- Advertisement -

Жамбыл өңірінде Жержаңғақ та өсетін болады

184

- Advertisement -

Жержаңғақ – пайдалы дәруменге толы дәнді дақыл түрі. Ол медицина саласында да көптеген ауруларды емдеу үшін пайдаланылады. Жергілікті жұрт өсіруге онша құлық таныта қоймайтын осы бір өнімнің өңірімізге көршілес өзбек елінен жеткізілетінін біреу білсе, біреуі білмес. Жалпы жержаңғақты егетін шаруашылықтар тек біздің облыста ғана емес, еліміз бойынша да некен-саяқ.

Десек те ауданымыздағы «Анар-1» өндірістік кооперативі тәуекелге бел буып, өткен жылдан бері осынау дақыл түрін өсірумен айналысуда. Қорағаты ауылдық округінде орналасқан агроқұрылым оны былтыр 25 гектар алқапқа еккен болса, биыл оның егіс көлемін екі есеге арттырыпты. Кооператив жетекшісі Ербол Ерғазиев – жаңашылдыққа жаны құмар азамат. Әйтпесе, талай сүзгіден өтіп, тәжірибеде сыналған төл дақылдарымыз тұрғанда шеттен таңсық өнім түрін әкеліп, танапқа салуға тәуекел етіп несі бар?! Құрылғанына он жылдан аса уақыт болған құрылым басшысының айтуынша, ауданымыз жержаңғақ егіп, өсіруге қолайлы-ақ өңір.
– Әуелгіде ауылымызға өзбек ағайындар жиі келіп тұрды. Олар әр келген сайын өздерімен бірге жержаңғақ дәнін әкелетін. Оны жеке бақшалығымызға егіп көрдік. Өнімі мол екеніне көз жеткізіп, егістік алқабы көлемін ұлғайтуға тәуекел еттік. Бұл істің нәтижесі жаман емес. Әр өңірдің ауа райы ерекшеліктеріне сәйкес жержаңғақ тұқымы да әртүрлі келеді. Ал біздің еккеніміз – өзбектердікі. Ол 120 күнде пісіп-жетіледі. Бұдан бөлек, тәжірибе ретінде осынау дақылдың аргентиналық және краснодарлық тұқымдарын да егудеміз. Негізінен, олар күннің көзі көбірек түсуін қалайды. Тәжірибеміздің әлі де аздығынан болар, өткен жылы аз өнім жинадық. Алайда оған деген сұраныстың айрықша молдығы оны көптеп өсіруге қызығушылығымызды арттыра түсті. Сол себепті, бастаған істі тастамай, одан әрі қарай жалғастыруды жөн көрудеміз. Өткен жылғы өнімнің көбісін биыл тұқым ретінде пайдаландық. Жеткілікті көлемде несие алуымыз, жақсы демеушінің табылуы өзімізге қажетті трактор, дән сепкіш, қатараралық кескіш, жаңбырлатып суаруға арналған құрылғы, культиватор және жиын комбайны сынды ауыл шаруашылығы техникаларының барлығын сатып алуымызға мүмкіндік туғызды. Ал қазіргі уақытта жержаңғақтың қалыпты өсіп-өнуін қатаң бақылауда ұстап, барлық қажетті агротехникалық шараларды жүзеге асырып келеміз. Осы жылы әр гектардан шамамен 25-30 центнерден өнім аламыз деп жоспарлаудамыз, – дейді Ербол Ерғазиев.
Қазіргі уақытта егістік алқапта жержаңғақ жапырақ жайып, жайқалып өсіп тұр. Тыстан әкелінген таңсықтау дақылдың біздің жерді жатсынбай, тез жерсінгені қуантады, әрине. Ал жиналған өнімді өткеру жағы ше? Бұл жағынан да өндірістік кооператив жетекшісі өнімнің жерде қалмайтынына нық сенімде. Өйткені қазірдің өзінде ала шапанды ағайындар екі тонна жержаңғаққа тапсырыс беріп қойыпты. Өзағамыздың өз бидайын өзіне қуырып беру дейміз бе мұны? Қалай десек те өңірімізге жержаңғақты жерсіндіру ісінің берекесі мол болатын түрі бар. Мұны Қ.Азамқұлов, Ж.Күзенбаев, О.Ерғазиев секілді жергілікті дихандар еңбегінің жемісі деу ләзім. Әрі олардың бұл ісі өзгелер үшін де үлгі тұтарлықтай.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген
Петр Норкин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support