Жібек жолы бойындағы қаламгерлер жүздесуі

Жібек жолы бойындағы қаламгерлер жүздесуі
ашық дереккөз
Жібек жолы бойындағы қаламгерлер жүздесуі

Тараз қаласында Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі отырысы өтті

Тарихтың темірқазығына айналған Тараз шаһары мен Жамбыл облысы ешқашан таланттарға кенде болған емес. Шығыстың жеті шайыры тамсана жырлаған өңір – руханият ордасы. Бауыржан мен Шерхандай алыптарды дүниеге әкелген Әулиеата аймағында әдеби үдеріс қай кезде де дамылсыз қозғалыс үстінде болғаны аян.

Талай текті тұлғалардың табанының ізі сайрап жатқан өлкеде Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы көшпелі отырысы тектен-тек өтпесе керек. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен қолға алынған шарада жамбылдық қаламгерлер көкейде тұнған ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізіп, бір сәт шер тарқатып та алды. Сондай-ақ басқосуға зиялы қауым өкілдерімен бірге облыс ардагерлері, жергілікті БАҚ басшылары қатысты. Басқосуды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли ашып, шараға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, одақ төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, суретші Еркін Нұразхан және облыстың зиялы қауым өкілдері қатысып отырғанын жеткізді. Бұдан соң Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман сөз алып, есепті мерзімде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ алдағы уақытта жүзеге асатын шаруалар жайында да жиналғандарды құлағдар етті. – Филиал жұмысын жандандыру үшін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудеміз. Алдағы уақытта басқарманың қаржыландыруы есебінен жамбылдық бес жас ақынның жеке жыр жинағын шығару көзделуде. Сонымен қатар дүниеден ерте өткен Серік Томанов, Бауыржан Үсенов, Артығали Ыбыраев, Өрнек Құлекеев, Салтанат Абашова сынды ақындарымыздың шығармаларын насихаттау мақсатында аудан басшыларымен жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта аудан орталықтарында аты аталған азаматтардың шығармашылық еске алу кештерін өткізуді қолға алмақшымыз. Сонымен қатар болашақта жергілікті атқарушы билік қолдау көрсетсе, Жамбылда поэзия фестивалін өткізсек деген де ойымыз бар, – деген филиал директоры өзге де жоспарларымен бөлісті. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз сөйлеп, одақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоба-жоспарларымен бөлісті. – Қасиетті қара шаңырақ Жазушылар одағына төраға болып сайланған сәтте алдымен Наурыз мерекесін жоғары деңгейде тойлауды қолға алдық. Қарап отырсақ, 1996 жылдан бері одақ қабырғасында ұлық мерекеміз тойланбапты. Сондықтан осы бір мұсылман жұртына ортақ мерекені қалтарыс қалдырмауды жөн деп шештік. Мен келген кезде одақтың сыртқы қарызы 57 миллион теңгені құрапты. Оны жасырып қайтемін? Осындай олқылық салдарынан қызметкерлер бірнеше айлап жалақы алмапты. Жалақы талап етіп, редакция қызметкерлері маған келді. Мен: «Алты айдан бері қайда қарап жүрдіңдер? Неге бұрын осылай талап етпедіңдер?» – деп өз ойымды білдіріп, айлық жалақыларын алып беруге күш салдым. Қазіргі кезде сыртқы қарызды жою мәселелерін жолға қойып жатырмын. