- Advertisement -

Батыр аманатын арқалаған жан

357

- Advertisement -

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы – халықтың жүрегінен ойып орын алған тұлға. Оның майдандағы батырлығынан бөлек, бейбіт күндегі өткір мінезі, қайсарлығы, турашылдығы ел аузында жүр. Болмысы Алатаудай асқақ тұлғаның қасиетті Жуалы топырағында өмірге келуі жамбылдықтар үшін мақтаныш. Әулиеата жерінде Бауыржан батыр рухына құрмет көрсетіліп, отыз томдық кітабы шығарылып, ескерткіші орнатылғаны белгілі.
Бәукең ескерткішінің «Жеңіс» саябағына ауыстырылғанынан көпшілік хабардар. Батырдың келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың сапары облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы жоспарлаған іс-шаралар легі Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Аманат арқалаған жанның қасында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали, Бәукеңнің аталас інісі, облыстық «Знамя труда» газетінің директор-бас редакторы Бекет Момынқұл және БАҚ өкілдері бірге жүрді.

Мұнан соң З.Ахметова жамбылдық Кеңес Одағының Батырларының есімі жазылған мемориалдық тақтадағы өз атасының есімі көрсетілген тұсқа құрмет көрсетіп, тағзым етті.
Бұдан кейін ол Б.Момышұлының қанатты сөздері тасқа қашалып жазылған алаңды аралады. Бәукеңнің «Ерлік елеусіз қалмайды», «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет», «Отан үшін отқа түс күймейсің», «Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» деген қанатты сөздерінің бүгінгі таңда да тәрбиелік маңызы жоғары екені анық.
Жазушы Жуалы ауданынан майданға аттанған соғыс сарбаздарының есімдері жазылған «Құрмет тақтасын» көріп, олардың есімі ұрпақ жадында жаңғырғанына сүйсінді.
Соңыра Зейнеп Ахметова БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, ойын ортаға салды.
– Бұған дейін атамның ескерткіші қолайсыз жерде елеусіз ғана тұрған болатын. Оған келген сайын жүрегіміз ауырушы еді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қызметке кіріскен күннен бастап, Тараздағы «Жеңіс» саябағын күрделі жөндеуді қолға алып, «Ерлік» мемориалдық кешенін салғызып, атаның (Бауыржан батырдың) ескерткішін сонда орналастырғанына риза болғанбыз. Биік тас тұғырдың үстіне орнатылған батыр бейнесі нағыз қолбасшы кейпіне еніп, айбарланып, айбаттанып шыға келген. Оның жақын тұсына Кеңес Одағының Батырларының есімдері жазылған мемориалдық тақта орнатылса, қаз-қатар қойылған «Құрмет тақталарында» Жамбыл жерінен Отан қорғауға аттанған барлық майдангерлердің есімдері көрсетіліпті. «Мәңгілік от» алауы да осы жерге қойылғаны құптарлық. Бір қараған кісіге қолбасшы ата өзінің жауынгерлерін бастап тұрғандай әсер береді. Бұл құрметке өте ризамыз. Облыс басшысына, оны қолдаған азаматтарға рахмет, – деді батырдың келіні.
* * *
Құлқынның құлы болмай, ұлтының ұлы атанған аңыз адам, Кеңес Одағының Батыры, алаштың ардақтысы Бауыржан Момышұлының майдан даласындағы ерліктері, қазақ қоғамындағы бейнесі ешқашан ұрпақ жадынан өшпек емес. Ол – батырлықтың, адамдықтың, азаматтықтың эталоны. Жуалыда туып, жаһанға ерлігі мәшһүр болған тұлға атымен жамбылдықтар ғана емес, күллі қазақ даласы мақтанады.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен батырдың келіні, жазушы Зейнеп Ахметова әулиеаталық жұртшылықпен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Баласағұн атындағы орталық концерт залында өткен тағылымға толы кездесуге жамбылдықтардың қызығушылығы зор болды. Залда ине шаншитын орын қалмағаны сөзімізге нақты дәлел бола алады. Бұл әулиеаталықтардың батыр баба рухына деген тағзымы, құрметі әрі ата аманатын арқалаған Зейнеп Ахметованың мазмұнды әңгімесін тыңдауға деген ниеті. Шараны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли ашып, жүргізіп отырды.
Сүбелі ой, мазмұнды әңгімеге толы басқосуда сөз алған Зейнеп Ахметова көкейінде жүрген ойларын іркіп қалмады.
– Мен Әулиеата өңіріне, Жамбыл жеріне келін, жасы кішілерге жеңеше болғаныма елу жыл толып отыр. Осы аралықта елге, Жуалыға келіп-кетіп жүрдім. Ағайынның тойына, асқа келемін. Оны ешкім елеген емес. Есесіне батырдың келіні деп Қазақстанның барлық тарапынан шақырту түсіп, кездесулерге қатыстым. Шақырған жерден қалған кезім жоқ. Бір қызығы, жамбылдықтар тарапынан ешқандай шақырту түспепті. Енді, міне, сол олқылықтың орны толып, Зейнепті тұңғыш рет тұлға ретінде шақырды. Бұл менің жолым емес, Бақытжанның жолы еді. Амал нешік, тағдырдың жазуына кім қарсы тұра алған? Бақытжанның орнына өзім келіп отырмын. Осынау құрмет менің мықтылығым демеймін, атаның арқасы. Көшеде келе жатсам ел танып, амандасып жатады. Сол кезде: «Сіз Зейнеп Ахметовасыз ба?» десе, абдырап қаламын да, «Батырдың келіні емессіз бе?» десе, елпең ете түсемін.
