Астанада еліміздің киелі жерлеріне арналған көрме ашылды

102
Астанада еліміздің киелі жерлеріне арналған көрме ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін Астанада Еуропалық арт резиденциясы жобасының аясында «Ghost Expedition» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеде Польша, Швейцария және Қазақстан суретшілерінің еліміздің киелі жерлеріне жасаған экспедициясының нәтижесі бойынша далалық зерттеулері ұсынылды.

Мұнда 6 суретші — Грегор Вогель (Швейцария), Марек Мардосович (Польша), Грегорч Демзук (Польша), Назира Каримова (Қазақстан), Арман Саин (Қазақстан), Әнуар Мүсіреповтің (Қазақстан). жұмыстары қойылған

 «Бүгінгі жоба Еуропа мәдениетінің мұрасы жылы және Еуроодақ пен Қазақстанның 25 жылдық дипломатиялық қарым-қатынасы аясында ұйымдастырылды. Көрмеге үш мемлекет суретшілерінің Қазақстанның киелі жерлеріне арнайы жасалған экспедицияның нәтижесіндегі жұмыстары қойылды. Көрмеде пұтқа табыну мәдениетінің көне ескерткіштері, ерекше күш орындары, палеолит дәуірінің некропольдері, ортағасырлық ислам мазарлары және бірегей табиғат құбылыстары өнер және технология арқылы жанданады. Айтулы шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға және арнайы  шығармашылық еңбектері үшін суретшілерге алғысымды білдіремін»,- деді Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон.

Көркемдік зерттеу объектісі болып таңдалған өңірлердің бірі — Маңғыстау. Ежелгі көшпенділер тұрағында  палеолит дәуірінің сансыз ескерткіштері, ежелгі қабірлер, киелі жерлер мен 362-ден  астам әулиенің қорымдары сақталған. Ғалымдардың пайымдауынша, Маңғыстау ежелгі мұхиттың түбі болған жерде орналасқан. Сонымен қатар, бұл өңірде қазақстандық мұнайдың төрттен бір бөлігі өндіріледі.

«Инсталляцияларды жасау үшін суретшілер Алтынемел ұлттық саябағы мен Маңғыстаудың киелі жерлерімен танысып, зерттеп шықты. Әр жұмысты жасауға шамамен 1 аптадан астам уақыт кетті. Еуропалық суретшілер еліміздің қасиетті жерлерінің тұнып тұрған тарихын бұзбай заманауи қалыпқа келтіріп, көрермендерге ұсына білді деп ойлаймын. Бұл дегеніміз, тірі тарихты, мәңгілік өнерге айналдырумен бірдей», — деді суретші әрі көрменің кураторы Әнуар Мүсірепов.

Келесі бағытында суретшілер Алматы қаласының маңында орналасқан «Алтын Емел» ұлттық  қорығына саяхат жасады. Басты назар Әншіқұм төбесіне аударылды. Бұл табиғат феномені  құрғақ ауа райында құмның қозғалысы әсерінен ән ырғағына ұқсас үннің естілуімен белгілі.

Ежелгі заманнан бері әнші құмның үні көптеген аңыздардың туындауына себеп болды. Кейбір халық аңыздарына сүйенсек, бұл құм астында жатқан қала қоңырауларының үні, басқа ақпаратқа сәйкес, халық фольклоры осы жерде Шыңғыс ханның зираты орналасқан, ал үн оның жан азаптарын  бейнелейді деп сенеді.

Аталмыш көрме Маңғыстау облысы әкімдігі және Қазақстандағы Швейцария елшілігімен бірлесіп Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігімен «Astana Art Show» заманауи өнер фестивалі аясында ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Астана бір ай бойы қазіргі заманғы өнер орталығына айналатындығын, елордада шетелде тұратын қазақстандық суретшілердің көрмесі өтетінін хабарлаған болатынбыз.

Астанада еліміздің киелі жерлеріне арналған көрме ашылды

 

kazinform.kz

Comments are closed.