- Advertisement -

«AQ JOL» өз оқырманын бөліп-жармайды

291

- Advertisement -

Қай кезеңде болмасын қоғамның ілгерілеуі мен дамуына сүбелі үлес қосатын баспасөз құралдарының атқарар міндеті жауапты, жүгі ауыр. Неге десеңіз, баспасөз арқылы халық өзінің туып-өскен ауылы ғана емес, жалпы өңірімізде болып жатқан тың жаңалықтардан құлағдар болады, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптасады. Ал қоғамдық пікір дегеніміз – орасан күш. Адамның рухани, саяси, мәдени деңгейін көтеріп, уақыт көшінен қалмауға тәрбиелейтін бұқаралық ақпарат құралдарына деген халықтың сенімі мен құрметі сондықтан да жоғары болмақ.

Міне, соның ішінде облысымыздың бас газеті – «Aq jol»-дың орны ерекше. Баспасөздің басты байлығы – оның оқырманы десек, «Aq jol» газетінің оқырмандары аз емес екендігін де айта кетуіміз керек. Осы ретте, газет ұжымының қарапайым халықпен, оқырманмен байланысы ешқашан үзілмеуі қажет. Осы мақсатта ғасырға жуық уақыт бойы өңір тарихының куәсі болып келе жатқан газеттің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен ақпарат және хаттар бөлімінің редакторы Амангелді Әбіл Шу ауданына арнайы атбасын бұрып, жыл сайынғы дәстүрге сай басылымның оқырмандарымен кездесіп, ой бөлісті.
Шулық оқырмандармен болған ашық әңгіме алаңын аудандық «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Нұржан Қадырбеков ашып, жүргізіп отырды. Келесі кезекте «Aq jol» газетінің Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп, бас басылымның бүгінгі заманға сай түрленіп, бірқатар тұрақты қосымша беттер арқылы газеттің мазмұны байып, оқырмандарына ұсынар айдарлардың да көп екендігін жеткізді.

– Баршаңызға белгілі, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі де ширек ғасырдан астам уақыт болды. Ал осы егемен елдің жүргізіп отырған сарабдал саясатын қолдайтын бірден-бір құрал – ол бұқаралық ақпарат құралдары екені сөзсіз. Соның бірі – облыстық «Aq jol» қоғамдық-саяси газеті. Міне, осы басылымның тұрақты оқырмандары осы кездесуге келіп отыр деген сенімдеміз.
«Aq jol» газеті өз оқырманын бөліп-жармайды. Ол – жастарға да, мұғалімдерге де, денсаулық сақтау мекемелеріне де және ақсақалдарға да қажет басылым. Себебі біз жастарға арналған «Маздақ», нәзікжандыларға арналған «Айша бибі» деген арнайы беттерді шығарамыз. Әр айдың соңында оқырмандардан келіп түскен хаттарды қорытындылап, «Оқырман отауы» деген топтаманы тұрақты түрде ұсынып келеміз. Сондай-ақ әдебиетті сүйетін қауымға арналған «Пырақ» деп аталатын әдебиет және өнер беті мен «Шөкеңнің шошаласы» деген әзіл-оспақ бұрышын іздеп жүріп оқитындардың қатары көбейіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, газетті өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ғажайып құрал деуге болады, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Бұдан кейін сөз алған ақпарат және хаттар бөлімінің редакторы Амангелді Әбіл алтын уақытын бөліп келген оқырмандарға өз алғысын жеткізді. «Аудандарға сапарымызды ең әуелі Шу ауданынан бастауымыз тегін емес. Өйткені бұл – қазақ хандығының ең алғашқы қазығы қағылған қасиетті мекен. Сондықтан да ең бірінші осы өлкеге табан тіреп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, «Aq jol» газеті жуырда «Оқырманнан 10 сауал» деген жаңа жобаны қолға алған болатын. Осыған орай, аталмыш жоба аясында жақын күндері облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиевке оқырмандардың сауалын жолдап, оны газет бетінде жариялайтын боламыз. Соған байланысты, көкейлеріңізде жүрген түйткілді мәселелер болса, «Aq jol» газетіне жолдауларыңызға болады. Әрине, осындай жобалар мен қызықты айдарларды, арнайы беттерді тұрақты оқып тұру үшін «Aq jol»-ға жазылуды ұмытпаңыздар», – деді ол өз сөзінде.
Ортақ ой айтып, пікір алмасқан басқосу барысында Шудағы шешімін таппаған шулы мәселелер де көтерілді. Мәселен, аудан орталығындағы газ құбырын жеке үйлерге жеткізу мәселесіне қатысты өз пікірін білдірген ауданның Құрметті азаматы Мәкен Уақтегі аталмыш мәселенің ұзақ уақыт бойы оң шешімін таппай отырғанына қынжылыс білдіретіндігін жеткізді.
– Өңір баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Aq jol» газетін сонау 90-жылдардан бері оқып келемін. Газеттің соңғы сандарынан бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлының «Сахарадағы сән-салтанат» деген көлемді мақаласын оқыдым. Өте сәтті шығыпты. Сонымен қатар ғаламның ғажайып оқиғаларынан сыр шертетін «Тылсым дүние» деген тамаша қосымша беті бар. Осы бетте менің «Бөгде ғаламшарлықтардың шарапаты» деген мақалам шыққан еді. Кейінгі кездері осы «Тылсым дүние» қосымша бетін газет бетінен сирек көріп жүрміз. Сол қосымшаны жиі беріп тұрсаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен бірге өткен айда аудан әкімі Қайрат Досаевтың қолдауымен бірқатар аудан тұрғындары Тараз қаласындағы тарихи ескерткіштерге барып, көптеген жерлерді аралады. Бұдан бөлек, Шу ауданының өзінде де тарихи орындар аз емес. Міне, осындай тақырыптардың төңірегінде көбірек жазылса екен деген ниетіміз бар.
Тағы бір айта кетерлігі, 20 мыңнан аса тұрғыны бар аудан орталығы – Төле би ауылын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мәселесі бүгінгі күнге дейін шешімін таппай келеді. Аудан орталығына газ құбырларын жүргізумен айналысқан меркілік «Париев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары қарапайым халықтың өтінішіне құлақ аспай, газға қосылудың бағасын шарықтатып жіберді. Үстіміздегі жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметов аймақта газға қосылудың бағасы 82000 теңге болу керектігін тапсырған болатын. Алайда меркілік мердігерге бұл сөздің қатысы жоқтай әр отбасынан 470 мың теңге талап етіп отыр. Сондықтан бұл шаруа өз шешімін таппай, бәз-баяғы қалпында тұр, – деді ол.
Дәл осы мәселенің төңірегінде зейнеткер Мұратхан Нүсіпов те өз пікірін білдірді. Ол Төле би ауылындағы «көгілдір отын» мәселесіне қатысты наурыз айында жазған мақаласының аудандық газет бетінде жарияланбай қалғанын айтты. Сондай-ақ өңірімізді газдандыру жұмыстарының барысында көптеген кемшіліктер бар екендігін де сөз етті. Осыған байланысты, Төле би ауылының тұрғыны Мұратхан Нүсіпов «Aq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлына өзінің осы мәселеге қатысты мақаласын ұсынып, оны басылым бетіне шығаруын сұрады. Одан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шалғынбай Малдыбаев ұзақ жылдар бойы аудан тұрғындарын өңіріміздің бас басылымына жазылуға үгіттеп жүретіндігін жеткізді. Оған қоса, газет ұжымы ел арасында болып жатқан өткір мәселелер мен журналистік зерттеулерді газет бетіне жиі-жиі жариялап тұрса деген тілегін білдірді. Келесі кезекте сөз сөйлеген ардагер-ұстаз Несіпхан Қоңырбаев газет ұжымына шығармашылық табыс тілеп, өз ұсынысын жеткізді. Ол сөзінде: «Жасыратыны жоқ, бүгінгі басқосуда көтерілген мәселелер өте орынды. Алайда оқырмандар мынаны шатастырмауы қажет. Журналистер шешім шығармайды, олар прокурор немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарының қызметкері емес. Қалам ұстаған азаматтар елдің ішінде болып жатқан түйінді мәселені жан-жақты зерттеп, тараптардың пікірлерін ортаға салып, билік басындағыларға жеткізеді. Осылайша билік пен бұқараның арасын байланыстырады. Сөз арасында Көсемәлі Сәттібайұлы «күрделі мәселелерді қамырдан қыл суырғандай, қыздың жинаған жүгіндей қылып жазуға тырысамыз» деп, бір ауыз сөзбен түйіндеп берді емес пе?! Осы тұста, басылым бетінде жарияланып жүрген телебағдарламаны алып тастап, оның орнына жас ұрпаққа азық боларлықтай нақыл сөздерді жарияласаңыздар деген ұсынысымды білдіргім келеді», – деді.
Жиын соңында «Aq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы басқосуды қорытындылап, бірқатар аудан тұрғындары көтерген газ мәселесін жан-жақты зерттеп-зерделеп, алдағы уақытта газетке жариялайтынын айтты.

Ерғали Қартайған

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support