Зейнепті халық тәрбиеледі. Мен мына саналы ғұмырымда ата беделіне титтей дақ түсіріп, нұқсан келтірмеуге тырысып келемін. Әйткенмен өзімді соншалықты биязымын дей алмаймын. Атадан жұққан мінез, әдет бар. Қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп жатады емес пе? Ата үстелді тарс еткізіп ұрып, көзіме тура қара дейтін. От ұшқындаған жанарға қалай тік қарайсың? «Біреуді мақтасаң да, жағымпазданба. Біреудің кемшілігін айтсаң, көзіне тіке қарап айтатын бол» дейтін ата. Ол кісінің өсиеті бізге мұра. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, біздің бастау-бұлағымыз – ата. Немере-шөберелеріне атаның әңгімелерін, өсиетін айтып, құлақтарына құйып отырамын.
Кішкентайымнан уызға жарыған жанмын. Олай дейтінім, анамның тәрбиесін алдым. Ана тәрбиесі – үлкен сабақ. Жалпы, мақтау, мадақтау дегеннен қорқамын. Етіңді үйретіп алсаң, соны тілеп тұрасың. Бізге атадан мадақ есту деген арман еді ғой. Мақтаусүйгіш адамның талтаңы көп болады. Қапелімде бір мадақ сөз естісем, Ленин орденін алғандай қуанатынмын. Жалпы, адам болған соң түгел жұртқа тегіс жағу мүмкін емес. Атаны әлі күнге толық түсіндім дей алмаймын. Қазақ үшін аңызға айналған тұлғаның қолына су құйғаным үшін бақыттымын, – деді Зейнеп Ахметова өткен күндерден сыр шертіп.
Кездесу кешін жүргізіп отырған Берік Уәли және залға жиналған жұртшылық жазбаша және ауызша сауалдар жолдап, маңызды басқосуды диалог алаңына айналдыра білді. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли әңгіме арасында кезінде ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, ата тағылымы туралы телеарналардың бірінен бағдарлама ашылса жүргізуге ниетті болған Зейнеп Ахметовадан сол ойында қалған-қалмағаны туралы сұрады.
– Ондай мүмкіндікті маған кім беріп қояды екен? Ата аманатын жас ұрпаққа насихаттау мақсатымен өтініш жасадым. Сонда: «Төлеңіз» деген жауап алдым. Арзан күлкімен елдің есін алған сатира театрлары мен беті жылтыраған әншілер қаптаған көгілдір экранда бізге орын жоқ екен, – деді Зейнеп әжей ренішін жасыра алмай.
Бұдан кейін Зейнеп Ахметова қазақ келіндерінің адами бейнесі, кісілік келбеті туралы ой қозғады.
– Адам үшін ең арзаны – ақыл айту. Мен көлгірсіп ақыл айтқанды қаламаймын, әңгіме айтамын. Келінін жамандайтын енелерге бір ғана жауабым бар. Келінге ене болу оңай, ана болу қиын. Енелер ана бола білуі қажет-ақ. Енесін жақтырмайтын келіндерге айтарым, сүйіп қосылған ер-азаматты сол енесі дүниеге әкелді, тәрбиеледі. Ендеше, артық әңгіме айтудың қажеті жоқ.
Әсерлі жүздесу кешінде залға жиналған жұртшылық Зейнеп әжейге түрлі сауалдар жолдап, ізгі тілектерін арнап жатты.
– Мен өзімді жазушы санамаймын. Жазушы деген – шыбықтан шынар, жапырақтан желек жасайтын адам. Ал мен болсам, шыбықты шыбық күйінде, жапырақты жапырақ күйінде жазамын, – деді батырдың келіні қаламгерлікке қатысты ойын ортаға салып.
Басқосу барысында Зейнеп Ахметова шалбар киген қазақ қыздары мен жасы егде тартқан келіншектерге қатысты ойын да ортаға салды. «Шалбарды қаралы қазаға киіп баратындарға таңғаламын. Бұл енді ұлттық трагедия ғой», – деп өз ойын сабақтады.
Келелі кездесуде Зейнеп Ахметова ұлттық құндылықтар, салт пен дәстүр, сананың озық болуы туралы да толымды ойларымен бөлісті. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын жеткізді. Шараны ұйымдастырып отырған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәлиге алғысын білдірді.
Келесі күні Зейнеп Ахметова ТарМПУ-де және ТИГУ-де өткен кездесулерге қатысып, тағылымға толы әңгімелер айтты. Оқытушылар мен студенттердің көкейінде жүрген көптеген сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар Жамбыл атындағы Руханият орталығында қонақта болып, ашық әңгіме өрбітті. Мұнда басқосуды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев жүргізіп отырды. Ұлттық құндылықтар туралы келелі әңгімелер қозғалған жүздесуде ақын Үміт Битенова және өзгелер ойларын ортаға салды. Батырдың келінінің үш күнге жоспарланған сапары бүгін Жуалы ауданында түйінделеді. Мұнда ол Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою шарасына қатысып, батыр атындағы музейді аралайды. Кейіннен Б.Момышұлы ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде жергілікті жұрт­шылықпен кездесіп, еркін форматта әңгіме-дүкен құратын болады.

Есет ДОСАЛЫ,
Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support