ЖУРНАЛИСТИКА: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

ЖУРНАЛИСТИКА: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН
ашық дереккөз
ЖУРНАЛИСТИКА: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Сала мамандары дәріс оқыды

Қазір ана тілімізге тимбилдинг, роуд-шоу, фейк тәрізді өзге тілдің сөздері көптеп кірігуде. Кең тарағандығы сонша сөз қолданысымызға «кірме терминдер» еркін еніп кетті. Ол – ол ма, қазақ тіліндегі баламасын біле тұра бөтен сөзді қолданып, сөз арасын былғап алдық. Рас, жаңаны білу керек, бірақ бұл тілді шұбарлау керек деген сөз емес.

Соңғы уақытта жиі қолданатын кірме сөздің бірі – фактчекинг. Мағынасы қандай? Қай салада жиі айтылады? Бұл туралы республикалық «Жас қазақ» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Срайыл Смайыл М.Х.Дулати атындағы университетінде өткен семинар-тренингте журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге түсіндіріп берді. Биыл Қазақстан жастарының конгресі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының қолдауымен «Jas Qalam» жастар журналистикасын дамыту жобасын жүзеге асыруды бастаған болатын. Енді отандық БАҚ өкілдері аймақтық форумдарда жас журналистерге арнап шеберлік сабақтары мен тренингтер ұйымдастырмақ. Алғашқы форум киелі Жамбыл өңірінде өтті. Бұл туралы «Jas Qalam» жастар журналистикасын дамыту жобасының жетекшісі Аида Сыздықова былай дейді: – Конгресс жастарға қатысты жыл сайын әртүрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Былтыр, мысалы, «Жас медиа» жобасы шеңберінде 4 күндік курстар өткіздік. Биыл Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының қолдауымен «Jas Qalam» жобасын қолға алдық. Ондағы мақсат – журналистік жолды енді бастап жатқан жастардың майталман мамандармен кездесуін ұйымдастырып, тәжірибе жинауға мүмкіндік туғызу, – дейді. Форумға, сондай-ақ «КТК» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Мәселе» бағдарламасының авторы Нартай Аралбайұлы мен осы бағдарламаның режиссері Жандос Қалтаев та қатысты. Ауқымды шараның мақсат-міндеттерін түсіндіріп өткен спикерлер 14 пен 29 жас аралығындағы журналистер мен жастарға дәріс оқып, шеберлік сыныптарын өткізді. Жоспарға сәйкес, екі аудиторияға бөлінген студенттердің бірінші тобы мерзімді басылымдарға қатысты «Баспасөз БАҚ. Мобильді журналистика» тақырыбында сабақ алса, екінші топ телевидениеге байланысты «Қазіргі заман телеарнасының» ерекшеліктерімен танысты. Келесі шеберлік сабағын да қос топ дәл осылайша екі бөлек өткізді. Бірінші аудиторияда Срайыл Смайыл «Виртуалды әлем журналистикасы: ақпараттық сауаттылық және фактчекинг», екіншісінде Нартай Аралбайұлы мен Жандос Қалтаев «Болашақ телевидениенің медиаөнімдері» бойынша тәжірибе жүргізді. Журналистика – мамандық иесінен жан-жақты, көп қырлы, байқампаз, сауатты болумен қатар, жеделдікті талап ететін күрделі сала. Кез келген адамның осы қиындықтарға төтеп бере алмай, орта жолда сүрініп жататыны да сондықтан. Себебі журналист еңбек жолында әртүрлі дәрежедегі, түрлі деңгейдегі адамдармен тілдеседі, сонда оның шама-шарқы кейіпкерінен аспаса, кем түспеуі тиіс. Қиын да қызықты салада жас маман ең алдымен не білуі керек, қалай жұмыс істегені жөн, нені ескергені абзал? Форумда студенттер осы және өзге де сауалдарға жауап тапты. Мәселен, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайылдың публицистика жанрлары, олардың тарихы, құрылымы, тақырыпты қою жайын жан-жақты ашып көрсеткен дәрісінен жиылған қауым бүгінде журналистік зерттеудің сиреп бара жатқанынан құлағдар болды. Ақсап жатқан бұл жанрға қалам тербеу үшін журналист алдымен дерек жинап, ақпарат ала білуі керек. Осы кезде, жоғарыда айтып өткеніміздей, тілші фактчекинге жолығады. Сонымен, бұл не? Фактіні тексеру немесе факт-чекинг ағылшынша fact checking – ғылыми, публицистикалық дүниелерге, яғни жазып отырған мәтінге қосар ақпараттың дұрыстығына, деректердің жалған еместігіне көз жеткізу. «Бір сөзбен айтсақ, фактіні тексеру», – дейді спикер. Ол жарияланымнан бұрын (ante hoc) да, кейін (post hoc) де жүргізіле береді. Украинаның танымал журналисі, FactCheck.com.ua жобасының бас редакторы Александр Гороховский «Фактчекинг – журналистика зерттеуінің тренді: мүмкіндігі мен болашағы» тәжірибелік оқу құралында аталған ұғымды былай келтіреді: «Фактчекинг қазіргі түрінде журналистік зерттеудің түрі болып келеді, себебі шын мәнінде ортақ құрылым элементтеріне ие. Дәлірек айтқанда, зерттелуі немесе тергелуі тиіс нысан; дәлелдер қоры; құзырлы дереккөз сілтемесі; сарапшылар пікірі; мағыналы тұжырым. Жалпы, журналистік зерттеу талабына сай келетін фактчекингтің бірқатар өзгеше концептуалды ерекшелігі бар ...басты ерекшелігі дәлелдер қорына бейресми және инсайдерлік ақпаратты пайдаланбайтынында. Зерттеу жүргізу барысында журналист тек ресми түрде тараған жергілікті немесе шетелдік дерек көздеріне және мемлекеттік органдардың, шетелдік институттардың сұратуға берген жауабына ғана жүгінеді». – Бүгінгі форумда журналистикаға қатысты керекті мәліметтерді білдім. Өзіме қажетті мағлұматтарды ала отырып, осы салаға деген қызығушылығым арта түсті, – дейді журналистика мамандығының 1-курс студенті Абылайхан Кеңесов. 500-ге жуық жасты оқытып, менторлық көмек көрсетуді көздеген «Jas Qalam» – журналистиканы дамытуда айтары бар, үйретері көп жоба. Спикерлер енді 16 қыркүйекте алматылық жас журналистермен жүздеседі. Форум 25 қыркүйек күні Семей қаласында, 5 қазанда Астанада өтеді.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар