«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Салада серпін бар

Салада серпін бар
ашық дереккөз
Салада серпін бар
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар журналистермен және Үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесті. Кездесу Amanat партиясы облыстық филиалының конференц-залында өтті. Басқосуға өңірлік БАҚ қызметкерлері, сондай-ақ жастармен жұмыс істейтін бейінді үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылды. Жомарт Дүйсенұлы шараны еркін форматта өткізуді ұсынды. Ең алдымен ол басқарманың қазіргі уақытта қол жеткізіп отырған табыстары туралы баяндады. – Қазіргі таңда біз өңірде жастар саясатын іске асыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келеміз. Ол үшін түрлі жобалар іске асырылуда. Мәселен, соңғы уақытта өз жұмысымызды өзектендіру аясында біз діни экстремизмге қарсы белсенділікті жандандырып, құқықтық сауаттылық деңгейін арттырып келеміз. Жастар арасында суицидтік көңіл-күйге қарсы іс-қимыл бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Жалпы, қоғамда жастардың мәдениеттілігі артып келе жатқанын аңғаруға болады. Бүгін біз театрға баруды, кітап оқуды, өзін-өзі тәрбиелеуді қалыпты әрекетке айналдыруымыз керек. Осы және басқа да міндеттерді басқарма мамандары мен жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері атқарады, – деп атап өтті. Жомарт Зұлпыхар өткен жылы іске асырылған ауқымды жобаларды атап өтіп, ұлттық дәстүрді қолдауға бағытталған көптеген шараларды қолдауды жалғастыру қажет екенін жеткізді. – Дәстүрлі құндылықтар мен ата-баба мұрасына деген сүйіспеншілікті ұлттық ойындар арқылы сіңіруге болады. Өткен жылы «Jambyl» телеарнасымен бірлесе отырып, біз «JASSAQ» телевизиялық этно-реалити-шоуын ұйымдастырдық. Жастарды қазақтың ұлттық спорт түрлеріне тарту арқылы дәстүрлерімізді қолдау тамаша идея болып көрінді. Осы жобаларға қатысу үшін біз 14 пен 35 жас аралығындағы балаларды шақырдық. Жоба ұлттық спорт түрлерімен танысуға көмектессе, жастар бос уақыттарын қалай тиімді пайдалануға болатынын түсінді. Осы жобамен біз жастарды ұйымшылдыққа шақырдық, достықты және салауатты өмір салтын насихаттадық. Біз жобаға журналистер, блогерлер, қоғам қайраткерлері, студенттер, мәдениет саласының қызметкерлері сынды түрлі мамандық өкілдерін шақырдық. Бір апта бойы Меркі ауданының тауларында қондық. Жоба төрт серияға бөлініп, бір ай ішінде облыстық «Jambyl» арнасынан көрсетілді. Жігіттер спортпен шұғылданды, ал қыздар қолөнер мен ұлттық тағамдар дайындауды үйренді. Енді біз республикалық деңгейге шыққымыз келеді. Жақында мен осы идеяны Алматыдағы әріптестеріме ұсындым. Олар қолдады. Енді еліміздің түкпір-түкпірінен жастар саясаты жөніндегі басқармалар өз командаларын дайындауы керек. Бұл біз үшін туризмді дамыту тұрғысынан да тиімді. Мысалы, біз өңірдің тарихи ескерткіштеріне шағын экскурсия өткізуді, өзге өңірден келген меймандар Жамбыл облысының сұлулығын тамашалай алуы үшін әртүрлі орындар мен ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді ол. Мұнымен қоса басқарма басшысы «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасының пилоттық жобасын іске асыруда мол тәжірибе жинағанын айта отырып, 2024 жылы да бағдарламаның сәтті жалғасуына қол жеткізгенін атап өтті. – Өткен жылы біз 144 жас жамбылдыққа баспаналы болуға көмектестік. Өкінішке қарай, жеңілдетілген ипотека сомасының жартысын берген «Отбасы Банкі» биыл осы мақсатқа үлкен сома бөлуден бас тартты. Яғни, 2024 жылға облыстық бюджеттен бір миллиард теңге және банк балансынан тағы 200 миллион теңге бөлінеді деген жоспар болды. Алайда, ұзақ келіссөздерден кейін табысқа жетіп, ынтымақтастықты тең үлеспен жалғастыруға келісім алдық. Яғни, 2024 жылға облыс бюджеті мен «Отбасы Банкі» өңірлік филиалынан жобаны жүзеге асыруға 2 миллиард теңге бөлінді. Жақында өтінімдерді қабылдау басталады. Мамандар бұл сомаға тағы 135 жасты тұрғын үймен қамтамасыз етуге болады деген болжам жасап отыр, – деп толықтырды басқарма басшысы. Сондай-ақ, ол биыл аталған жоба аясында жас теологтарға ерекше екпін берілетінін атап өтті. Бұл шаралар саланы ынталандыру аясында жүзеге асырылуда. Себебі, мұндай аясы тар мамандарға деген қажеттілік бірнеше жылдан бері сақталып келеді. Журналистер басқарма басшысынан «шаруалар, саудагерлер сияқты қарапайым жұмысшылар бағдарлама аясында пәтерлі бола ала ма?» деп сұрады. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы қазіргі уақытта жоба пилоттық сатыда екенін, яғни жақын арада қатысушылар тізімі міндетті түрде кеңейтілетінін атап өтті. Кездесу барысында үкіметтік емес ұйым мүшелері басқарма басшысына көкейде жүрген бірқатар сұрақтарын қойды. Бұдан бөлек, Жомарт Дүйсенұлы басқарманың алға қойған жоспарларымен бөлісті.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар