- Advertisement -

Болмысы бөлек азамат

199

- Advertisement -

Туған жердің сағым кілкіген кең даласы, белес, қырлары көкжиекке жетелейтіні секілді, өткен ғұмырдың да түрлі кезеңдері бір-бірімен ұштаса келе арпалысқан адуынды өмір-өзен ағыстарын көз алдыңа әкеледі екен. «Жүргенімде қол созып ертеңіме, өткен күндер айналды ертегіге» демекші, осындайда ертегіге айналған махаббат, қызық мол жылдар еріксіз ойға оралады. Біздің студенттік өміріміз 1966 жылы еліміздегі білім ордаларының қара шаңырағы, ата кәсіп – мал шаруашылығына мамандар даярлайтын Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының табалдырығын аттағаннан басталды.

Тың игерудің дабыры әлі басылмаған кез. Қабылдау емтиханы аяқтала сала, бірінші курсқа түскен студенттерді пойызға тиеп, тың астығын жинауға жіберді. Жолда бір-бірімізбен танысып, еңбек науқанына білек сыбанып кіріскеннен кейін, жақындасып, достасып та кеттік. Қазақстанның әр өңірінен келген жастар ұжымдасып, етене жақындастық. Солардың ішіндегі сырлас дос, серігім Жамбылдың жігіті Қасымхан Төлендиев бар еді. Сабақта да, спортта да жұп жазбай бірге жүрдік. Бір лектің өзінде жүзге тарта студент қатысатын аудиториядан ерте келгеніміз орын алып, ғұлама ұстаздар дәрісін тыңдай отырып сусындауға мүмкіндік жасайтынбыз. Балуан тектес, шымыр денелі Қасымхан еркін күреспен айналысатын. Жарыстарға дайындық кезеңінде оған берілетін талондармен Орталық стадиондағы «Спорт» дәмханасында тамақтанатынымыздың студенттік стипендияны үнемдеуге септігі мол еді.
Оқу аяқтала бере бүгінде екеуі де профессор атанып отырған ай маңдай аруларды – мен Мединститутты бітірген Шолпанды, ол ЖенПИ-дің түлегі Айзаданы жар етіп, алған білімімізді ел игілігіне арнап, еңбек етуге аттандық. Біз Алматыда альма-матер аясында ғылым іздеп, олар туған жерді көркейтуге күш салды. Сөйтіп арада біраз жылдар өте шықты. Бірде институттың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен бір топ ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер Жамбыл облысының экологиялық жағдайын зерттеуге шыққанбыз.
Өңірдегі қос суперфосфат зауытының қоршаған орта және мал шаруашылығына тигізіп жатқан зиянды әсерін анықтап, оны залалсыздандыру жолдарын қарастырмақпыз. Айта кетсек, фосфор өндірісінің қалдықтарындағы фтор элементі кумулятивтік, яғни ағзада жиналушылық қасиетке ие. Оның мөлшері жергілікті мал азығы мен ағзасында шамадан тыс жиналып, «флюороз» эндемиясына шалдықтыруынан, малдың сүйек пен тістерінің өсуі бұзылып, сойдақтанып, азықты шайнап, күйіс қайыра алмау шығыны көбеюінің алдын алу шараларын қарастыру мәселесі туындаған.
Мәселені талқылауға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына барғанымызда, көзіме оттай басылған, қапсағай денелі жігіт мені көтеріп алып, құшақтай алғаны. Оның басқарма бастығының бірінші орынбасары Қасымхан досым екенін бірден таныдым. Басқармада «флюороз» мәселесін көтергенімізде, ол «зоотехния ілімінің негізгі қағидасы – мал қорегін залалсыздандырып, құнарландыру ғой» деп, біздің ұсыныстарымызды бірден құптап, зерттеу жұмыстарын жүргізуімізге жан-жақты жағдай жасап, қолдан келген көмегін аямады.
Еңбек жолын институтты бітіргеннен кейін жолдамамен Торғай өңірінде зоотехник-селеционерліктен бастаған Қасымхан туып-өскен жері Шуға оралған соң, жастарды ұйымдастыру жұмысына қызу араласқан. Алдымен ауылдың, содан кейін ауданның, облыстың жастар ұйымдарында қызмет істеп, жетекшілік те етіп, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіпті. Білімді де білікті жас облыстық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылып, құлашын кеңге сермеуіне кең жол ашылған.
