- Advertisement -

Беделді ұйым, белсенді жұмыс

187

- Advertisement -

Елбасы-«Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев партияға аса жауапты міндеттер жүктеуде. Үстіміздегі жылдың маусым айында өткен партияның Саяси кеңес отырысында Президент бастауыш ұйымдардың жұмысын жандандыруды тапсыруы – соның дәлелі. Өйткені партияның негізі бастауыш ұйымында.
Бүгінде жаңашыл бастамаларды қолға алған «Нұр Отан» партиясының еліміздің саяси аренасындағы авангардтық рөлі күн өткен сайын артып келеді. Атап айтсақ, қазіргі кезде республикамызда 1 миллионнан астам партия мүшелерін біріктіретін 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Партия құрылымын жетілдіру мақсатында тұрақты түрде мүшелерінің саны аз ұйымдарды біріктіру арқылы бастауыш ұйымдардың желісін оңтайландыру процесі жүргізілуде. Жұмысты жандандыру үшін арнайы тұжырымдаманың жобасы əзірленіп, жан-жақты талқылануда. Тараз қалалық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдары да бұл үдерістен шет қалған жоқ.
Шымкент қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының жаңғыруы аясындағы партия тарихындағы алғашқы «Бастауыш партия ұйымдарының» аймақтық форумына біздің облыстық филиалдан 47 делегат барып келді. Өңір делегаттарының құрамында осы шараға қатысып, партия кадрлық резервін қалыптастыру, еліміздегі жастар саясатын одан әрі жетілдіру, партияның талдау және сараптау әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен талқылауға мүмкіндік туғанын айта кетуді жөн көрдім. Жиында олар бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру жұмысына қатысты жаңа тұжырымдар бойынша пікір алмасып, талқылады және нақты ұсыныстарын берді.
«Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалының «АрайСтройМаркет-2003» бастауыш партия ұйымы екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласындағы заманауи «Арай Plaza» бизнес орталығына орналасқан. Біздің ұйымның қатарында мұғалімдер, қызмет көрсету саласы мен шағын және орта бизнес өкілдері бар. Партия мүшелері «Нұр Отан» партиясының облыстық және қалалық деңгейдегі қоғамдық-саяси және қайырымдылық шараларына белсенді қатысып отырады.
Бастауыш партия ұйымы жұмысының алғышарты Партия Жарғысы талаптарын орындаудан басталатынын айта кеткен жөн. Оның ішінде, ішкі партиялық жұмыстарды сапалы ұйымдастырумен қатар, бастауыш ұйымның жиналыстары мен бюро отырыстарын жоспарға сай өткізуге үлкен мән береміз. Сондай-ақ партия мүшелерінің жарна төлеу жұмыстарына да үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Жарна төлеу жоспары үнемі 100 пайызға орындалады.
«АрайСтройМаркет-2003» бастауыш партия ұйымы 2015 жылдан бастап «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауына үзбей қатысып келеді. Айтарлықтай табыстарға да қол жеткіздік. Мысалы, біздің бастауыш партия ұйымы 2016 жылы «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауының республикалық кезеңінде жүлделі 3-орынға ие болды.
Мемлекет дамуына адами капиталдың қосар үлесі айқын. Осыны ескеріп, біз бастауыш партия ұйымы қатарына қабылдауда сандық емес, сапалық жағдайларға баса көңіл бөлеміз. Осылайша партиялық сара саясатты жүзеге асыру арқылы өңірдегі адами капитал ресурстарын нығайтуға өз үлесімізді қосқымыз келеді.
Мен «Нұр Отан» партиясының соңғы жылдары қолға алынған партиялық кадрлық резерв саясатын толықтай қолдаймын және оны іске асыруға белсенді атсалысудамын. Негізі осы жүйе арқылы «Нұр Отан» партиясының еліміздегі демократиялық даму бағытын орнықтыруға тигізер септігі мол. Өйткені ол елімізде жаңа басқару жүйесіне қадам жасаған жас мамандарға жаңаша жол ашып отыр. Бастауыш партия ұйымының төрағасы А.Еділбаев партия облыстық филиалының қолдауымен және партиялық кадрлық резерві жүйесі арқылы V және VІ шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты мандатына ие болуы – соның айғағы.
Дегенмен партиялық кадрлық резервтен жоғары лауазымдық қызметке бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылып, қызметке орналасқан азаматтардың қатары әлі де аз. Тек қана мәслихат депутаттарын сайлау барысында бұл тәжірибе кеңінен қолданылуда. Сондықтан партия жұмысында жариялылық пен ашықтық принциптерінен тұратын құндылықтарды сақтау қажет. Ол үшін іріктелген және бекітілген кадрлық резерв құрамын республика­лық және жергілікті баспасөз құралдарында жариялаған жөн.

Минура Божымбаева,
«Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалы «АрайСтройМаркет-2003» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support