- Advertisement -

Көпешов салған әндер көпшіліктің жүрегінде

598

- Advertisement -

«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар», – деп хәкім Абай текке айтпаған. Алайда көптеген музыкалық шығармалар көңілдің күйін шерте бермейді. Әнін көпшілік сүйіп тыңдайтын әнші бақытты. Көмейіне бұлбұл ұя салған дүлдүлдердің қатарында байзақтық Мәрлен Көпешов те бар.

Мәрлен әуелетіп ән салғанда «Пах, шіркін-ай!», «Дәурен-ай!», «Шіркіннің әнді сезініп орындауын-ай!» деп тамсанатындар аз емес. Себебі Мәкең қазақтың жүрегіне жақын халық әндерін және дәстүрлі әндерді шеберліктің шыңына жеткізіп шырқайды. Балуан Шолақтың, Ақтамберді мен Қазтуғанның ұзақ толғау-термелері оның орындауында түрленіп, жайнап кетеді. Мәрлен Ақселеу Сейдімбектің «Дәурен-айын» салғанда тұла бойың шымырлап, жүрек толқи жөнелетіні бар. Қазақ әнінің осыншалық мөлдірлігіне, мелодиясына тебіреніп, мерейленіп, талай рет жанымыз жадырап сала берген. Тыңдарманын бұлай толғандыра білу – Мәрленге ғана тән.

Алтынбекке жолығып,
арманына жетті

Мәрлен дәстүрлі әнші болуға бекініп, мақсатына жету жолын ойлап жүргенде «Сабақты ине сәтімен» дегендей, бір концертте Алтынбек Оразбеков ағасын кездестіреді. Еліміздің мәдениет қайраткері, белгілі дәстүрлі әнші Алтекең тұлпарды тай кезінен танып, Мәрленді бауырына басып, ағалық көмегін аямайды. Жас әншінің Талас аудандық Мәдениет үйіне жарықтандырушы болып жұмысқа кіруіне ықпал етеді. Бұл 1992 жылдың күрең күзі болатын. Келесі жылы Көпешов Алматыға жол тартып, консерваторияға «дәстүрлі ән» мамандығы бойынша оқуға түсіп, студент атанады. Бекболат Тілеуханның сыныбынан Арқа мектебінің мақамын үйреніп, халық әндерін классикалық мәнерде орындауға машықтанады. Жас әнші консерватория оқытушылары, Арқа мектебінің өкілі Қайрат Байбосынов, Жетісу мектебінің өкілі Ержан Қосбармақовтан тәлім алып, шеберлігін шыңдай түсті.
Консерваторияны бітірген Мәрленді облыстық филармония аттай қалап жұмысқа шақырды. Бұл 1999 жылдың жаз мезгілі еді. Арада үш ай уақыт өткенде әнші өзінің өтінішімен Талас аудандық Мәдениет үйіне қызметке ауысты. Ол кезде аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нарша Қашағанұлы болатын. Аяулы ақынның бір ауыз сөзін жерге тастағысы келмеген шығар. Мәрлен Қаратауда да жаман болған жоқ. Ортаға сыйлы, ауданның ерке әншісі атанды. Нарша ақынның әсері болды ма екен, осы жылдары Мәрлен өлең жаза бастады. Ол мәтінге әуенді де өзі жазып, шығармашылыққа ден қойды. «Талайға атым мәлім тарлан едім, арманмен алыстарға барған едім» немесе «Қазағым» деген өлеңіндегі «Қонағына жомарт боп дәм ұсынған, сөз ұғатын кісіге ән ұсынған» деген жолдардан кейіпкеріміздің өлең жазуда да қара жаяу емес екенін байқаймыз.

Спорттан – әншілікке, әншіліктен – емшілікке

Енді сәл кері шегініс жасасақ. Мәрлен Сарысу ауданындағы Саудакент ауылында 8-сынып оқып жүргенде бокс, Ақкөлге ауысқанда күрес үйірмесіне қатысыпты. Бұл екеуінен де онша нәтиже шығармаған. Содан шығыс жекпе-жегіне ден қойып, тұрақты шұғылданады. 1994 жылы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанып, спорт шебері атағына қол жеткізеді.
Арада бірнеше жылдар өткенде Мәрлен шығыс жекпе-жегін меңгеру арқылы, емшілікке де мойын бұра бастады. Спортпен айналысып жүріп, әр адамның денесінде 950 нүкте бар екенін біліп, оның 350-і қауіпті нүктелер екеніне көз жеткізді. Сол нүктелердің құпиясын тану арқылы студенттерді емдеуге ден қойды. Жарыста жараланған сәттерінде өзін-өзі емдей беретін. Міне, біздің кейіпкеріміз Мәрлен осындай жан-жақты азамат болып қалыптасты. Кейіннен Қаратау қаласында жүрген жылдарында да науқастарды емдеп, дертіне шипа іздегендердің алғысына бөленді. Түрлі шөптен әзірленген дәрілермен емдеудің тәсілдерін меңгерді. Басқа ешкімнен шипа таппағандар Мәрленнің алдына келіп жазылып, құлан-таза айығып кетіп жатты. Бұл – кейіпкеріміздің ерекшелігі. Әрине, осы жылдарда да ол әншіліктен алшақтаған жоқ. Аудандық Мәдениет үйінде еңбек ете жүріп, емшілікті «хоббиі» ретінде дамытты.

Мәрлен салған
әндер-ай!

Мәрлен бұл күнде Байзақ аудандық Мәдениет үйінде еңбек етеді. Дәстүрлі әнші. Халық әндерін, дәстүрлі әндерді жүректерге жеткізіп шырқайды. Әншінің шеберлігі толысқан шағы. Байзақтағы, Тараздағы барлық мәдени іс-шаралардың бел ортасында Мәрлен жүреді. Оның бұл еңбегі әр жылдары түрлі деңгейде бағаланып та жүр. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттымен, Талас, Байзақ аудандары әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
– Осында жүріп үлкен сахналарға шыға алмадым. Алайда Бекболат Тілеухан ағадан сабақ алған жылдарым есімнен кетпейді. Оның ұстазы Жәнібек Кәрменов Ақтанбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп…» терме-толғауына ыңғайлап «Ыңғайкөк» деген күй шығарған. Ал Бекболат Тілеухан Қазтуған жыраудың топтама жырларына, оның ішінде «Қайран да менің Еділім!» толғауына толғанып отырып, «Көкіл» деген күй жазыпты. Біз сол күйлерді, толғауларды қазақтың домбырасымен орындап, бүгінгі тыңдарманға, жас ұрпаққа жеткізіп жүрміз. Алдағы уақытта қолдау көрсетушілер табылып жатса, жеке концертімді өткізсем деймін. Мәдениет саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатырмын. Халыққа есеп беретін мезгіл жетті, – дейді дәстүрлі әнші Мәрлен Көпешов.
Әрине, Мәрленнің жеке шығармашылық кеші өтіп жатса, тыңдарманның аз жиналмайтыны анық. Себебі Көпешов салған әндер көпшіліктің жүрегінде жүр ғой!

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support