Қасымханның халық қамын ойлап, қазынасын сақтаудағы жанашырлығы облыстық халықтық бақылау комитетінде жоғары бағаланды. Облыс әкімі аппараты бөлімдерінің басшысы, облыстық ауыл шаруашылық департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған жылдары қалың көпшілікке аса іскер, жауапкершілігі мол азамат ретінде танылып, көпшілік құрметіне ие болады. Оның жетекшілік һәм ұйымдастырушылық қабілетті содан кейінгі қиын жылдарда аудан басшысы болған кезінде әбден жетіліп, ел мен қоғам мүддесіне қосқан үлесін молайта түскен. Бұл, әсіресе 1997 жылы Қасымхан Төлендиевтің Луговой ауданының әкімі болып тағайындалған кезеңінде жарқырай көрінді.
Ауданның бірінші басшысы ретінде ол ауданның шаруашылық-экономикалық әлеуетін көтеріп, тұрғындардың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, ұлт намысын қорғап, рухын асқақтататын істерімен де таныла білді. Оның ішіндегі ауыз толтырып, мақтанышпен айтуға болатын сүбелі ісі, өзі айтатындай, «сөздің негізгі қорытындысы» — жоғалғанды таптырып, ескіні жаңартқаны – бүгінгі күні атауы қайта жаңғырып отырған ауданның Түркістан мемлекеттілігін қалыптастыру қозғалысының басы-қасында болғандардың бірі, қазақтың біртуар азаматы, аса көрнекті қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың атымен аталуына белсене атсалысқаны.
Атсалысу демекші, оның Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевпен жүздесіп, қолынан жүлде алуына да ат спорты жарысы себеп болған еді. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің туындысы – Астана қаласының тұсаукесер салтанатында өткен аламан бәйгеде жеңімпаз деп танылған ауданның «Вольцок» атты сәйгүлігіне берілген бас жүлде – жеңіл автокөліктің кілтін тікелей Елбасының өзінің қолынан аудан әкімі Қ.Төлендиев қабылдап алып, атбегіге тапсырған екен. Қоғам мүддесіне бағытталған салиқалы да салауатты еңбегін одан жалғастырған ол облыстың Тәртіптік кеңесін басқарып, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктегі қызметін де мінсіз атқарды.
Қ.Төлендиевтің туа біткен турашыл мінезі, адамға деген ақ пейілі, қоғамға деген ақ ниеті оның ел-жұрттың құрметіне бөленуіне және халық мүддесін қорғауда бүгінге дейін риясыз қызмет етуіне себепкер болуда. Зейнеткерлік жасында да жасымаған, қайраты мұқалмаған Қасымхан бүгінде қоғамға жегіқұрттай жабысып, зиян-жапа шектіруші сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған «ЖАҢАРУ» жалпыұлттық қозғалысының облыстық бірлестігіне жетекшілік етіп келеді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы қоғамдық іс-қимыл кеңесінің, сондай-ақ облыстық қоғамдық және әдеп жөніндегі кеңестердің мүшесі ретінде де еліміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сақталуына күш-жігерін аямай жұмсауда.
Оның көп жылғы жемісті еңбегі еленбей қалмады. Ол «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдардың иегері, Жамбыл облысының, Тұрар Рысқұлов, Шу аудандарының Құрметті азаматы. Еліміздегі ең беделді «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен де марапатталуда оның қоғамдық-саяси жұмыстарға жауапкершілікпен, адалдықпен атсалысып, көшбасшылық танытқаны үшін берілген әділ баға болса керек.
Елағасы жасына жеткен шағында Қасымхан досымыздың ғибратты өмір жолына көз жүгіртіп, Айзада екеуі мәпелеп өсірген өнегелі ұрпаққа сүйсініс білдіре отырып, бір кезде өзіміздің арамызда оны қаһарлы Темірландай көріп, «Қасымхан көреген» деп, Айша бибідей жұбайына «Айзада бибі» деп ат қойып, айдар таққанымыз әбден дұрыс болған екен. Осындай өнегелі отбасылар көбейіп, еліміздің елдігін, мемлекетіміздің мықтылығын нығайта берсе екен деп тілейміз.

Нұрберген ОМАРҚОЖАҰЛЫ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының
докторы, профессор,
Қазақстан педагогикалық
академиясының академигі.

Астана қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support