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа ұлт руханиятын жаңғырту жолындағы мәселелерді кездесу барысында айттым. Ол кісі бірден түсінді. Көптеген жобаларымызды тиісті министрліктерге жеткіздік. Қолдау көрсетіліп жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстан Жазушылар одағы мемлекеттік мекеме болмағандықтан, билік бізге жобамызды жүзеге асыруға қаржы бөле алмайды. Нәтижесінде біз ұсынған көптеген әдеби жобалар кітапхана, тағы өзге мекемелердің жобасы ретінде көрініс табуда. Оған да шүкір дестік. Қолға алған үш жобамыздың бірі өзімізге тиесілі болса да жаман емес. Елорданың жиырма жылдығы аясында халықаралық әдеби форум өтті. Оған Австралия, Франция секілді мемлекеттердің ақындары арнайы келіп қатысты. Келесі жылы Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толады. Мерейлі мереке қарсаңында Азия қаламгерлерінің форумын өткізсек деп жоспарлап отырған жайымыз бар. Бұл әдеби үдерістің алға жылжуына, қазақ қаламгерлерінің өзге елдердің ақын-жазушыларымен пікір бөлісіп, тәжірибе алмасуына сеп болатыны айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар «Әдеби өлкетану» жобасын да қолға алмақшымыз. Бір облыстың қаламгерлері басқа өңірге барып, сол жердің рухани құндылықтарын көріп, шабыттанса, несі айып? Алдағы уақытта «Құрметті төраға» туралы мәселені де қарастырып көру керек секілді. Мысалы, мен одақ төрағасы қызметінен кеткеннен кейін неліктен «Құрметті төраға» атанып, жаңадан келген кадрлардың жұмысына араласуым керек? Мұндай қадамды мақұл көрмеймін, – деген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізіп, әдебиеттің жанашыры болып жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметовке, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына ризашылығын білдірді. Республикалық аумақта жастар кеңесі құрылғанын айтқан ол әдебиеттің дамуына зор үлес қосатын кеңеске еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі төрағалық етіп отырғанына, министрге Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезектің ұсыныстарды дер кезінде жеткізіп, тығыз қарым-қатынаста жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Кейіннен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, жергілікті ақын-жазушыларға табыс тіледі. Баукең мен Шерағаңның ізін жалғаған әр буын өкілдерінің шығармашылығымен таныс екендігін тіліне тиек етті. Жиын барысында меркілік ақын Шырын Мамасерікова, тараздық Ғайни Әлімбекова сөз сөйлеп, көшпелі отырысты тотыдай таранған Тараз төрінен бастап отырғандары үшін мәртебелі меймандарға алғысын айтты. Облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы Тараз төріне табан тіреген одақ төрағасына бірнеше ұсынысын жеткізді. Ол өз сөзінде одақ ғимаратының жоғары қабатынан табылған, бұрын ешкім білмеген қосымша 200 шаршы метр аумақтан қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің музейін ашуды, «Жазушы» баспасы секілді «Қазақстан Жазушылар одағы» баспасын құруды өтінді. Таластық ақын Үміт Битенова плагиатпен айналысып жүрген жастармен күресу жолдары туралы сауалын жолдады. Құландық ақын Қуандық Шолақ таңдамалы шығармаларының бірінші томы кәсіпкерлер көмегімен жарық көргенін айтып, қалған екі томын Жазушылар одағы арқылы шығаруға ықпал етуін сұранды. Жазушы Несіпбек Дәутай Жамбыл жерінде талантты жас ақындардың өсіп келе жатқанын, оларға қолдаудың толастамауы керектігін сөз етті. Сонымен қатар жиын барысында Жамбыл жерінде жас ақын-жазушылардың кеңесі құрылатыны да сөз болды. Айтылған ұсыныстар мен қойылған сауалдарға жауап берген Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Жазушылар одағы жанынан «Әдебиет» баспасы құрылып, қаламгерлердің жинақтарын шығаруға мүмкіндік туатынын айтып, ал плагиатпен айналысқан жастарды заң арқылы тоқтатуға шақырды. Мазмұнды әңгіме, ұтымды ұсыныс, ұтқыр ойлар айтылған жиынды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли қорытындылап, көшпелі отырысты Тараз шаһарынан бастауға келісім берген Ұлықбек Есдәулет, Мереке Құлкенов сынды азаматтарға алғысын жеткізді.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ұқсас жаңалықтар