ұласты. Еңк-еңк етіп жылағалы тұрған Тұрардың әйелі де кеңк-кеңк етіп күле кеткенін өзі ұқпай қалды. Жұбаныш та қарап отырмай, «Үлкені өзіңіз, қойдың басына Құран оқып, батаңызды беріңіз мына шаңыраққа» деп тағы бір желпінтіп тастады. Абырой болғанда Тұрардың құрбандығы даумен емес, қылжақпен тарқады. Есесіне, Тұрардың ұры екендігін ауыл «ресми» түрде мойындады.
«Мешкей деген жақсы ат емес». Десе де ұры дегенге де құлағы үйренді. Ара-тұра «Қалайша құлағындағы енді байқамағанмын, а?!» деп өзін-өзі жекіп қоятыны бар.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support