- Advertisement -

Партизан жазушының рухы алдындағы парыз

323

- Advertisement -

Қазақ ұлтының маңдайына біткен ұлы, Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің толарсақтан қан кешкен майдан даласындағы күндері, ерлікке толы істері күллі алаш баласының жадынан өшпек емес.
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Ұлан ауданында дүниеге келген Қасым Қайсеновті жеңгелері бала кезінде «Қара тентек» атаған екен. Оның бойындағы батырлық қасиеттер бүлдіршін кезінен аңғарылса керек. Ұлттың бағына туған батыр ұл 1941 жылы Мәскеудегі барлаушылар мектебінен тәлім алған соң, майдан даласына аттанып кете барды. Украина жерін жаудан азат ету шайқасына қатысқан кезде жергілікті халық оны «Вася» атап кеткен екен.
Партизан жазушы кейіннен «Жау тылындағы бала», «Ажал аузынан», «Партизан соқпақтары» сынды көптеген соғыс тақырыбындағы кітаптар жазған. Халық Қаһарманының 100 жылдық мерейтойына орай облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың мәжіліс залында әдеби-сазды кеш өткізілді. Басқарма басшысы Берік Уәли жүргізіп отырған мазмұнды шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, оның орынбасары Мереке Құлкенов, суретші, журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қасым Қайсеновтің көзі тірісінде хатшысы болған Еркін Нұразхан және өзге мәртебелі меймандар қатысты.
Әдеби сазды кеш Қасым Қайсеновтің өмірі туралы сыр шертетін бейнероликпен басталды. Экранға телмірген залға жиналған жұртшылық жазушы Ғаббас Қабышұлының естеліктерін зейін қойып тыңдады. Ол өз сөзінде Қасым Қайсенов туралы кітап жазу мақсатымен 1969 жылы Украина асқанын, батырдың майдандағы достары ыстық ықыласпен қарсы алып, зор қошемет көрсеткенін, әсерлі әңгімелер тыңдағанын баяндапты. Бұдан соң көпшілік көрермен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Дулати жастары» атты студенттерден құралған халықтық театрының театрландырылған қойылымын тамашалады. Қойылым партизан жазушының соғыс жылдарындағы қилы өмірінен сыр шертеді.
Шара барысында алғаш сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қасым Қайсеновтің қасында жүрген кездері туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Өз сөзінде Ұлықбек Есдәулет партизан жазушының шығармашылығы, кісілік келбеті, Шығыс Қазақстанға және өзге аймақтарға барған сапарларындағы қызықты сәттерді тереңнен толғана әңгімеледі. Өзін «Золотой» атап кеткен ардақты ағасының Шығыстың ғана емес, қазақтың біртуар ұлы, батыры болғанын мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар ол тарихи тұлғаның әдеби ортадағы інілерімен сыйластығын, юморға толы әңгімелерін айтып беріп, жұртшылықтың езуіне күлкі үйірді.
Бұдан соң жас ақын Шапағат Әбдір Қасым Қайсеновтің рухына арналған «Асыл ер» атты толғауын орындап берді. Кейіннен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов сөз алып, даңқты батырдың кісілік келбеті, азаматтық бейнесі жайында тебірене сөйледі. «Қасым Қайсенов кісілігіне кішілігі жарасқан нағыз қазақтың азаматы еді. Ол кісі ұдайы Бауыржан Момышұлын алға шығарып: «Қазақтың нағыз батырлары – Бауыржан, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев» деп айтып отыратын. Баукеңді ешқашан аузынан тастаған емес. Қасым Қайсенов алаштың бағына туған арда азамат еді. Күллі қазақ даласына ортақ тұлға болған соң оның мерейтойын өзі жоқ болса да, халқы тойлауды тоқтатпақ емес. Біраз бұрын Атырау жерінде, өзге де өңірлерде әдеби кештер өткізілді. Өткізіле де бермек. Қасым Қайсенов – батырлықтың, қарапайымдылықтың, кісіліктің эталоны, жастарға үлгі болатын нағыз тұлға деген өлшемге сыятын ғажап жан еді», – деді ол өз сөзінде.
Кейіннен Қасым Қайсеновтің бірнеше жыл хатшысы қызметін атқарған суретші Еркін Нұразхан абзал ағасының қасында жүрген жылдары туралы жылы естеліктерден сыр шертті. Жазушы-драматург Елен Әлімжан да даңқты батыр туралы толғана әңгімелеп, Қасым Қайсеновтің біздің облыстағы Байзақ, Жуалы аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары қызметін атқарғанын тіліне тиек етті.
Басқосу барысында жас ақындар Нұрболат Жолдасбек, Елдар Боранбек, студенттер Ерлан Нұрланов, Ақнұр Сұлтанбекова, Көксубай Жұматай өздерінің арнау өлеңдерін және Мұзафар Әлімбаев, Хамит Ерғалиев сынды қазақтың көрнекті ақындарының Қасым Қайсенов туралы жазған жырларын оқып берді. Шара соңында қорытынды сөз сөйлеген М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков арнайы атбасын бұрған мәртебелі меймандарға алғысын жеткізіп, Ұлықбек Есдәулетті М.Х.Дулати атындағы төсбелгімен марапаттап, сый-сияпат жасады.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support