- Advertisement -

«Осы еді ғой күткенім баяғыдан…»

575

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 тамыздағы №485 Қаулысымен облыстық филармонияға Халық ақыны, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың, Тараз қалалық мәдениет үйіне дәулескер күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының, Тараз қаласындағы №10 орта мектепке Кеңес Одағының Батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімдері берілді. Бұл, әрине, өңіріміз үшін үлкен тарихи оқиға. Облыс тұрғындарының ортақ қуанышы. Жоғарыда аты аталған тұлғаларымыздың еңбегін лайықты бағалау, ардақтау. Дер кезінде жүзеге асқан әділ шешім.

Осыдан біраз жыл бұрын Тараз қалалық Мәдениет үйінің алдына әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлының ескерткіші қойылғанда ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысып, бабаның рухына құрмет көрсетіп еді. Енді, міне, ғасырларға мұрасы жалғасқан қобызшыға тағы да құрмет көрсетіліп отыр.
Өміршең шығармалары барша қазаққа рухани азық болған Кененнің – әндері баға жетпес асыл мұра. Қазақтың қасиетті домбырасымен сырлас болып, қоңыр даусымен тоқсан жыл ән салған Кенекеңнің құндылықтары мәңгілік.
Тараз қаласында Кенен Әзірбаевқа арналып ескерткіш жасалып жатыр. Онда ерекше дарын иесінің түр-тұлғасы келісті бедерленген. Ұзын бойлы, қыр мұрынды, кеудесі тік. Қолында домбырасы бар. Домбырасымен қалың ел алдында өнер көрсетуге ынтасымен ұмтылған сәті бейнеленген.Үстіндегі қыжым шапаны, басында бөркі де жараса кеткен. Беліндегі белдігі мен аяғындағы саптама етігі тұлғаның табиғатына жарасып тұрғандай. Мүсіннің авторы – суретші-мүсінші Сейіткерім Момыш. Міне, осы еңселі ескерткіш Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның алдына қойылса, нұр үстіне нұр.
Біз осы тарихи шешімге байланысты бірқатар елге белгілі азаматтардың пікірін білген едік.

Асылхан Шүңіреков,
К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Филармонияға Кенен Әзірбаев атамыздың есімі берілгеніне қатты қуанып, өнер иелері бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Бұл – тарихи оқиға. Мәселе осыдан 3-4 жыл бұрын мен Алматыда тұрып жатқан кезімде көтерілген. Меркілік ақын Шырын Мамасерікова облыстық радиоға берген сұхбатында да осы тақырыпты қозғап, көпшілік назарына ұсынған болатын. Артынша аталған радионың журналистері менен де пікір алғанда, Шырын әпкеміздің ұсынысын қолдап, Кенекеңнің есімі бұл мекемеге берілуге әбден лайық екенінен құлағдар еткенмін.
Енді, міне, сол тілегіміз орындалып жатыр. Кененнің әндерін толғанып тыңдамайтын, Кенекеңді жақсы көрмейтін қазақ жоқ. Сондықтан бұл ұйғарымға барша қазақ даласы қуанып жатыр деп ойлаймын. Бұл – тарихтан ойып тұрып орын алған тұлғаларымызды өз деңгейінде бағалау. Жергілікті тұрғындардың, өнерпаздардың тілегіне құлақ асқан Елбасына, Үкімет басшысына филармония ұжымы атынан алғыс білдіргім келеді. Қуаныш ұзағынан болғай!

Пернебай Дүйсенбин,
жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Ықылас Дүкенұлының есімі Тараз қалалық Мәдениет үйіне берілуі – өте орынды шешім. Өздеріңіз білетіндей, Қорқыт бабамыздан кейінгі қобыз үнін тірілтуші тұлға – Ықылас. Оның күйлері халық жүрегінен кеңінен орын алған. Қалалық Мәдениет үйінің алдынан әйгілі қобызшының ескерткіші ашылған салтанатты жиынға Елбасы өзі қатысып, баба рухына тағзым еткен болатын. Сол жиынның куәсі болған едім. Мемлекет басшысының бұл ілтипатын руханиятқа, өнерге жасалған құрмет деп бағалаған едік. Ықыластың ескерткіші өте сәтті шыққан.
Енді сол Мәдениет үйі Ықылас қобызшының атымен аталып, барлығы жақсы үйлесім тауып отыр. Құтты болсын!

Сәрсен Ысқақова,
Тараз қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектептің директоры:
– Біздің мектепте спорт саласында жетістікке жеткен шәкірттеріміз аз емес. Білім ошағында 1750 оқушы білім алса, оларға 125 мұғалім сабақ береді. Мұнда соңғы жылдары күрделі жөндеу жүргізілген. Білім сапасы жақсы. Соңғы үш жылда алты «Алтын белгіге» үміткер сенім үдесінен шықты. Мектебімізге Кеңес Одағының Батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілгенін мектеп ұжымы мен шәкірттері зор қуанышпен, мақтанышпен қабылдадық. Сағадат Нұрмағамбетов – Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры. Енді біздің мектеп оқушылары да осындай ел ардақтаған тұлғаның есіміне кір келтірмей, жақсы оқып, тәртіпті болып қалыптасады деп ойлаймын. Мектебімізге батыр атамыздың есімі берілуі – оқушыларды қанаттандырып, олардың отаншыл, патриот болып қалыптасуына ықпал етеді. Қуаныш құтты болсын! Біз бұл шешімді көпшіліктің тілегінің орындалғаны және мектеп ұжымының жауапкершілігі жоғарылағаны деп сезініп отырмыз.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support