- Advertisement -

«Тараз» футболшылары премьер-лигаға оралды

161

- Advertisement -

Тоқсаныншы жылдардан бері басынан түрлі дәуренді өткерген «Тараз» футбол клубы өткен жылғы маусымда премьер-лигадан шығып қалып, дәрежесі төмен бірінші лигада ойнауға мәжбүр болған еді. Әр жылдары қазақ футболына Олег Литвиненко, Нүркен Мәзбаев, Мұрат Тілешев, Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Сейдахмет, Бахтиер Зайнутдинов секілді таланттарды тарту еткен «Тараз» футбол клубы бірінші лигаға түсіп қалғанда көңіл-күйіміз нілдей бұзылған болатын…

Бірінші лиганың отыз бірінші турында жерлестеріміз премьер-лига жолдамасын мерзімінен бұрын иеленді. Шымкенттің «Қыраны» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» 3:3 есебімен тең түскен соң «Тараз» футболшылары «Ақтөбе-Жас» командасын қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті. Бұл ойынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали бастаған лауазымды қызметтегі азаматтар тамашалады. Аймақ басшысы тамашалаған кездесуде жерлестеріміз жасындай жарқырай алды. Жағымды жаңалықты жанкүйерлермен бөліскен Берік Құрманғали «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфир таратып, жұртшылықтан сүйінші сұрады…
«Тараз» ел футболында өзіндік тарихы, орны, жеткен жетістігі бар футбол клубы саналады. 1995 жылы сол кезде супер-лига аталған ел біріншілігінде күміс медаль иеленген жамбылдықтар келесі маусымда Қазақстан чемпионы атанғаны қалай естен шықсын?! 1997 жылы қайтадан күміс медальді қоржынға салған сәттер де жанкүйерлердің жадында. 2004 жылы «Тараз» футбол клубы ел кубогін иеленген соң одан бергі аралықта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алмаған-ды. Әйткенмен Александр Шмариков, Олег Литвиненко, Нүркен Мәзбаев сынды сұрмергендер біріншіліктің бомбардирі атанған кезеңдер естен кетпес естелік секілді санада жаңғырып тұрады.
Қош, сонымен «Тараз» премьер-лига жолдамасына қалай иелік етті? Жаңа маусым басталар сәтте баспасөз мәслихатын өткізген клуб басшылығы жергілікті жастарға сенім артатынын тілге тиек етіп қана қоймай, іс жүзінде де жалындаған жампоздарға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Әлішер Сүлей, Бекзат Шадыманов, Бекзат Бейсенов, Әділет Әбдінаби, Абзал Таубай, Думан Тұрсынбай бастаған өзге де сайыпқырандарымыз жасыл алаңда аянып қалған жоқ. Жеңісті жорықтарға сүбелі үлес қосып, команданың премьер-лигаға оралуына күш салды. Бас бапкер Нүркен Мәзбаевтың тапсырмасын тыңғылықты орындады. Біз олардың ойынына риза болдық.
«Тараз» үшін табысты болған отыз бірінші турға қайта оралайық. Бұл ойынды жанкүйерлер асыға күтті. Өйткені Шымкенттің «Қыран» футбол клубы Көкшетаудың «Оқжетпесімен» өтетін ойында ұпай жоғалтып, «Тараз» жеңіске жетсе, мерзімінен бұрын премьер-лигаға оралатын-ды. Тура солай болды.
Төреші ысқырығы естіле салысымен алға ұмтылған жерлестеріміздің қарқыны көз сүйсінтті. Екінші минутта-ақ есепте алға шығатын мүмкіндік болған еді. Алайда Константин Дудченконың соққысы қақпа бағанасынан кері серпілді. Бұдан кейін тағы да сол Дудченко, Дінмұхамед Қараман мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Әйткенмен «Тараз» футболшылары бірінші кезеңде есеп ашты. Сол Константин Дудченко мергендігімен көзге түсті.
Екінші кезеңде жамбылдық футболшылар нәтижені еселей берді. Алдымен Мақсат Әмірханов таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Бұдан кейін Абзал Таубай мен Айдос Тәттібаев қанжығаларын майлап, қорытынды нәтижені тіркеді. Есеп – 4:0. «Тараздың» пайдасында. Ойын аяқталғаннан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов футболшыларымызды премьер-лигаға жолдама алуымен құттықтады. Басты мәселені күні бұрын шешіп алған «Тараз» футболшылары енді Көкшетаудың «Оқжетпесін» сырт алаңда ұтса, бірінші орынға шығады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support