- Advertisement -

Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік

332

- Advertisement -

Азаматтық институттардың рөлін нығайту, заңнаманы жетілдіру және дамыту бағытында жаңа тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеу барысында қоғамдық ұйымдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау үшін әр өңірде республикалық деңгейде үкіметтік емес ұйымдардың форумы өткізіліп келеді.
Аталған шара бүгінде азаматтық қоғамның дәстүрлі сұхбат алаңына айналған десек, артық айтқандық емес. «Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік» тақырыбын арқау еткен кезекті басқосу облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында өтті. Сұхбат алаңына Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы өкілдері, сарапшылар, мемлекеттік органдар, қоғамдық кеңестер, саяси партиялар, кәсіподақ ұйымдары қатысты.
Бұл жолы үкіметтік емес ұйымдардың басқосу алаңы ретінде таңдаудың Жамбыл өңіріне түсуі бекер емес. Бүгінде облыста 700-ден астам коммерциялық емес ұйым тіркелген. Қазіргі уақытта олардың 200-ден астамы белсенді қызмет етуде. Үкіметтік емес ұйымдар мен биліктің өзара іс-қимылының маңызды бөлігі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру екені белгілі. Биыл осындай әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 814,8 миллион теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда қаржы көлемі біршама өскен. Сонымен қатар қоғамдық бірлестіктердің ісін ілгерілету әрі олардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында жуырда Тараз қаласында Азаматтық орталық ашылған болатын. Республикалық форумның секциялық жұмыстары осы орталықта өтті.

Форум қатысушылары түрлі секцияларға бөлініп, мемлекеттік орган өкілдерімен жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың басшылары арасында пікірсайыс ұйымдастырылып, түрлі оқыту семинары, мастер-класс өткізілді. «Бұл форумды ұйымдастырудағы мақсатымыз – ашық алаңда үкіметтік емес ұйымдармен жергілікті билік арасындағы байланысты нығайтып, ашық диалог алаңына айналдыру. Мұндай басқосулардың қоғамдық мониторингті күшейту, жалпы, үкіметтік ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға тигізер септігі мол. Бүгін осы бағыттағы көптеген мәселелер талқыланатын болады», деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали.
Бұдан кейін мемлекеттік орган, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес құрылымы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Б.Құрманғали, «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашев және жеке кәсіпкер Бахтияр Тұрдыматовтың арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.
Өңірлік форумға жергілікті және өзге облыстардан қоғам белсенділері арнайы шақыртылды. Құрметті қонақтарға дастарқан жайылып, жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар қоғам дамуына үлес қосып, әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді әріптесіне айналған қоғамдық ұйымдар облыстық ішкі саясат басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Ал форумның пленарлық отырысында билік органдары мен азаматтық сектор арасында өзара әріптестікті және азаматтық қоғам институттарының қызметін арттыру бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.
– Қазіргі таңда азаматтық институттың жұмысы іскерлік және сапалық деңгейі жаңа белестерге көтерілді. Қоғамдық ұйымдардың үлкен әлеуметтік және саяси қозғаушы күшке айналғаны ақиқат. Оның бір айғағы – осы үкіметтік емес ұйымдардың форумы. Мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты – азаматтық қоғам белсенділігін көтеруге бағытталып отыр. Елімізде соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалар үкіметтік емес ұйымдардың дамуына әсер етті. Бұл маңызы зор жұмыстар біздің облыста да жалғасын табуда. Нәтижесінде үкіметтік емес ұйымдар бүгінде өңірлік әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани өмірінің дамуына үлкен үлес қосуда. Қоғамдық бірлестіктерді қаржылай қолдау да жыл санап артып келеді. Жергілікті атқарушы органдар арасында өзара байланыс нығая түсті, – деді форумның пленарлық жиынында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков.
Жергілікті билік пен азаматтық қоғам өкілдері өзара бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Бұл – уақыт талабы. Соған қарай қоғамдық ұйым өкілдері де мемлекеттік органдарға қолұшын беріп өз ұстанымдарымен бөлісуге тиіс. Сонда ғана билік пен үшінші сектор арасында тығыз қарым-қатынас ары қарай дами түсетіні белгілі. Бір сөзбен айтқанда, өзара байланысты дамыту – басты мәселе. Форум қатысушыларының пікірлері бір арнаға тоғысқан тұсы да осы.
– Бұл екі жылда бір рет болатын іс-шара. Азаматтық қоғамға билік тарапынан үлкен бір бетбұрыс жасалып жатыр деп ойлаймын. Мемлекетте Президенттің саясаты негізгі көп функцияны азаматтық қоғамға беру үрдістері жүріп жатыр. Ол әлем елдерінде қолданылған тәжірибе. Негізгі саясаты – мемлекеттік қызметті қысқартып, оның істейтін шаруасын осы азаматтық қоғамға беру. Мемлекеттік қызметшілер ертең жұмыстары қысқарса қайда барады? Ол азаматтық қоғамға барады, қоғамдық ұйым немесе өзінің бизнесін ашады. Елбасы Жолдауында бүгінде мемлекеттік қызметтің жалпы санын 30 пайызға қысқартып, еңбекақыны еселеуді тапсырды. Сондықтан біз азаматтық қоғамға кім барады, олар не істейді дегенді ойлануымыз керек, – деген Қазақстанның Азаматтық альянсының вице-президенті Мұсағали Дуамбеков форумның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Ал Қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова елдегі үшінші секторды институттандыруда айтарлықтай серпіліс барын айтты. «Соңғы он жылда үкіметтік емес ұйымдар желісі 22 мыңға дейін, яғни үш есе өсті. Оның 14 мыңы жұмыс істеп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс санын арттыруда. Мысалы, мемлекеттік әлеуметтік инвестициялар көлемі соңғы он жылда он үш есеге өсті. Қоғамдық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығының жаңа қаулылары енгізілді. Сонымен қатар мемлекеттік гранттар мен сыйақылар, үкіметтік емес деректер базасы құрылды. Соның арқасында қазіргі кезде үкіметтік емес сектор 29 мыңнан астам қазақстандықты жұмыспен қамтуда», – деді Г.Сұлтанова.
Форум соңында үкіметтік емес ұйымдардың дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Амазонка» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анжелика Сарьян, «Қамқор ана» жалғыз басты мүгедек әйелдер мен мүгедек балалары бар әйелдердің бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсия Мамраимова, «Жамбыл облысының Азаматтық Альянсы Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашев облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды.
Пленарлық отырыстан соң Астанадан келген қоғам белсенділері журналистермен брифинг өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар басқосуда мүмкіндігі шектеулі жандардың ұйымдары өте белсенді жұмыс істейтіні және бұл облыста қарқынды түрде жолға қойылғанын айтқан спикерлер қараша айында өтетін азаматтық форумда жамбылдықтар да белсенділік танытып, орамды ой, тұшымды пікір айтатынына сенім білдірді.

 

Камила Борашова

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support