- Advertisement -

шекарада Тағы да заң бұзушылық орын алды

214

- Advertisement -

2018 жылғы 13 қазанда «Кеңес» шекара застава бастығының шешіміне сәйкес сағат 10.00-ден бастап 18.00-ге дейінгі аралықта мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгерлер Е.Арынбек пен Б.Оңалбектің құрамындағы «Бақылау бекеті» шекара нарядына қызметтік міндеттерін атқару кезінде, шекара наряды қызметті атқару бойынша қойылған бұйрыққа сәйкес көзбен шолу, тыңдау және іргелес аумақты қадағалау барысында сағат 14.30-да Қазақстан аумағынан мемлекеттік шекараға жақындап келе жатқан бейтаныс тұлғаны байқап қалады.

Шекара наряд басшысы Е.Арынбек кіші шекара нарядына осы тұлғаның іс-қимылын бақылауды тапсырып, өзі темір бақылау мұнарасынан түсіп, белгісіз тұлғаның шекараға қарай бағытын қалқалауға әрекет жасайды. Сол бағытқа бара жатқан Қырғызстан Республикасынан белгісіз қара киім киген адамды байқап қалады және Қазақстан жағынан келген бейтаныс тұлғаның автокөлікті сол жердегі көлдің жағасына қойғаны байқалды.
Осы жағдайдың шекараға төнетін қауіпті түсінген жауынгер Е.Арынбек тез арада шекара заставасына баяндап, бүркемелеу әдістерін қолдана отырып, белгісіз тұлғалардың іс-әрекетін бақылай бастайды. Сол кезде көрші елден белгісіз қара киім киген адам тікенек «цинкті» сымнан асып түсті. Қатардағы жауынгер өзінің шекаралық шеберлігін қолдана отырып, мемлекеттік шекара бұзушысын ұстауға шара қолданды.
Мұны байқаған шекара бұзушы бақылау із жолағынан жүгіріп, спиральді қауіпсіздік тосқауылынан өтіп, Қазақстан жағына қаша жөнеледі. Е.Арынбек өзінің жете алмайтынын біліп, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңына сәйкес «тоқта атамын» деп бірнеше рет пәрмен берген, алайда шекара бұзушысы шекарашының заңға сәйкес берген пәрменін орындамай, өзінің заңға қарсы әрекетін жалғастырды. Осыны байқаған жауынгер ескерту мақсатында ауаға оқ атып, шекара бұзушының ізіне түседі. Сағат 14.40-та шекарадан өткен соң, 100-150 метр жерде шекара бұзушысы құлап қалады, шекарашы «жерге жат» деген пәрмен береді. Алайда ол орнынан тұрып, шекарашыға «100 000 теңге беремін, мені жіберші 90 жастағы әкем бар» деген ұсыныс жасайды, бірақ Отан алдында берген антына адал, өжет те қайсар жасыл фуражкадағы сарбаздар параны алудан бас тартқанын көрген шекара бұзушысы қорқыту мақсатында А.Арынбекке қарай бет алды. Шекарашы «тоқта атамын» деп пәрменді бірнеше рет беріп, ескерту мақсатында ауаға оқ атады. Оған ол құлақ аспай, қозғалысын өзгертпей, жалғастырды. Сол кезде шекарашы тез арада шешім қабылдап, шекара бұзушының аяғына оқ атады. Ол жерге құлайды, оның аяғынан қан аққан. Соны көрген шекарашы шекара бұзушысының үстіндегі күртешесін шешіп, аяғындағы қанды тоқтату үшін бұрау салып, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
«Бүркіт» бірыңғай ақпарат жүйесі арқылы тексеру кезінде аталған шекара бұзушысына Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салынған еді, сонымен қатар Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 94- бабы бойынша сотталып, іздеуде жүрген. Осылайша Тараз шекара жасағының шекарашылары тағы да бір заңсыз әрекетке тосқауыл қойды.

Айнұр ЖАПБАРОВА,
2035 әскери бөлімінің тәрбие, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар бөлімінің аға офицері,
аға лейтенант.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support